Денсаулық саласының былығы алдағы бір жиырма жылда дұрыс шешімін таппасына жұрттың комментарийлерінен көз жеткіздім. Неше түрлі сұмдық болып жатыр екен ғой.
Біздің қызымыздың бір бүйрегін кішкентай кезінде алып тастаған. Негізі бір бүйрекпен мүгедектік тағайындалуы керек. Және жарты жыл сайын тексеріліп, ем алып тұруы керек. Бірақ "Құрсын қойшы" дей беретін қазақпыз, "Құрсын, құдай жар болсын" деп, мүгедек деген аты аулақ деп, соны рәсімдеуді жайына қоя салдық. Оған қоса әлгі әрі-бері жүгірістен шаршадық. Құдды алып тастаған бүйрек келесі жылы қайта өсіп кететін сияқты, жыл сайын бүйрегің жоқ екенін дәлелдеуің керек. Тұқымы құрсын, оны дәлелдеп бітемін дегенше, әлемдегі ең сорлы адам болып кетесің. Оған қоса, сол бір "үкіметтің беретін ес тиынына бола қайыршыланып" жүгіріп жүргенің үшін аяп қарайтын көздер бар. Таза кемсітіп тұрады ғой. Бала бақылауда болсын деп жүгіріп жүр-ау деген ой миына да кіріп шықпады ғой ешкімнің.
Біздікі шүкір, ал ауру екені сырт көзге көрініп тұратын ата-аналарды, балаларды кемсіту туралы айтпай-ақ қойса да болады. Әлеуметтік желіден көмек сұраған балаларға аз да болса ақша салып тұратын едім, қазір оның өзін күмәнданып аударатын болдық. Себебі қымбатшылық кәдімгідей қалтаны тықырлатып бара жатыр.
Ал жүйеленейін деген денсаулық саласы жоқ. Ертең атамызға коронография жасату үшін порталға қоюға құжат жинауды бастаймыз. Қандай жолдардан өтерімізді елестетіп отырған боларсыздар. Халықтың денсаулығы нашар, өте нашар. Кейбіреулер "ҚАТТЫ АУЫРҒАНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АЛАДЫ ҒОЙ" деп қояды. Қатты ауыруға жеткізбей емделуге болмай ма?
Халық зар еңіреп отыр, еститін үкімет керең.
Автор: Бану Даулетбаева
Сурет: pixabay.com