Неге енесің?

 

   Неге енесің...

Ұмыта алмай жүр-ау сені демесін,

Жазып жатырмын бойға шабыт келгесін.

Енді ғана сені ұмытқан кезімде,

Қайта-қайта түсіме неге енесің.

 

 

Табады ғой сөз өзінің егесін,

Жиі-жиі түсіме неге енесің?

Исраил ағам айтып кеткен бір жырда,

Перісің бе,

Жынсың ба,

неменесің?

 

Өзің ойла бұл қылығың болама,

Өзіме де, түсіме де жолама.

Қайта-қайта кіріп жүрсің перідей,

Кірмей қалсаң аспан түсіп қалама?

 

Түн жамылып келдің-ау сен төсегіме,

Бәрі есімде бүгінгі де, кешегіде.

Өзгергенсің бұрынғыдай емессің,

Махаббаттың жолыққансың кеселіне.

 

Жарасып еді сөзімізде, өзіміз

Басқа жанға қарамаушы-еді көзіміз.

Айырылыстық аяқ асты себеп жоқ,

Жанып тұрған ол біздердің кезіміз.

 

Енді неге кіріп жүрсің түсіме,

Маған емес, кіргін басқа кісіге.

Бір рет емес жиі-жиі кіресің,

Қайранмын мен, сенің осы ісіңе

 

Жиі-жиі түсіме неге енесің,

Қағып  тұрсың жүрегімнің терезесін.

Ұйқымда да мазалайтын сен мені,

Перісің бе,

Жынсың ба,

Неменесің?

         Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН



Бөлісу: