Ежелгі түркілерде жеті саны Ғарыштың кемелдік күйінің сыйпырлық мәні ретінде мойындалған. Сондықтан да «жеті» сөзінен «жетік» түріндегі кемелдік сыйпаттың мәні аңғарылады. О баста бұл сөздің астарында «кемел» ұғымы секілді сын есіммен қатар, діттеген мақсатқа жетуді көздейтіндей құбылыс пен әрекеттің де мағанасы болған. Түркілік «жеті» сөзі тәңірлік әмбебап терминдердің бірі. Осыдан келіп, кемелдікті, дамуды білдіретін ұғымның сыйпырлық мәні «жеті» болып туындаған және кез келген нәрсенің кемелдігі оның жетілік даму сатыны дәріптеуге орныққан. Сөйтіп, Наурыздың санаттары да жетілік санмен қамтылса керек. Ежелгі түркілік Ғарыштың кемелдік сыйпаты үш санаттың (категория) жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже); жеті өң (алуан бояулы әшекей, түрлі түсті киешек); жеті үн (жетіген, жеті дауылпаз немесе жеті адамның хоры).
Соңғы дәуірлерде Наурыздың тіні үш санаттан тұратын және үш тұрғыға (принцип) негізделген болмысын жоғалтқан деп пайымдауға болады. Оның мәнге айналған үш тұрғысы: құбылыстың, жылдың және маусымның басы екендігі; ал дәріпке айналған үш санаты: дәм, үн және өң. Сол себепті қазақ Наурызды Ұлы іс санап, "ұлы іс күні" дейді.Наурыздық санаттар о баста Құбылысты құрайтын құрамталар ретінде мойындалған болуы керек. Құбылыс ретінде санаға бағынышсыз үдеріс (процесс) барысындағы белгілі бір нәтиженің туындауын қабылдауға болар. Ежелгі түркілер ондай құбылыстың белгілі бір қорегі (дәм), үдерістің дыбысы (үні) және нәтиженің өңі (түсі) болады деп мойындаған. Осыдан келіп, Наурыз ғаламдық ұлы Құбылыстың бастамасы ретінде қабылданады да, барлық істің бастауы есебінде қайырым мен жақсылықтың нышанындай бұлақ көзін ашу, дақылды (сүмелек) өскіндету, гүл мен ағаш егу шаралары, болашақ ұлы істі бастауға, бойжеткен мен ержеткенді қосуға итермелейтін жоралғылар ұйымдастырып, «ұйқыашар» ырымдарын жасауға, «селтеткізер» сыйлауға т.б. тек қана жақсылық ырымдарына негізделген «Қайырымның басы ғана жақсылыққа ұласады» деген жолашар бастамаларға орын берілген.
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен, Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Тіпті, мұндағы «көже» сөзінің өзі ең ежелгі тәңірлік танымның терминдерінің жұрнағы болып табылады: кө – Көк, же – ас, «Көктің ырқына сәйкес киелі ас» деген мағана сыйып тұр.
Наурыз рәсімінің шарықтау шегі болып табылатын күн мен түннің теңелу сәтін білдіретін таңғы сәулені қарсы алу кезінде ауылды азан-қазан қылатындай жастардың дауылпаз ұрып, қоңырау соғып, кернейлетіп, сырнайлату арқылы түрлі дыбыс пен үнге ерік беруі Ұлы күнді үдеріс ретінде мойындаудың бір көрінісі және құбылыстың Үнін жетік етуден туатын ырым. Бұл - қуаныштың, жақсылық пен қайырымның үні ретінде қарсы да керағар үнді қашыру, Табиғат «ыңырсуын», «аңырауын» (бұл сөздердің «ыңыр», «аңыр» түбірлері Іңірден туындайды) болдырмау, жұт пен кесапатқа жол қалдырмау, Іңірді тықсыру, ығыстыру әрекеті. Бәлкім, бүгінде қолданысы тым тарылған қазақтың жетіген аспабы сықылды арфалардың о бастағы шығуы осы сәттен бастау алуы ғажап емес. Оның үстіне «жетіген» сөзі «жетіг(кемел) үн» тіркесінен де туып тұр. Осылайша бір кезде кең қолданылған бірнеше қоңырау тағылған сылдырмақ аспабы да шығуы кәдік.
