«Неге олай жасадың?» деген сұрақ қойылмаса екен...

Табаракқызы Айжанның сырлы сұхбаты

 

Қандай сұраққа жауап берерде ылғи қателесесіз?

Ерініп жауап бергенде қателесем.

Қандай сұрақтан қорқасыз?

«Неге олай жасадың?» деген сұрақ қойылмаса деймін...

 

Массагетке қашан, қалай келдіңіз? 

Ақерке өлеңдерімді «Поэзия» айдарына жариялаған болатын, соны қарау үшін кірдім Массагетке, содан бастап осы сайтпен кәдімгідей «ауырып» қалдық!

Ең алғашқы өлеңіңіз қандай еді?

Есімде жоқ...

«Бұрын ақын едім, қазір жазбай кеттім.» дегендерді қалай түсінесіз?

Мен ондайды түсінбеймін, өйткені өлеңге дарындылық аздық етеді. Біріншіден, адамды Ақын қылатын тағдыры ғой. Екіншіден, ізденіс қажет сияқты. Өлеңді ешкім тастап кете алмайды, өлең тастап кетуі мүмкін.

Жалпы ақын деген кім?

Ақын деген... нақты анықтамасын түсіндірме сөздіктен қарау керек, меніңше ақын - тағдыр шығар немесе күнәсін жиі есіне алушы... Гүлнәр Салықбай: «Өлең жазам деген кім бар, жаздырды Өмір өзі өңменімнен тепкілеп» деген екен бір өлеңінде. Сол ғой...

Досы көп адамсыз ба? 

Жалпы, маған ниеттес адамдар баршылық. Осы әлемде әуелі солардың ниетіне қарыздар шығармын. Мен үшін олар ештеңе жасай алмаса да менің әр қадамымның сәтті болуын шынымен тілейді. Араласатын жолдастарым көп, қайсысы досым екенін өмірдің соңғы аялдамасына таяған шақта түсінетін шығармын...

 

Сынды, әсіресе, өлеңіңізді сынап жатса, қалай қабылдайсыз?  

Сынауға татып, сынап жатса оған теріс пікір білдіре алмаймын. Жалпы, өлең жазғаным болмаса әдебиет саласына қатысым жоқ, аз білемін дегенім ғой, сондықтан сын айтылса түзеуге тырысам.

Сүйікті әнші, әртісіңіз бар ма? Ал, ақыныңыз ше?

Толқын Забирова, Гауһар Қаспақова, Батырхан Шүкенов сынды тұлғаларды айтуға болады. Қайраттың лирикалық әндерін тыңдаймын, анда-санда жылауға сеп болады... Ал, әртістерге қатты мән бермеймін... Адамның бәрі әртіс қой, өмірлерін мағыналы қылу үшін өз рольдерін ойнап жүрген... Ақындардан өте көп...

Кешірімдісіз бе?

Иә.

Жұмыстан бос уақытта айналысар хоббиіңіз қандай?

Аса бір айналысатын ештеңем жоқ, бірақ, қол сағат жинағанды ұнатам...

Туып-өскен, кіндік қаны тамған жер жайлы, балалық шағыңыз жайлы айтып бересіз бе? 

Туған жерім Монғолиядағы «Бай бесік» деген қазақ елді мекені. Негізі жарыған балалық шағым болған жоқ. Жалпы осы тақырып ауырлау мен үшін...

 

 

Сурет жеке мұрағаттан және blogspot.com

Есіл Еркесіне сұрақ қою тоқтатылды, ендігі кезек Капсий Меруертінде )



Бөлісу: