“Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді”
Сенека Луций Анней
Сіздің бір ғана мүмкіндігіңіз бар. Тек біреу. Одан айырылсаңыз қайтару туралы сөз бола да алмайды. Ал, егер мүмкіндікті саналы түрде қабылдап, денеңізді ақыл мен жүрекке, нәпсіңізді рухқа бағындырып амал ете алсаңыз сол мүмкіндік сізді ең ғаламат орын жәннаттың тұрғыны етеді.
Сонымен... Бұл мүмкіндік – өмір, әрине.
Онда сантүрлі тіршілік иелері бар: адамдар, өсімдіктер, жануарлар, бактериялар, паразиттер, және т.б. Адамдар тобының бір өкілі ол – мен. Есімім Айжан. Әр жаратылыс бір хикметпен, маңызбен жаратылмай ма?! Таң атысымен оянып, тамақтанып, ақша қуып жұмыс істеп, шаршап, қайта дем алып, тамақ ішіп, ұйықтаумен күнделікті өмірімізді өткізудеміз. Бірақ не үшін? Өзіме сыйланған осы бағалы өмір қайткенде мәнді болады? Ол үшін өмірімнің ұзақ болуы шарт па?...
Олай емес екен. Бастысы ұзақтығы емес, мазмұны. Ал сол мазмұнды мәнді ететін ол – құндылықтар. Мысал ретінде ата-ана, отбасы, білім, қоғам, ұлт пен дін сияқтыларын атап өтсем болады. Солардың негізінде өмірлік көзқарасым мен қағидаларымды қалыптастырып келемін. Оқырмандармен өміріме мән беретін, сән беретін үш ұстанымыммен бөлісейін.
Алғашқы ұстанымым – қоғамға пайдалы болу. Ұлы ойшыл Аристотель “өмірдің мәні не?” деген сұраққа “айналаңа қызмет етіп, көмек көрсету” деп жауап берген екен. Адам – жалғыз өмір сүруге жақсы бейімделмеген, қоғам болып топтасып өмір сүруге мұқтаж жаратылыс. Сол үшін де жеке бастың ғана қамымен әрекет ету ақымақтық болмай ма? Қоғамның алға басып дамуы – бүкіл ұлттардың ортақ мақсаты. Осы ұлы мақсат жолында еңбек етіп, ұлы істің бір бөлшегі бола алу мүмкіндігі маған қанат бітіреді, шабыттанырады. Айналаға қызмет ету түсінігі жерде жатқан қағазды көтеріп қоқысқа тастау арқылы ортаны таза ұстауға атсалысу сияқты ең қарапайымынан бастап жауапкершілігі мол елбасы болуға дейін әртүрлі көрініс табуы мүмкін. Өз өмірімде осы ұстаныммен болашақ мамандығымды байланыстырмақпын. Ұстаздық. Мектепте математика пәнінен мұғалім болу, оқушыларға сапалы білім беріп, жақсылыққа шықыра алу – бала кезімнен бергі асыл арманым. Болашақ ұстаз ретінде ұраным – Ыбырай атамыздың мына өлең жолдары:
Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Студенттік өмір бірнеше өзгеріс әкеліп, бес жылда көп нәрсеге үйретсе де, ұстаз мамандығына деген көзқарасым сәл тереңдегені болмаса, сол арманым әлі де өзгермеді. Тереңдеді дейтінім: кішкентай кезімде мұғалім болудағы ойым математика пәнін басқаларға түсіндіру ғана болатын. Кей қатарластарым ол пәнді жек көрем дегенде алгебра мен геометрияны жай түсінбегеннен солай айтады деп сенетін мен оларға математиканы түсіндіріп, бұл сабақты меңгеру кез келгеннің қолынан келеді дегенді көрсеткім келетін. Солай математиканы жақсы көретін адамдардың санын арттыру кішкентай Айжанның үлкен мақсаты еді. Қазіргі заманда ата-аналар жұмыстан шаршап жүріп, бала тәрбиесіне көп мән бере алмайды. Бір жағынан ата-анаға да көмек ретінде математика мұғалімі болсам да, арасында оқушыларыммен өмір туралы сөйлесіп, олардың жақсы азамат болып өсулеріне себепкер болғым келеді, яғни мақсатым оларға тек математиканы түсіндіріп қана қою емес, сонымен қатар жүректеріне жол таба білу болып тереңдеді. Осылай қоғамның дамуына кішкене үлес қосқан болам. “Өмірдің мәні не?” десе, мен де “қызмет ету” деп жауап берер едім. Мамандық таңдауымда соншалықты сенімді болсам да, уайымым жоқ емес. Бір күні жалығып кетпесем екен деп қорқам. Әртүрлі мұғалімдер болады ғой. Мен Абай атамыздың өлеңіндегідей ұстаз бола алайыншы:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға.
