Баяғыда бір патша өзінің уәзірімен сырлас дос болған екен. Қайда барса да жанынан тастамаған, не жағдай болсын үнемі тек уәзірімен ақылдасып отырыпты. Екеуінің бос уақытындағы ермегі аңға шығу болса керек. Сондай аңшылыққа шыққан күннің бірінде қанжығалары майланып, атқан аңының етін пісіріп, далада ас ішіп отырады. Әлден уақытта қолындағы мүжіп отырған жілікті шағып, майын жегісі келген патшаның кішкене балтасы тайып кетіп, саусағын шауып алады. Мұның көрген уәзірі: «Түбінің қайырын берсін, не болса да жақсылыққа», – дейді. Саусағының шабылғаны жанына батып, қолы ауырып отырған патша мына сөзге әбден ашуланыпты. Саусағы шабылып жатқанда «не болса да жақсылыққа» дегені қай жұбатқаны деп ренжиді. Аңшылықтан келе салып, уәзірін зынданға қамауға бұйрық береді. Патшаның бұйрығын естігенде уәзір манағы айтқанын тағы қайталаған екен. Зынданға өз қолымен тастап келген қызметшісі уәзірдің сөзін патшаға жеткізгенде, ол одан бетер ашуланыпты. «Мұның есі ауысқан ба? Қолымның қаны саулап, ауырып тұрғанын көріп, айтқаны – анау, өзін зынданға жауып жатқанда айтқаны тағы сол сөз, сөз жоқ, мұның есі ауысқан» деп ойлайды патша.
Күндердің күнінде зеріккен патша тағы аң аулауға шықпақ болады. Зынданда жатқан уәзірін әдеттегідей ертіп алғысы келгенімен, оның айтқан сөзін әлі ұмыта қоймаған. «Көңілімді сонша қалдырған уәзірімсіз де аңға шыға аламын, жалғыз шықсам несі бар» деген патша жалғыз-жарым жүріп, адасып кетеді. Әлден уақытта ол жабайы адамдарға жолығады. Олар патшаны көре салып, бір-бірімен қуана әрі жарыса бірдеңелерін айтып, қол-аяғын байлай бастайды. «Олжалары оп-оңай табыла кеткенге қуанғандары екен ғой, біткен жерім осы болды» деп қатты қапаланған патшаны әлгілер сәл уақыттан соң қоя беріпті. «Түбінің қайырын берсін, не болса да жақсылыққа» деген уәзірінің сөз тегін емес-ау… Өзінің аман қалғанына қатты қуанған патша келе салып, уәзірін бостандыққа шығарады. Содан кейін не себепті әлгі сөзді айтқанын түсіндіруін сұрайды. Сонда уәзірі:
– Не болса соған қапаланбай, «түбінің қайырын берсін» деген жөн. Сіздің бір саусағыңыз жоқ болғандықтан олар сізді босатты. Өйткені құрбандыққа еш кемістігі жоқ жан шалынуы керек. Саусағыңыздың жоқтығы сізді осылай бір ажалдан алып қалды. Ал мен зынданға түспеген болсам, сөз жоқ, жаныңызға ертер едіңіз. Дәл сол күні жабайы адамдар сізді босатқанымен сіздің жаныңыздағы мені босатпайтын еді. Құрбандыққа мен шалынар едім, өйткені менің денемде еш кемістік жоқ болатын. Мен айтқан сөздің мәнін енді түсінген боларсыз, – депті уәзірі. Патша ол айтқан сөздің мағынасын түсініп, уәзірінен кешірім сұраған екен...
Осы тәмсіл әр жамандықтың түбінде бір жақсылық жататынын үнемі есіме салып тұратындай көрінеді де тұрады...