Наурыз мерекесінің жеті үндік принципін Жаңа жылдың алғашқы таңын қарсы алу кезінде таңмен таласа қыз-бозбалалардың ауылды бастарына көтеріп, құлын-танаға қоңырау байлап, азан-қазан, у-шуға бөлеу дәстүрі болғандығын көрсетеді. Ал, ежелгі замандарда, бәлкім, жеті түрлі аспап тартып, адамдар хормен (бірігіп) ән шырқау дәстүрінің болғандығы анық. Бұған ежелгі Шумерде жасанып киінген жұрттың
Бір қызығы, көшегендерде ән-күй өнері негізінен жекедаралық сыйпатқа тән болғанмен, мереке кездерінде Жыйыл тұрғысына бағышталған хордың шырқалуы, Наурыздың әлдебір киелі қасиетіне сенуден және ешкім де қасиетті сәтте өзінің жекедаралығын көрсетуге тиіс еместігінен туындаса керек. Көп өнерпаздың бірігіп өнер көрсетуі, сондай-ақ, көшегендердің салтанатты сәттерінде қолға алынған үдеріс екендігін, көпсериялы қытайлық «Шыңғыс хан» тарихи фильмі алдымызға тағы жайып салды.
Наурыздық өң санатына келсек, ол да жеті бойаумен анықталады. Аспандағы алғашқы көктемгі жеті түсті көпірқосақтан (о бастағы «көмпір» сөзі бұзыла келе «кемпірге» айналған) бастап, жер бетіндегі бірыңғай ақ түсті қардың кетуінің өзі жер бетін талай түске бойайтыны, мереке күнгі алуан өңді киім-кешек пен үйдегі түрлі түсті заттарды жайу көріністері жетік түс тұрғысын қанағаттандыру болып табылады. Ежелгі түркілердің түсінігінде әр түстің өзіне тән құбылыстық сыйпаты бар: солғын жасыл түс балаңдық пен бастау түсі; ақ түс кемелдіктің, қартайудың белгісі болып табылады. Сондықтан да, жас келіннің шымылдығын, жас жұбайлар отауын әлем-жәлем етіп, алуан түспен жасандырса, қария бейітінің басына шыққан қасиетті ағашқа ақ орамал байлау оның кемелдігін мойындау, екі дүние арасындағы делдалдықты әсерлеу болып есептеледі. Кәзірде кең қолданыс тауып отырған қазақы құрақ көрпенің шығу төркіні де, осы наурыздық алуан өңді паш етуден туындаған жұрнақ деп топшылаймыз. Өйткені, мұндай көрпелер, жай ғана алуан өңді мата қиындысынан емес, тойлар мен түрлі өмір қуанышының куәсі бола жыртылып, үлестірілген жыртыстардан құралатыны белгілі.
Бояудың кемелдік сыйпаты түркілердің түсінігінде ақ түс болып табылады. Сондықтан да ақ түс - қарттықтың нышаны, өңдердің кемелдік сатысы, түстердің жыйылу көрінісі,бойаулар синтезі. Ал, қыс - Жылдың қартаю кезеңі (маусымы). Сол себепті кемеліне келген адамның бейітіне ақ шүберек байланады да, ал той-думанда жас-кәрісіне қарамастан қазақтар қызылды-жасыл (ақ пен қара түстен өзге) алуан түсті киім киінеді. Бұл – мерекелік мәнді жеті өңді тұрғыны қанағаттандыруға тиіс Көк шартына бағындыру белгісі ғана емес, өңдік даму жеті түске жіктелу сатыларынан өтеді, сол себепті, жеті өңдік дамуды паш ету алуан түсті безендірім арқылы жүзеге асады. Оның бір көрінісі – Құрақ көрпе жаю.Ал, солғын жасыл (салаттүсті) - өңдік бастапқы кезең. Сол себепті, Жылдың балаң шағын да жасыл түс паш етеді, ал ол - Көктемнің нышаны.