Негізіне үңіл

Негізіне үңіл
жеке
блог

Таңертең таксиде келе жатсам, таксист қолымдағы гаджет (Samsung Galaxy SIII) жайлы сөз қозғады. «Ойын ойнап отырсыз ба?» дейді. «Жоқ, жұмыспен интернетте отырмын» деп жөнімді айттым. Ол сосын досы осыдан үлкенірегін алғанын айтып, құлағына кірпіш сияқты жабыстырып алғанда біртүрлі деп әңгімесін айта бастады. Сөз арасында бағасы да у-дай қымбат екенін, жалпы «понт» үшін жасалған дүниелер екенін тағы қосып қойды.

Менің бұл құрылғы жұмысыма керек екенін, кез келген уақытта интернетке шығуыма ыңғайлы екенін түсіндіргенімді түсіне қойды ма кім білсін. Бірақ, әу баста бұл гаджетті мен шынымен жұмысқа керек болған соң алған едім. Маған өзіміздің сайттан басқа Твиттер, Фейсбук сияқты әлеуметтік желілерді пайдалану маңызды. Егер Интернетпен еш байланысым болмаса, әрине ойын үшін, қызық үшін қып-қызыл ақшаға мұндай гаджет алмас едім.

Осы әңгімеден кейін ойланғаным, біз шындығында әдемілік пен заманауилыққа ілігеміз деп көптеген заттардың негізгі міндеттерін ұмытып бара жатқандаймыз. Мысалы, ұялы телефонның негізгі міндеті - хабарласу, көліктің міндеті - бір жерге жету, үйдің міндеті – жататын, баратын жеріңнің болуы, сағаттың міндеті – уақытты бағдарлау және т.б.

Жақында осы әлеуметтік желілердің бірінде көліктердің нөмірлері ауысатындықтан «крутой» нөмірінен айрылып қалатын болдым деп қапаланған біреудің жазбасын оқып едім. Түрлі гаджет, анау-мынауды қойғанда сол әдемі сандар мен әріптердің сонша не маңызы бар? Ол тек көліктің нөмірін ғана білдірмей ме?

Әлбетте, қалтаң көтеріп жатса, кез келген ыңғайлы да, жайлы заттарды алуға толық құқығың бар. Алайда, тек бағалы болғаны үшін, тек «крутой» болғаны үшін қарызға, несиеге заттар алу - босқа ақша шашу деп ойлаймын. Осы кезде Стив Джобстың "Мы зарабатываем деньги на понтах молодежи" деген сөздері еске түседі. Ащы да болса, шындық.