Бұл жолы мен ешқандай ой да, сөз де айтпаймын. Өйткені, айтылар ойдың бәрі айтылып тастады. Тек соларды сіздерге ұсынамын. Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» повесті «Қауіпті будан»...
*Ара жасаған қоғамдық өмірдің деңгейіне жету үшін, адам баласының алдында әлі талай ұзақ жол жатыр.
Матерлинк
*Көптен кеткен көмусіз қалар.
Халық нақылынан
*«Есектің еті арам, күші адал» дейді екен қазақтар, ендеше, ара жазғанның «таратқаны бал, шаққаны у» деп, осына ойдың санасына орала кеткеніне насаттанғандай атқа қонды.
*Еріктің туған ауылынан кеткеніне, сонда да мүлдемге емес, үш-ақ жыл болса да өзін осыншалық жат, өзгеше бір өгейлікпен қарсы алады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ.
*Алыс жолдан шаршап келген аттың ертоқымын бірден алмайды, арқасына ыстық шығып кетеді.
*Сағынбасам іздеп келер ме едім алыстан.
*Араның байлығы адамдар үшін, ал біздікі... біздікі өзіміз үшін ғана.
Тек түбі тыныш болсын де... Күні ертең жиған-тергеніңе ие болар ұрпағың жоқ болған соң, дүние-боқтың керегі не?
*Бұл жалғандағы ең сорлы нәсте – өзіңді өзің тұтқындау, өзіңнен өзің қашып құтыла алмау, бұған дейінгі жиіркенішті әрі жаныңды жарылқамай жаралайтын ойсыз қылықтарың мен опасыз әрекеттеріңнен құлан-таза арыла алмау, немесе тазалықтың нарқын бағамдай отырып, рухыңа, болмысыңа, тіпті, тәңірім-ау, табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында сүңгілесіп жүру емес пе?
*Егер ара болсам ғой... Салмағы он-ақ грамм, бірақ өзінен жиырма есе ауыр жүк көтере алатын күштілігіне таң қаламын.
*«Өмір сүруді арадан үйренуіміз керек шығар» деп ойлады.
*Осы күйкі тірлікке душар қылған мені атарға оқтары жоқ сендер, мен... сендерге ерегесіп, ыза болған соң амалсыз ішем... «Неге біз осы қатыгез де, қасиетсіз болып кеттік... неге біз осы...»
*-Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы – өтірік өмір сүреміз,а?
*-Адамды осыншама аздыратыны бар, неге ғана шығарады екен арақты, - деді өз-өзінен сөйлеген әйел нәумез үнмен. – Бәлкім қалай ішуді білмейтін шығармыз. Әйтпесе шет елдердегілер мен кавказдықтар баяғыда маскүнем болып кетпес пе еді...
*-Ұзын кірпікті үлкен көз жасты болады дейді қазақтар, - деді Захар.
*Неге екені белгісіз, өздері сыйыспай жүрсе де өзгелерге сый көрсетуге, жер бөліп, жеңін кесіп беруге келгенде алдына жан салмайтын елдің көп еншісі жат жұрттық болып кеткен.
*-Сен секілді кергіген кісілерді көргенде, жауды жеңгеніме өкінем.
*Тазыны адамнан ұстайтын болған ба... Шығады одан, шығады.
*«Көрші үйдегі әжейді шайға шақырып келші» деп, өз балаңызды жұмсаңызшы «Телефон соға салмайсың» деп өзіңді жазғырар. Ал сол бала әжейдің үйінде қаншама өзі білмес тосын оқиғалармен танысар еді.
*Еңсерді езер еңбек ләззатынан, қол-аяғың салдырап шаршап келіп етігіңді шешуге де шамаң келмей ұйықтаудан рақат не бар бұл жалғанда.
*Өстіп жүріп азып-тозып кетпейік, атау-керелерін ішіп жатқанын сезбейді-ау жасаған ием...
*-Орыс намаз оқиды... хи-хи-хи... – Таған шиқылдап күлді.
-Әлемде бірде-бір адамның толық сыры ашылмай, арғы дүниеге аттанады.
*Бұл жалғанда жаныңда арыстай азаматың жатып, жалғысырағаннан жаман не бар екен?
*Ағаш жалғанда жалғыз-ақ рет құлайды. Жығылып, сүрініп, сілімтік ғұмыр кеше алмайды. Сондықтан да адамнан гөрі ұзақ жасайтын шығар.
*Өмірдің қадірін білу үшін, өлімді де ойла деген.
*Кісі қардан қарап жүріп ішімдікке құмар болмайды.
*Ал енді үндемеу жағынан қазақтар алдына жан салмайды.
*Адамның қателігі – кемшілік жіберуінде емес, сол кемшілікті кешіктірмей түземеуінде. Мүмкін, осының барлығы жастай жетім қалып, жасық та жалтақ болып өскенімнен шығар-ау, -деп күрсінді келіншек.
*Ананың сүтімен рухына сіңген сенім түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді.