НАУРЫЗ ҚАЗАҚША ҚАЛАЙ АТАЛҒАН?

НАУРЫЗ ҚАЗАҚША ҚАЛАЙ АТАЛҒАН?
жеке
блог

«Ұлы іс күні»

Бұл - «ұлыстың ұлы күні» аталатын тіркестен өзгеше, наурыздың қосалқы атауы. Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Алайда, бұл сөздің түркілік (сақаларда да аймақ ұғымы «ұлыспен» беріледі) мемлекеттік әкімшілік бөлініс бірлігін білдіретін «ұлыспен» қаншалықты байланысы барын тап басып айту қиын. Бәлкім, наурызға қатысты «ұлыс» сөзі Т.Өмірзақов тұжырғандай, ескі түркіше «ғаламдық жаратылыс күні» деген ұғымды беретін болар!

Наурыздық ұғымдар бүгінде көмескі тартқанымен, қайта қалыпқа келтірерліктей сұлбалар жеткілікті. Наурыз аумағы жағынан жербетілік, мазмұны жағынан жалпыадамзаттық, тарихи сыйпаты турасында ежелгі жоралғылық мереке, ал арналымы жағынан барлық ізгіліктің бастауы. Сондықтан да оны «Ұлыстың ұлы күні» атаған. Алайда, осы сөйлемдегі «ұлыс» сөзі бұрынырақта «ұлы іс» ретінде айтылуы мүмкін, өйткені, оның бір халықтың не мемлекеттің мерекесі еместігін бабаларымыздың білмеуі мүмкін емес. Бұған А.Сейдімбек ағамыздың  («Қазақ әлемі» 228-бет) «жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі  «Ұлы Іс таңы» болуы керек секілді.Өйткені, аймақтық деңгейдегі таң болуы мүмкін емес, таң - жербетілік! Ахаң ел ауызындағы қалыптасқан тіркесті сол күйі түсіргендіктен, бізге де солай жетіп отыр. Ендеше Наурызды қазақтар «Ұлы іс» деп атап, оған ғаламдық сыйпат берген болып шығады. Онда әдеттегі «ұлыс» деп жүргеніміз «ұлы іс» тіркесі болғаны! Себебі, мазмұны аса Ұлы істе ғана ұлы Күн туылған болар еді! Бұл жерде қазекең бүкілғаламдық стартты ұлы іске балап отыр.

Халқымыздың «ұлы» сөзін қолданатын кеңістікті негізінен тігінен алғанда Көкке, аспанға қатысты, көлденеңінен алғанда күншығысқа немесе оң тұсқа қатысты айтқанын зерделейік. Ежелгі түркілердің тігіңкі бағытта  үшбелдеулі әлемді елестеткенін ескерсек: жоғарғы – ұлы әлем: әруақтар, аспан әлем»; ортаңғы әлем – Жер беті; төменгі әлем – Жерасты. Ендеше «ұлы іс»  ұғымы аспанға, астрономиялық өзгеріске қатыстылығын аңғаруға болады. Жыл мезгілінің өзгеруі, ауарайдың жылынуы, Жыл мен Көктемнің қабат келуі, уақыт пен Кеңістің түрленуі – ғаламдық деңгейдегі Ұлы іс болып есептелген.

Сайып келгенде, Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының келтірген қазақтың  Наурызды «Ұлыс» атайтындығы және этнограф А.Сейдімбектің «ұлыс таң» тіркесін халық ауызынан келтіруі, шынында да, халқымыздың бұл ардақты мейрамға басты орын беріп, оны Жаратқанның ұлы ісіндей танып, сенгендігіне ден қойған абзал. Демек, Наурыздың қазақ халқы тарапынан он сегіз мың ғалам тарапынан орын алатын Ұлы құбылыс ретінде қабылданып, оның  қазақы тағы бір атауы - «Ұлыс» (құбылыс, ұлы жасампаздық – великое творение) болғаны. Және бұл атау, аталмыш рәсімдік мерекенің мазмұнын барынша аша түсетін келтірінді болып табылады. Оның үстіне, жоғарыда келтірілгендей, «наурыз» сөзінің жасалу жолындағы «іс» сөзінің бұл жолы да қатысы барлығы тағы да аңғарылады.

 "Нау мен ырыс", Алматы, "Қазығұрт" баспасы, 2011 жыл