Не себепті блогер болуды қаладым? (эстафета)

            Қазіргі заман қызығушылықтың, еліктеудің басым кезеңі. Басқа адамдар жаңалық етіп бір нәрсе ашса еліктеп соны жасаймыз ғой, шіркін! Еске түсірер болсақ, 2016 жылы үстімізге мұзды суық су шашып, марафон жасаған да оны дүние жүзі болып қолдап, ел белсенділігін көрсеткен болатын. Бір-біріне эстафетаны жалғастыра әкеткен бұл жағдаят тіпті қазақстандық тілші қауымының  ауылынан да өтті емес пе?

            Дәл қазір блогерші қауымының кезеңі. Бастама Марғұлан Ақаннан, Әсел Асановаға жалғасты. Ал, Әсел ханым біз секілді енді бастау алған  блогер ауылдастарына жолдапты. Иә, не себепті мен блогер болғым келді? Негізінен бұл эстафета «Мен қалай блогер атандым?» деп аталады. Ал мен мақаламды не себепті блогер болғым келетіндігі туралы қалам тартпақ ойдамын.

            Кіші кезімнен мәнді, ой салар тіркестер немесе даналық сөздер айтқан би, ақындардың сөздерін өз күнделігіме түртіп алғанды ұнататынмын. Көп ұзамай бұл бойыма қалыптасқан әдетке айналды. Жәй жазбай, сөз арасын  да осы би өз сөзінде былай деген немесе ақындардың өлең жолдарын арқау етіп сөйлеуді бастағаным да бар. Ал мен «Массагет» атты кемеде не істеп жүр екенмін, қалай бұл кемеге тап болдым, менің саяхатым қайда бастау алды?

            Мен қазіргі кезде осы жылдың жас түлегімін. Арманшыл жанмын. Көп нәрсені ойша жоспарлағанды ұнататын қиялшылмын. Кезекті бір мақаламда мен тілші болуды қалайтынымды жазған болатынмын, неліктен болуды да жазғанмын. Әрине, түскің келетін оқу орны туралы, қалай сол жерге түсуге болатындығы туралы қызыға ізденесін. Мен де сондай жандардың бірімін. Алғаш рет инстаграм желісінен астаналық журналистика факультетін де оқитын студент қызбен танысқанмын. Қалай түскенін сұрағаным да, маған таныс емес «шығармашылықпен» деген ұғымды айтқан. Мүмкін, күлерсіз бірақ дәл сол кезде мен оның не екенін жете білмедім.

            Содан ғаламторды ақтарып оны да түсініп алдым. Шығармашылық емтихан тапсырғым келетін оқу орнын да таңдап қойдым. Әрине, оған түсу түспеуім менің қозғалысыма байланысты ғой. ҚазҰУ-нің сайтынан журналистика факультетінің ашық есік күнін көріп, оған да қатыстым. Мені мазалайтын шығармашылыққа не тапсыруға болатындығын сұрағаным да мақала, әңгіме, өлең жолдары болатынын айтты.  

            Мен өз ойымды инстаграм желісінде пікір, кеңес ретінде жазып отыратынмын. Мақала жазып көрген емеспін. Бір күні, бір мәліметтер іздестіріп отырғаным да осы «Massaget.kz» көзіме оттай басылды. Өзгелердің жазған мақалалары еліктіре әкетті. Бәрі де қызықты. Түрлі блогтар, іздегеннің бәрі бар. Отбасылық жағдайға байланысты кеңестер дейсіз бе, ас мәзірі, киім үлгілері, тіпті психологиялық тесттер мен кеңестер жетерлік. Жаныңа жақынның бәрін таба аласың. Менің де осы секілді мақалаларым болған. Бірақ қалай жариялайтынымды білмей, Әсел ханымнан вконтакте желісі бойынша кеңес сұрадым. Ол кісі де жаны жайсаң жан екен, бірден жауап қатып, жол сілтеді. Бұл жанға алғысым шексіз. Себебі көп сайттарға, көп адамдарға сұрақтарым мен жазғаным да, жауапсыз қалатын. Ал бұл кісі керісінше, журналист боламын деген дара жолыма бағыттаушы жан атанды.

        Міне,осылай осы кемеге тап болдым. Ал, саяхатым әлі де жалғасуда. Сан алуан тақырыптар да мақалаларым жарық көруде. Басқа блогершілер секілді өз мақалаларымның көрсеткіштерін көрсете алмаспын, сірә. Себебі, мен енді ғана қадам басып келе жатқан жас блогершілер қатарынанмын.

       Менің ойымша, қолында қаламы бардың бәрі де жаза алады. Бірақ та сол шимай-шатпақтың ішінен өзіңізге керек, ой салар дүниені таңдауыңыз керек. Ал сіз не себепті блогер атандыңыз? Эстафета осы мақаланы оқыған адамдар мен жалғасын табады деген үміттемін.



Бөлісу: