Ностальгия
блог
Алматының жаңбырлы күндерінің бірінде бір адам кездесуге шақырған. Құлазыған жанымды бір сәт сергітейін деп, келісімімді бердім.
Сабақтан соң бейтаныс адаммен кездесуге бармақшымын. "ОЛ"-ыммен сөйлеспегеніме 20 күн өтті. /Бұрын соңды түсініспей қалсақ та, мұнша уақыт айырылыспаппыз/ Сабақтан соң жалғыз өзім бұрын бірге тамақтанған жерге баруды әдетке айналдырып алыппын, оны көріп қалам ба деген оймен...Бірге жүрген саябақты, жолдарды аралап, әр нәрсені бір еске түсіріп, жанарым елеңдей қарап, тағы тосумен өткізіп жүрмін осы жиырма жылға созылған, тәуелсіздіктің құрдасындай жиырма күнді. Кездесуді де осы саябақта болсын деп ем, сондағы ойым - тағы да оны жолықтыру еді, бірақ бейтаныс адам одан да әдемі жерлерге апаруға уәде берді. Батыл ер жігіттің айтқаны қыз бала үшін заң ғой, әрине, сол батылдық бойынан табылып жатса.
Кездестік. Жаңбыр астында әсем Алматының көшелерін жаяу аралап біз келеміз, жаңбыр суын армансыз кешіп, бала күнді еске түсіре. Саябақ ішіндегі әткеншекке де отырдым. Аз уақытқа болса да, бала күнді есіме түсірді. Шіркін, балалықтың не екенін ұмытып та қалғандаймын. /Анамның кеткеніне 10 жыл болды, мен де бала болып ойнамаған екем осы 10 жылда.../ Тағы жүріп келеміз. Денем басқаның жанын да болса да, ойым мен жүрегімді оның тұтқынынан босата алмадым. Кездесуге шақырған жанға ол жайлы сыр шертіп, басқа әлемге еніп кеткенімді де байқамай, құдды көк әлемінде қалықтап жүргендей болдым. Сол көктен жетелей жерге түсірді "Арайка, Арай" деген ащы дауыс. Артыма жалт бұрыла, дауыс иесінің кім екенін біле алмай жақындай бердім. Жездем екен деп, қысылып та келе жатырмын. Жауған жаңбыр мен ымырт бозғыл кеш бейнені әлі келгенше аянбай жасырып бағуда. Жақындай келе күткен адамым, яғни жездем емес екенін білдім. Бұлт артынан күн шыға, көңілсіздіктің шатырын бұза қаһарманым қарсы алды. Бойымды беймәлім сезім билеп, шырмауықша қаулай аяғымнан басыма дейін шырмай берді. Бұрынғыша құшпадым салалы саусақтарыммен мойнын аймалай, жай ғана бетімнен сүйе салды сценарий бойынша. Арамыздан салқындық лебі сезіледі. Мен табиғаттың суығына емес, сүйген жанның маған бөле алмаған жылуына зәру боп жаурадым. Халімді сұрады, бойымда батыстың батылдығы бар-ау, сірә, еңсемді тік көтере "бәрі керемет!",-деп жауап қаттым, төмен салған көздерімді бет-жүзіне қадап. Ол өзінің бітпейтін жұмыстары туралы айта бастады. Ол меннен өзінің екінші нөмерінің бар-жоғын сұрады.Тағы да бұрыннан жыйнала берген өкпе-назды жыйып алып, екі нөмерінің екеуі де жоқтығын айттым. Ол меннен мұндай жауап күтпеген еді. Елемеген сыңай танытып, әрі қарай жалғастырды сөзін тергеумен. Қайда баратынымды сұрады, отты көздерін қадай жанымдағы серігіме. Өзіне хабарласып тұруымды бұйырды. Мен тағы да намысқа тырысып, қолымнан келмейтінін айттым. Ол тағы да үнсіз...Ол бұрын соңды мұндай жауап естіп көрмеген де болар сансыз қаптаған бұрымдылардан. Себебі ол - жұлдыз, ал мен - он сегіз жасар студент. Екі-үш минуттық үнсіздіктен соң, "жақсы" деген қатқыл үн естілді де, жалт бұрыла кете берді. Қолынан ұстап, "соғам" деген әлсіз үн еріксіз айтыла кетті артынша. Мен де адымдай басып, жаңбырмен қоса аққан көз жасыма ерік бере, күтіп қалған бейтаныс жанға қарай беттедім, аяғым барғысы келмесе де...
Ол түсінсе ғой басқаның жанын да жүрсем де, бар әңгімем өзі жайлы екенін, түсінсе ғой қос жанарым өзгені көргенімен, жүрек көзім өзін тосумен, өзін іздеумен өтетінін. Құшқым келді сол сәт жібере салмай, сүйгім келді өкпеге толы көздерін, қысқым келді мені құшқысы келмеген қолдарын, бірақ көкірегімді саялаған намыс шіркін жібермеді....