Мен Муратова Асылым, журналистка мамандығын тандайтын талапкер болғандықтан, журналистика мамандығы жайлы, қалай оқытылатыны туралы бір студентпен сұхбаттасқан болатынмын. Сол сұхбатты төменде оқи аласыздар.
Өзіңізді қысқаша таныстырып кетсеңіз?
Менің аты-жөнім Азимбаева Анэли. Мен 2021 жылдың жас түлегі болып келемін.Негізі Алматы қаласындағы, 161 мектеп-лицейінде оқығанмын. Қазіргі таңда Астана қаласындағы, AITU университетінде, цифрлық журналистика мамандығының 2-курс студенті болып табыламын. Хобби ретінде блогерлікпен айналысамын, онымен қоса СММ және мобилография маманымын.
Не себепті журналистика мамандығын таңдадыңыз?
Мен кішкентай кезімнен нағашы ата-апамның қолында өскен болатынмын. Атам “ҚР Журналистер одағының мүшесі” болды. Содан, бала кезімнен атамның артынан еріп, қызығатынмын. Өсе келе журналистика саласына жақын екенімді түсіндім. Болашақта елімізді әлемге танытатын журналист болуды мақсат етіп қойдым.
Сіз үшін нағыз журналисттің үлгісі қандай?
Негізі, үлгі ретінде нақты бір адамды айта алмаймын. Бірінші орында, әрине, атам Әбдірахман Үйсінбаев. Қазіргі таңда Динара Сатжанмен жұмыс істеймін. Ол кісіден де үйреніп, біліп жатқаным аз емес. Нағыз журналист- сауатты, шыншыл, ізденушілігі мол адам болу керек деп ойлаймын. Одан бөлек, Ләйлә Сұлтанқызы мен Айгүл Мүкейді үлгі ретінде көрем десем де болады.
Қоғамда, “журналист болу үшін, журналистиканы оқу міндетті емес” деген түсінік бар, осы ойға қалай қарайсыз?
Негізі, 21 ғасырда дәрігер мен мұғалімнен басқа кез-келген мамандықты жоғары оқу орынынсыз да меңгеруге болады дейді. Алайда, жоғары оқу орынын бітірген журналисттер әрдайым сұранысқа көбірек ие болатыны аңық. Ең сауатты журналисттердің барлығы жоғары оқу орынын бітірген болатын. Мүмкін, жоғары оқу орынынсыз да спикер, блогер болуға болатын шығар. Бірақ, менің ойымша, ел танитын журналист болу үшін, жоғары оқу орынын бітіру міндетті сияқты. Оның орыны бөлек деп санаймын.
Неліктен AITU университетін таңдадыңыз?
Себебі, мен Қазақстанда заман талабына сай болатын, мықты мамандар сабақ беретін оқу орынын іздеген болатынмын. Өзім Алматыда тұрсам да, оқуым үшін Астанада жүрмін. Өкінішке орай, цифрлық журналистика оқытылатын орындар аз. Ал, жәй журналистика оқытылатын университеттер көп. Маған көбірек практика керек болды. Сол себепті, осы университет өз талаптарыма сай болды. Себебі, бізде шынымен де мықты мамандандар сабақ береді, олардың көбісі болашақ бағдарламасымен оқытылған болатын. Олармен жұмыс істеу бізге де өте қызықты. Осы университетке түскеніме мүлде өкінбеймін.
Цифрлық журналистика мен қазақ журналистиканың айырмашылығы қандай?
Цифрлық журналистиканы-онлайн журналистика деп атайды. Ол интернет желісі арқылы таралатын журналистика түрі болып келеді. Енді, бүгін күнгі өмірімізді ұялы телефонсыз, желісіз елестету мүмкін емес. Біз бәріміз күнделікті өмірде телеграмда, инстаграмда, түрлі желілерде отырамыз. Қазір адамдар бұрынғыдай теледидардан жаңалықтарды күтіп отырмайды. Себебі, жаңалықтар секунд сайын жаңаруда. Яғни, ең басты цифрлық журналистиканың айырмашылығы интернет арқылы таратылатын журналистиканың заманауи түрінде деп ойлаймын. Дегенмен, журналистиканың негізгі өнімі-жаңалықтар мен өзекті мәселер ғой. Оларды интерактивті форма ретінде цифрлық медиа арқылы таратуы қазір “цифрлық журналистика” деп аталады. Біз күнделікті сабақтарда мақала, эссе жазумен айналыспаймыз. Жұмысымыз көбіне медиа-студиямен байланысты болады. Біздің көп жұмысымыз, оқуымыз камерамен байланысты, камераның алдында қалай сөйлеу керек, қалай өзіңді ұстау керек соның барлығын үйренеміз. Оған қоса, оқуымыз 100% ағылшынша болғандықтан, көптеген ұстаздарымыз шет елде білім алып келген. Біз олардың жаңа техникаларын, методтарын үйреніп жатырмыз. Болашақта қолданамыз деп ойлаймын.
Болашақта журналистикаға қандай үлес қосқыңыз келеді?
Шынымды айтсам, маман ретінде болашаққа қойған мақсаттарым мен талаптарым көп. Мен Қазақстанда цифрлық журналистиканың басқа елдердегідей дамығанын қалаймын. Елімізді бар әлем тану үшін, жұмыс жасап, өз үлесімді қосқым келеді. Менің ойымша, біз Қазақстандадағы журналистиканы басқа елдердегідей дамыта аламыз, тек қана кішкене уақыт пен талпыныс керек. Болашақта біздің журналисттерді бүкіл әлем танитын болады!
Кімнен сұхбат алуды армандайсыз?
Негізі, менің алғашқы сұхбатым Динара Сатжанмен өткен болатын. Алда көптеген журналистер мен жұлдыздардан сұхбат алғым келеді. Ал, арманым еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен сұхбаттасу.
Болашақ талапкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
Ең бастысы-өздеріңізге сеніңіздер, мақсат қоя біліңіздер, оқыңыздар. Себебі, адамның қолынан келмейтін ешқандай іс жоқ.
Әңгімеңізге рақмет!