Адам баласы өмірге келіп, аяқ басқан сәтінен айналасына қызығушылықпен қарайды. Өсе келе дамып, ақыл-ойы жетіп, білімге, оқуға кірісіп жарқын болашағы үшін терлеп еңбек етеді. Еліне адал қызмет етуді көздейді. Өзі іштей «есейгенде осындай мамандық иесі болғым келеді!» деген ниетпен жақсы бастамаларға көшеді. Мен мамандықтар әлемінде...Осы бір тақырыпқа өзімді де алып қарайыншы. Мен болашақта кім боламын? Және не үшін таңдап отырмын? Бұл мамандықпен еліме қандай пайда әкелемін?
Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап тіл өнеріне әуестік таныттым. Ұстазымда осыны байқағаннан-ақ мені алға тартты. Нағыз журналист болудың қыр-сырын айтып қана қоймай, кітаппен жақын дос болуды да үйретті. Қанатты сөздер, қарасөздермен қоса, ақ қағаз бетіне түсірілген ғажап, көркем өлең шумақтары да мамандық таңдауыма арқау болды. ”Журналистика”... Көп жандардың қызығып,бірақ дарыны, іштей сенімі жетпей жататын ауыр сала десемде болады. Неге дарыны жеткіліксіз дедім? Себебі, бұл мамандыққа тән қасиет кез-келген жаннан табыла бермейді. Журналистика-тіл білімін, ақыл менен ойды, шапшаңдық пен ізденісті талап етеді. Тіпті, мінсіз келбет пен қоңыр дауыс журналист болу үшін жеткіліксіз оның астарында қажырлы еңбек жатуы тиіс, сонымен бірге өзінің кәсіби қасиеттері де қалыптасқан. Халықпен бірге тыныстап, елде болып жатқан жақсы жаңалықтың жаршысына айналу міне менің арманым. Өзімді шыңдау үшін мақсат жолындағы жоспарларымды есіме аламын. Қанша жерден алып қарасақта журналистика саласынсыз халықтың көзі ашылмайды...
Ес біліп, теледидардағы бағдарламаларға көзім түскеннен бастап, ізденіске жол тарттым. Қолыма қалам алып аға-әпкелеріміздің кеңесін тыңдап мақала, шығарма, өлең жазуға бет бұрдым. Кейде тіпті нешетүрлі пікірлердің ортасында қалдым. Бірі: ”журналистиканың болашағы жоқ, оңай мамандық қой” десе, біреуі: ”ой, жарайсың өзіңе де жарасады, халықтың адамы боласың”-десті. Ал мен ойлана келе, өз түйсігіме тоқталуды жөн көрдім. Қаншама ақпарат пен зерттеулер ашылмай жабулы қазан күйінде тұр. Ал, тілшінің міндеті мойымай сол жұмысты аяқсыз қалдырмау. Бұл мамандық бойынша Қазақстанда ең мықты деген университеттер мен білікті мамандар бой көтерген, тереңдетілген білім де қолайлы түрде. Осы бір жағы көңіл толтырады. 19-20 ғасырлардағы халықтың жоқтауын жоқтап, қуанышын асырып, тыйым салсада газет-журналдарға мақалалар жазып өшпестей із қалдырған ұлы, ұмытылмас тұлғаларымыз бар емес пе! Міне, мен де сол кісілердей бар өмірімді халыққа, еңбектің жемісіне арнағым келеді. Сонымен бірге, өздері қалаған ұрпақ санасының жадын елінің тарихы мен болып жатқан жаңалықтарынан хабардар етуге асығамын. Ал осы қалаған жеткім келетін межелердің кішкене болсын орындалады деп сенім ұялатуы үшін қандай жұмыс атқардым? Мектеп қабырғасында әрбір өткізілген байқау, іс-шара, ұйым болсын қатарымдағылардан қалыспай қанжығама бір жапырақ қағаз еншілеп кететінмін. Осы бір мектепішілік жарыстар менің халықаралық деңгейде бас жүлде иеленуіме үлкен септігін берді. Нәтижесінде өзімнің осы мамандықты бағытымды дұрыс таңдап, тағдыр жазуы журналист болу екендігіне көз жеткіздім.
Қорытындылай келе, жай ғана журналист емес халықтың алғысына бөленіп, ”бұл біздің қазақтың қара домалақ тілші қызы ғой!” -деп естеріне алып отыратындарына сенемін. Елдің көзі, құлағы, үніне айналатын тағы бір болашақ тілші қыздың жазбасы осымен тәмам! Сөз соңында барлық болашақ тілші жас өрендерге, өзімнен үлкен аға-буын жастарға сәттілік серіктерің болсын дегім келеді!