Н.Жұмабай: Қайрат Нұртастың "Өкінішінен" кейінгі өкініш тарқар емес
блог
Дәлелсіз сөйлеп отыр демеңіз. Әншінің жүріс-тұрысы, ән айтып, ішкен-жегеніне дейін сөз болатын бұл фильмнен не бір шебер шешім тапқан сюжетті, не бір жүрек қылын шертер лириканы, ең болмағанда, тапжылтпай назарымызды аудартар драманы таппай тықыршыдық та қалдық. Оқиға желісіне қатысты-қатыссыз ананы да, мынаны да сөз еткен туынды олақ келіншектің қолынан шыққан құрақ көрпенің алабажақ өңіндей әсер бергені де рас. Дегенмен, мақсаты айқын – қандай жолмен қай жағынан келсе де, әншінің атын шығару. Бір жарым сағатқа созылған фильмнің ширек бөлігі ғана кино тақырыбын ашуға арналыпты да, қалған уақыт түгелімен Қайраттың күн тәртібін тізбелумен толтырылған. Әншінің өнеріне бас ұрып, ессіз табынған көрермен, «мені өзіңе жар ет» деп үйіне дейін барған бойжеткеннің бейәдеп әрекеті, қай жерде: мейрамхана бола ма, көше бола ма, қала бола ма, дала бола ма – сүйікті өнерпазын танып, көзін жұмып, аузын аша таңдана, тамсана қараған халық. Тіпті жол апатына ұшырап, өлім мен өмір арасында күресіп жатқан әншіге дәрігерлердің өзі «Қайрат!, Қайрат!» – деп жанұшыра араша болуынан да осыны аңғарды аса мәртебелі көрермен. Әнін тыңдап жарым жанына жұбаныш табатын мүмкіндігі шектеулі бала үшін арнайы Ақтауға ұшып барып, ән айтып қарлығаштың қанатынмен су сепкендей жәрдемші болған періште Қайратты да көрдік экраннан. Әрине, мұндай жағдай әнші өмірінде орын алған-ақ шығар, бірақ басқаның бақытсыздығы арқылы өз абыройын асқақтатуды көздеген аярлық тәсілдер – өздері атау берген көркем фильмнің табиғатына қаншалықты сай? «Телефоны өшік», «Мейірімсіз махаббат, мен Ренатты сүйемін!» – деп кете беретін қазақ тілінің табиғатына жат «біртүрлілеу» сөз қолданыстың өзі фильм деңгейі жөнінде ой қорытуға жеткілікті деген ойдамыз. Яғни «атың шықпаса, жер өртенің» кері. Бірақ бұл жігіт жер өртеп әуре болмапты. Атын таза рухани-мәдени жол – әншілігінен бөлек, кино түсіру мен журнал шығарып-ақ тарих бетінде қалдырғысы келіпті. Нәтижесі – баяндап өткеніміздей. Соған қарамастан аталған фильм алғашқы «уик-ендте» 34, 8 миллион теңге (232 мың доллар) табыс әкеліп, отандық киноөнімдер арасында рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Демек, талғам деңгейіміз – осы.
Айтпақшы, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Қазақстан Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың есімдерін жарнамадан көргенде әуелде таңғалдық. Жасырмаймыз. Сол таңырқау сезімі шығар-ау, бізді фильм тұсаукесеріне жетелеген. Әрине, кино түсірушілердің бұл тараптағы діттегені белгілі – аңыз актерлеріміздің атағын пайдаланып жылтырақ дүниелеріне сәл де болса, салмақ қосу, аудитория ауқымын кеңейту. Ал бірақ отандық киноның тарихына баланып жүрген корифейлеріміздің бұл әрекетін қалай түсінбек керек? Атақ үшін дейін десек, Қайрат Нұртассыз-ақ елінің ықылас, қошеметіне әлдеқашан бөленіп қойған. Ақша дейін десең, тағы қисынсыз – халқы бөлеген абырой Қайрат төлер қаламақыдан әлдеқайда бағалы. Түсінбегеніміз де осы болды. Себебі қарапайым көрермен ретіндегі біздің тілек – халқы қадір тұтып, есімін ұлықтаған сахна майталмандарының жылт етпе арзан дүниелерді дөңгелетемін деп жүріп, шыққан биіктерін төмендетіп, абыройын аласартып алмағаны.
Хош! Сонымен, фильм бітті. Әркім залдан өз «Өкінішімен» тарқасты. Әрине, Қайраттың жайы белгілі. Әнші діттегеніне жетті: 500 мың АҚШ долларына түсірілген кинодан өзін де, байлығын да сәтті жарнамалай алды. Ал көрермен ше? Олардың талғамымен кім санасыпты. Қалтасында ақшасы бар кез келгеніміз «жұлдыз» болу осы екен деп, өз өмірімізден қисынды-қисынсыз драма һәм трагедия жасап, фильм түсіре берсек, өнердің құны жайлы әңгіме қозғау артық. Ең бастысы, күллі қауым назарына ұсынылған ол фильм істеген, тындырған ісімізге лайық па? Әуелі осыны ойланған жөн-ау... Қайратты білмедік, біздегі өкініш – осы.
Назерке ЖҰМАБАЙ