НАУ МЕН ЫРЫС

НАУ МЕН ЫРЫС
жеке
блог

Бұл еңбекте Наурыз мерекесінің тарихы мен оның түркі халықтарындағы мейрамдау нұсқалары, оған қатысты ұғымдар мен рәсімдер, ғұрыптар, нышандар қарастырылған. Наурыз мерекесінің ғасырлар бойғы қалыптасуына түркі халықтарының қосқан үлесі мен мұралары, танымдары, дәйектері сарапталған. Қазақ халқының этнографиялық және фольклорлық мұраларындағы Наурыздың іздері зерделенген. Мерекені жалпыхалықтық деңгейде атап өту мүмкіндіктері ойластырылып, заманға лайықтау мәселелері көтерілген, жаңаша сценарийлер мен мерекелеу нұсқалары ұсынылған. Еңбек мәдениеттану мамандары мен көпшілікке арналған.

Пікір жазғандар:
Р.Н.Шойбеков, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі, Филология ғылымдарының докторы;
Д.Қамзабекұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор

М А З М Ұ Н Ы

АЛҒЫСӨЗДЕР

К І Р І С П Е

АДАМЗАТҚА  ОРТАҚ  ЖОРАЛҒЫ

НАУРЫЗДЫҢ  ТЕОЛОГИЯЛЫҚ  ТАМЫРЫ

НАУРЫЗДЫҚ  ШЕЖІРЕ

ТҮРКІЛІК ДӘЙЕКТЕР

НАУРЫЗДЫҚ  ТАНЫМ  ТИЕГІ 

НАУРЫЗДЫҚ  КҮНТІЗБЕ

ҒАЛАМДЫҚ ҮЙЛЕСІМДІ ДӘРІПТЕУ

КОСМОГОНИЯЛЫҚ  ТАНЫМ  ҚОРЫ

НАУРЫЗДЫҚ  ҒҰРЫПТАР 

НАУРЫЗДЫҚ  КЕЙІПТЕР

НАУРЫЗДЫҚ  НЫШАНДАР

НАУРЫЗ  БЕН ТАРИХИ  ТАҢБАЛАР

НАУРЫЗДЫҚ  МӘН  МЕН  ДӘРІП

«НАУРЫЗ»  СӨЗІНІҢ  ТЕГІ

ТҮРКІЛІК  НАУРЫЗ 

БҮГІНГІ  НАУРЫЗ

НАУРЫЗДЫҚ  ТҰРҒЫЛАР

НАУРЫЗДЫҚ ТҰРПАТ

НАУРЫЗДЫ  ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТАУ

МЕРЕКЕЛІК  ЖАРАҚТАР

НАУРЫЗДЫҚ САЛТАНАТ СЦЕНАРИЛЕРІ

ЖОЛТЕРЕК (ертегі)

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР

 

АЛҒЫСӨЗ  ОРНЫНА

 

АЗАТТЫҚ  АЙҒАҒЫ

 

1988 жылы, алаштық айбынымызды Желтоқсанның саяси ызғары қарыған, ел басына күн туған шақта, ұлттық рухты қайткенде көтереміз, халқымыздың еңсесін қалай тіктейміз деген ниетпен қарбаласқан кезеңдегі тәуекел істің нәтижесінде ұлыстың ұлы күні болған Наурыз мерекесі ресми түрде қолға алынды. Алайда, елдің оңтүстігі мен батысындағы халқымыз Наурызды ешуақытта жетімсіреткен емес, бұл аймақтарда тоқтаусыз түрде халықтық мерекеге айналып келген еді. Дегенмен, ұлы мерекеміздің мемлекеттік мәртебе алып, ресми мерекелене бастағанына 20 жылдан асты. ХХ ғасырдың соңында ұлттың қаралы күніне желеу болып, кеңес империясының шабарманы рөлін атқаруға мәжбүр болған Г.Колбинді ұлық мерекеміз болып табылатын Наурызды ресми мейрамдауға барымызды салып жүріп көндіргеніміз күні кеше секілді еді. 

Бірақ қоғамда нақышты Наурыз мейрамын мерекелеу жөнінде бүгінде біршама сын пікір қалыптасып отыр. Соның бірі - Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда әрі жұпыны, жүрдім-бардым, алқам-салқам; ішіп-жеуден аспайтын, бұқаралық сыйпаттан ажырап, театралдық кейіпке енген, санаулы жұртшылықтың қызықтауына айналған, фольклорлық қойылым деңгейінде деген мазмұндағы пікірлер айтылып та, жазылып та жүр.

Бұл пікірлердің жаны бар. Шынында да, Наурыз жалпыхалықтық мерекеден гөрі, этнографиялық еске алу күніне көбірек ұқсап, әкім-қаралардың еріккеннен бой жазып, ішіп-жейтін ермегіне айналып кетті. Оны жақсартуға бас қатырып жүрген ұлықтарды көре алмайтын күйге ұшырадық. Сондықтан да, халық болып, ардақты мерекенің қадырын кетірген бейбастақтықтан, қара басқан қарабайырлықтан құтқаратын уақыт келді! Оның өзіне сәйкес нышандарын қалпына келтіріп, мерекелік ұғымдары мен мағынасын, мәнін орнықтыратындай шаралар мен іс-әрекет қажет! Осындай жағдайда Наурыз мерекесін зерделеген Серік Ерғалидың «Нау мен ырыс» атты еңбегі - назар аударарлық әрекеттің жемісі. Аталмыш зерттеме тарихи тамырластық пен сабақтастық, түркілік күретамырдың бүлкілін байқатқан ғылыми пайымы қыйыстырыла жазылған еңбек деп бағалауға болады.

Бұл еңбек өзіне арқау ретінде Наурыз мерекесінің түркілік дүниетанымнан бастау алатынын дәйектеуге қажетті дерек пен негіздемелерді барынша жыйыстырған дүние болып шығыпты. Әсіресе, бүгінгі күн үшін бастысы - осы пайымдамаға негізделген Наурыз мейрамын жаңаша мерекелеу нұсқаларының жұртшылық үшін қызықты және өмірге енгізуге лайық, бүгінге бейім, ұлттық көзқарас пен танымға таңылған ұсынымдар деуге болады. Бұл идеялар Наурыздың ұлттық мәйегін сақтай отырып, заман талабына сәйкестендіру арқылы мерекені мардымды ететіндей, оған жалпыхалықтық сыйпат беру тұжырымына негізделіпті.

Кезінде атойлап жүріп, өзіміз бастаған істің баянды болғанын, кейінгі ұрпақтың жалғастырғанын өз басым құптай отырып, рухани інім С.Ерғалидың бұл еңбегін халықтың сарабына салуға лайық дүние деп есептеймін және ақ жол тілеп, «алаштың әжетіне жарайтын жарағы болғай» деп батамды беремін.

Наурыз мерекесі - жай ғана Жылбасы немесе мерекелік рәсім емес, Азаттығымыздың рухани айғағы. Сол айғағымызды паш етуге қажет халқымызды рухынан ажыратпайтын, жігеріне жігер, салтанатына салтанат үстейтін, шағын болса да шарасы зор, мәні маңызды, осындай еңбектер лайым елдің көзайымы болғай!

М.Шаханов, ақын, Қазақстанның халық жазушысы