Екінші ұстанымым – қазіргі сәтпен өмір сүру. Батыста бұл түсінік өте кең таралған. Бірақ, менің түсінуім сәл өзгеше. Қазіргі сәтпен өмір сүруді ертеңгі күнді ойламай, тек бүгініңмен жүру десек, бұл ұстанымды іске асыру бейғамдықты ұнататын адам нәпсісіне еш қиындық тудырмайды, бірақ салдары тым нашар болуы мүмкін. Демек, қазіргі сәтпен өмір сүру дегеніміз болашақты ойламай, бір сәттік рахатпен өмір сүру емес. Қазақта “судың да сұрауы бар” деген нақыл сөз бар ғой. Бізге берілген ең қымбат нығметіміз уақыт пен денсаулықты “дәл қазіргі сәтте бақытты болып қалайын” деп қалай болса, солай жұмсап, олар үшін кейін сұралу болатынын ойламайтынымыз ақымақтығымыздан шығар. Талқыланып жатқан ұстаным, әсіресе, жастар арасында бұрыс қабылданған. Кейбіріміз “жастық шақ қайтып келмейді, кейін өкінбес үшін қазір бәрін татып көруіміз керек, осы сәтпен өмір сүрейік” деп аңдаусызда қателіктерге бой алдырып жатамыз. Дегенмен, бұл ұстанымды орнымен қолданса, одан көп пайда көріп, өмірді өкінішке емес, мән-мағынаға толтыруға да болады. Біріншіден, болашақты немесе өткенді шектен тыс уайымдап кететін кездер, яғни әлі болмаған (немесе орындалу мүмкіндігі төмен) және өзгерте алмайтын өтіп кеткен жағдайлар туралы көп ойлап сабырымызды тауысатын сәттер аз емес. Сөйтіп, нақ керек кезінде сабырлылық таныта алмай, күшіміз азайып әлсірейміз. Бұның алдын алу үшін келер күн мен өткеннің уайымы еңсеңізді басқан сәттерде осы ұстанымды ойлау арқылы сергіп, жаныңызды тыныштыққа шақыра аласыз. Екіншіден, осы ұстаным арқылы әр сәтті саналы түрде өткізуге болады. Мысалы, жеген тамағыңыздың дәмін сезіп ләззат алу, ата-ананың құшағында жатқан сәттердегі бақытты бағалай білу, қыстың таза ауасымен дем алып, аппақ көркемдігін байқау. Ағылшын тілінде мұны “midfulness” деп атайды. Университет кітапханасынан оқыған ең соңғы кітабым “Mindfulness for beginnners” осы туралы еді. Бұл ұстаным тек әсемдік пен жақсылықты сезіне алуға ғана емес, сонымен қатар сөйлесіп отырған адамға бар назарды аударуға, шүкіршілік етіп, өмірге разы болуға, жақын адамдарға реніп, ашу шақырмауға да тәрбиелейді.
Үшінші ұстанымым – адал өмір сүру. Адал болу керектігін кішкентайымыздан құлағымызға құйып келеді ғой. Бірақ, адал болмаудың кесірін өмірімде унивеситет қабырғасында жүргенде бір көргенім қатты есімде сақталып қалды. Математика сабағы... Семестр ортасындағы емтихан жүріп жатыр. Дұрыс дайындалмаған мен төмен баға алудан қорқып, дәптерімді отырған орындығыма қойып, аяғыммен жасырып отырған едім. Дәптерді енді ашып, жауап іздей бастағанда профессордың ұстап алмасы бар ма. Масқара болғаным-ай. Қасымда тағы таныстарым бар еді... Кейін профессор өз офисына шақырғанда онымен кездесуге ұялғанымды айтып сөзбен жеткізе алмаспын. Қандай жаман баға алсам да, енді көшірместей болдым. Сол ұялған сәтімде арам ісімнің кесірінен бір адамның алдына кіре алмай тұрсам, кейін ақыретте қателіктерім үшін жауап беруге Алланың алдына қалай барам деген ой түскенде денем шымырлап қорқып кеттім. Пенде болғанда біз өте әлсіз екенбіз. Тіпті кішкентай бір вирустың өзінен орнымыздан тұра алмай қалуымыз мүмкін. Айтпағым, кей адамдардың өз күшіне сеніп арам жолмен қаражат табуы “жемқорлық” деген атпен елімізде белең алғаны бәрімізге аян. Сондай жандарды да, өзімді де адалдыққа шықырып Мұхтар Әуезов атамыздың мына сөзін айтқым келеді: “Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен.” Студенттік өмір мектебінен үйренген бірден-бір сабағым осы шығар. “Өмір өзі үйретеді” деген рас екен. Осындай ұстанымдардың арқасында қастерлі де қасиетті өмірімді лайықты түрде өткізе аламын деген сенімдемін.
Ал сізді өмір қалай тәрбиелеуде? Осы мақала тақырыбындағы сұраққа сіз қалай жауап берер едіңіз?