Интернеттегі ақпараттың бәрі шындық емес. Фактілік қателерді көптеп кездестіруге болады. Ал сараптап, таным талғамынан өткізіп, қажетіңді табу – өзіңе байланысты. Себебі интернет арқылы білім алып, интернетте босқа уақытын өткізіп жүргендер де бар.
Иә, тақырып басқа, ал блогтың бастамасы мүлде басқа мағынада басталғанына таңданып отырған да боларсыздар. Айтпағымды осыдан бастағанды жөн көрдім.
Наурызек құсы жайлы ертеректе бір блогымда да жазғанмын. Себебі бұл құс туралы интернетте ақпарат аз болатын. Қазір көптеп кездестіруге болады. Бірақ, бір әттегені интернеттен бұл құстың суретін кездестіру мұң, жоқ десек те болады (өзім таба алмадым). Наурызек деп көрсетілген суреттегі құстардың ешқайсысы бұл құсқа ұқсамайды. Тіпті бір беделді басылымның өзінде наурызек деп суықторғайдың суреті салынған. Содан осы құсты суретке түсірсем деген ойда жүргенмін. Жақында соның бір реті түскен еді. Кездейсоқ көріп, жалма-жан суретке түсірдім. Алыстау болғандықтан сапасы төмендеу. Дегенмен қандай құс екенін байқауға болады.
Қосымша
Ауылда жүргенде бұл құсты талай рет көргенмін. Апам қолыма тары ұстатып, «шаш» дейтін. Өте сақ қимылдайтын құс шашқан тарыларымды жегенінің талай куәсі болғанмын. Көктемде ауылға көп жол түсе бермейтін болғандықтан, бұл құсты көрмегелі де көп жылдың жүзі болды. Негізінен, Наурызек құсы еліміздің оңтүстік өңіріне көбірек келеді екен. Бұл құсты еліміздің әр өңірінде әртүрлі атап та жатады.
Жеп-жеңіл ұшқалақтап тұратын кішкентай құс — Наурызектің құйрығы ұзын, түсі көк болады. Наным бойынша, Наурызек келгеннен кейін күн жылынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады.
Интернетте Наурызек құсы жайлы мынандай анимациялық фильм де бар екен. Мұнда бұл құстың қандай болатыны мен халықтың қадір тұтатыны айқын ашылған.
P.S. Блог жазбағалы да көп уақыттың жүзі болған екен. Тіпті, сонау "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауынан кейін блог жазбаппын. Ал сол байқауға қатысқан қыз-жігіттер бүгінде журналистика саласына сіңісіп келеді. Олардың жетістігіне шын жүректен қуаныштымын.
Жазарларыңыз көп, "Массагет" блогерлері!