Неге сабақ оқу қиын?

Көп адамдар егде жасқа келген соң Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» деп сан соғып жататынын байқаймыз. Мектепте оқып жүргенде алгебра, геометрия, физика, химия сияқты пәндерден қиналдым. Бірақ қазір ойлап отырсам, былайынша «миыңды қоссаң» бәрі оңай екен ғой деймін. Біз көбіне баспен жұмыс істеуге талпынбаймыз, көлемді есеп көрсек қиын есеп деп тартыншақтанамыз, оны түсінуге кейде тіпті ерінеміз де. Сосын осы логарифмдер мен формулалар өмірде түкке қажеті жоқ қой деген керемет сылтаудың легінде алгебраға мүлде бас ауыртпауды жөн санаймыз.

Алайда мектепте тарих, география, әдебиет деген сияқты сабақтар маған жеңіл еді. Мазмұнын айтып беру түкке тұрмайтын. Ал географиядан елдерді тану қызық болғандықтан, олардың климаты мен астаналары жайлы білуге құмар болдым. Бірақ дәл сол пәндерден мазмұнын айта алмайтын да оқушылар болатын. Соларға қарап, қалайша оқыған нәрсесін түсінбейді  деп таң қалатынмын. Қазір ойласам, бәрімізге сол кішкене «миды қосу» қажет болған екен ғой.

Қазір жаңа технологиялар заманында сабақ оқу тіптен жеңілдеді ме деймін. Бұрынғыдай координаталарды іздеп отырып сызу да қажет емес, оны арнайы бағдарлама сызып береді. Формулалармен есеп шығаруды білмесең, youtube-те нақтылап түсіндіріп беретін видеолар жеткілікті. Тек оқимын деген ниетің болса болғаны. ҰБТ деп бәрі дірілдеп, қорқып жүреді. Неге қорқасыңдар, бір кітапты түсініп оқысаң, таққа кімнен кейін кім келді, көтерілісті кім жасады, қай жылдары осыны санаңа құйып алсаң, оның несі қиын деймін де?

Жарайды, біз енді бәрін бітіріп тастаған соң, ауыз толтырып айтуға жеңіл шығар. Бірақ қазір маған партаға отыр, қайта оқы десе бұрынғыдан да бетер нағыз білімпаз оқушы атанар ма едім деп ойлаймын. Сондықтан, ҰБТ тапсыратын оқушыларға, жалпы оқушыларға айтарым, егер дер кезінде «миыңды қосып», басыңмен жұмыс істесең, ерінбесең, ізденсең, талпынсаң оқу деген еліктіргіш дүние ғой. Оны қиын деп емес, керісінше жеңіл, пайдалы деп біліңдер. Сонда өз білімдеріңе сенім пайда болып, ешқандай тест қорқынышты болмайды. Солай... ))



Бөлісу: