Не ексең, соны орасың!
блог
Ата-ананы құрметтеу – перзенттің парызы. Ата-ананың міндеті – перзенттің құрметіне лайық болу. Бұлай деуімнің себебі, қазір көп ата-ана тіршілік қамы деп, жұмысбасты болғандықтан бала тәрбиесі екінші орынға ысырылып қалған сияқты. Күні бойы ата-анасы жұмыста, баласы бақшада, мектепте немесе универде. Кешкі шайда бір-ақ жиналып, көрісетін отбасылар да аз емес. Меніңше, қазір баланың ата-анаға деген құрметі төмендеп, ата-ананың балаға деген немқұрайлылығы өршіп тұр. Баланың психологиясына кері әсерін тигізіп, ата-анаға деген құрметтің азаюына төмендегілер әсер ететін сияқты:
-
Ата-анасы балаға немқұрайлы қарау
-
Себепсіз жекіп, ұрыса беру
-
Баламен ашық, еркін сөйлеспеу
-
Баланың пікірін тыңдамау. «Менің айтқанымды орындау КЕРЕКсің!» деген ұғымда болу
-
«Мен сені бағып отырмын!» деген сөздің көп айтылуы
Қазір ата-ана мен бала арасындағы түрлі келіспеушіліктерге осылардың да әсері бар деп ойлаймын. Кішкентай кезінде ата-анасының ұрысқанын көп көрген балада өскенде оның психологиясы басқаша қалыптасады. «Мені неге туды екен?» «Мен мына үйде артықпын» деген ойлар бала миына еніп алады да, біркүні «бұлай айғайласа бергенше, неге ажыраса салмайсыңдар?» деп бала да айғайға басуы мүмкін. Бізде "не ексең, соны орасың" деген сөз бар ғой. Сондықтан, бала тәртіпті болуы үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелегеніміз абзал.
Фейсбук әлеуметтік желісінде Аңсаған Мұстафаның мына суретін көріп, ұялып кеттім. Мен шынымен мұндай адамдарды білемін. Бірақ, айтуға ұяламын. «Өй, тип-титтай боп алып, саған не жоқ?» деп көкірегімнен итеретін сияқты болып тұрады. Сосын көрсем де көрмегендей күй танытамын. "Тәрбие - тал бесіктен" демей ме? Бесіктегі баланың тәрбиесі осы болып тұр. Сіз осы суреттен не түйдіңіз?
Жазбаға тұздық ретінде осы жазба, арқау болған постты оқып алсаңыз, артық етпес.
P.S. Менің бұлай жазғаным - ата-анамды құрметтемейді дегенді білдірмейді. Мені осы күнге жеткізіп, дәл осылай тәрбие бергені үшін оларға мәңгілік қарыздармын.