Неге жиі мазалайсың?

Неге жиі мазалайсың?
жеке
блог

Нөсер әлде қар жауып тұр себелеп,

Терезеге телміремін мен ерек.

Сені күтіп отырғаным еді бұл,

Уәделесіп жолығамыз деген ек.

 

Қақпа ашылып сен келдің сол уақытта,

Атып шықтым асыққандай бақытқа.

Құстай ұшып жаныңа жеткенімде,

Неге асықтың? Қоштасуға асықпа.

 

Кетер болсаң қуанттың неменеге?

Мұң мен шаттық тең түсу ережеме?

Бір ауыз сөз айтпадың асықтың да,

Қыстырдың да үшбу хат тереземе.

 

Өн бойымды кетті де суық қарып,

Бозғыл тартып кеттің сен тұйықталып.

Қолымды ұстап құштың да ғайып болдың,

Түсініксіз мен қалдым күйіп жанып.

 

Беймәлім бір күй кештім түсі бөтен,

Өкінішке толған бұл түсім екен.

Ойымнан кетпей қойды ойлы көзің,

Бұл бәлкім қу сезімнің ісі ма екен?

 

Неге жиі мазалайсың түсімде?

Тыншымаған тентек ойлар үшін бе?

Мен мұңайсам сенен пана іздеймін,

Сен сол үшін қабағыңды түсірме.