Намысымсың туған тіл!

Намысымсың туған тіл!
жеке
блог

Әр елдің ұлттық байлығы оның тілі. Тіл адамның жаны. Ата-бабасынан аманат етіп қалдырылған ұлттық мұрасы. Адамның тәрбие көргендігі де, тағылымы да оның тілінен аңғарылады екен. Тіл адамның жаны дедік қой! Әлбетте, шыр етіп дүниеге топ етіп түсе салғаннан кейін, сенің құлағыңа сіңетін асыл қасиет емес пе?! Олай болса, тілдің құндылығы әлемге айқын. Әр ұлттың, әр елдің тағдыры осы тілімен байланысты. Сондықтан да, тілді қастерлеу үлкен маңызға ие. Қазақстан дейтін жарты дүниенің тілі, оның жарты ғасырының емес, бүкіл өмірінің куәсі.

Ата-бабалардың жүріп өткен жолы, басқан топырағымен, берген тәрбиесімен сіңген, ана сүтімен дарыған мінезі. Аяулы анамыздың сүтімен сіңген тіліміз, болашағымыздың жаршысы. Ал олай болса, анамыздың аппақ қана сүті біздің ойымызға, бойымызға сіңетін асыл тәлім. "Сүт сүйек өсіреді" дейміз. Ол сүйекті ғана шымырлатпайды, жүрек түбіне терең бойлап, патриоттық тәрбие де береді. Сүйек емес, ой өсіреді. Бойды емес, рухты өсіреді. Осылайша, ұлттық мұрамыз, ананың тілі арқылы дариды. Ардақты тіліміз қазақ тілін – ана тіліміз дейтініміз сондықтан!

Ежелден-ақ, небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген төзімді халық, қазақ халқы. Менің халқым! Қайсар халық, ұранды халық! Рухы биік, керегесі кең халық. Сонау заманның ызғарын кешіп, кешегі ашаршылықты да бастан өткеріп, азаттықтың көші болған қазақ! Халықтың ұлы көшін бастаған ғұндар ғой! Сол ғұндардың, сол сақтардың ұрпағымыз –  біз. Кешегі Ұлы Отан соғысында ел үшін жан пида деген де қазақ! Соғысқа өз еркімен сұралған да қазақ! Әскерде жауға қарсы алғы шепке шыққан да қазақ! Рейхстагқа ту тіккен де қазақ! Желтоқсанның ызғарында, ұлттың ғұмырын ойлаған, ұрпақ келешегін ойлаған да қазақ қой! Ал міне, осындай өр тұлғалы ұлттың жаны қазақ! Ал, сол қазақтың жаны – тіл!

Қазақстан дейтін Еуразияның дәл кіндігінде орналасқан мемлекет барын ел біледі. Бар әлем біледі. Біздің алға қойған мақсаттарымыз да айқын. Болашақта үш тұғырлы тіл де қолға алынған іс. Дегенмен де,

"Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте." деген нақылды басшылыққа ала отырып, тілімізді қастерлейік, қорғайық. Құрметтеу деген ұғым оны қадірлеу болатын болса, ата-ананы құрметтейсін, үлкенді сыйлайсың. Бір рет қана емес, өмір бойы ізет көрсетесің. Бұл да осы сындарлы міндет. Осы сияқты құрметтеу ұғымы – оны бірінші орынға қою. Тілдің ырқына көніп, оны ылғи өзіңмен ертіп жүру. Бір жерден естіп қалдым, Қытай елінде бір сынақта мынадай бір сұрақ келіпті: "– Өз басшылары мен халқы өз тілінде сөйлемейтін ұлт? Ал дұрыс жауабы – Қазақстан екен. Қытайда оқитын қандасымыз намыстан жарыла жаздап елге осы хабарды жеткізіпті.

Бұған қарап-ақ қынжыласың, намыстанасың. Шыны керек, қазіргі кезде жоғарғы билікте отырған басшылармен қоса, қарапайым дейтін халықтың өзі орысшаға әуес болып алды. Әсіресе, қалалық өлкеде тұратын қазақтардың аузынан осындай бөтен тілді күттім дей бер. Бұл менің, сенің ғана жаныңды қинамауы керек. Бүкіл қазақ жұртының тілім деп жүрегі қайнап салуы тиіс. Бүгінгі таңда орыс тілі заманауи үлгідегі соңғы сән іспеттес. Көше, аудандарды аралап, не бір жерге бара қалсаң, қазақтардың бір-бірімен орысша сөйлесуі зығырыңды қайнатады. Мейлі. сөйлессін. Орыспен сөйлессін. Ал қазақ қазақпен неге бөтен тілмен шүйіркелесуі керек?! Неге..? Ана тілді масқаралау деген осы ғой, ал!

"Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Бұл адамның білімсіз бейшарасы." дегім келеді. Абайдың "ақын" сөзімен алмастырғанда.

Қазіргі таңда бірқатар қазақша үйрететін мекемелер ашылыпты Орыс, түрік, ұйғыр тағы да басқа ұлт-өкілдерінің жайсаңдары тіліміздің мерейін аспандатып жүр. Осы кісілерге қарап разы боласың. Бір жабырқататыны өзгелер қазақша үйреніп жүрсе, қазақтарым орысша шүйіркелеседі. Көріп жүрген көздердің байқауы бойынша мен білетін қазақ дейтін қадірлі халық арасында да орысша тілмен, бөтен интонациямен ыңғайын, сәнін келтіріп, сызылып сөйлейтіндері бар. Па шіркін, қазақ тілін солай сөйлесе ғой. Жоқ, ана тілін ат үсті сөйлейді. Шұбарлайды. Әлеуметтік желілерде де орысша жазып, орысша сөйлегенді құп көреді. Бұл қазақтың қазіргі қалпы. Кейде, бұрынғы қазақтың қалпы қандай еді, деп таңдай қағасың. Бірақ, өзіміздің жетіскендігіміз жоқ. Ат салысу біздің борышымыз. Түзеу керек, түзелу керек. Істі төтесінен қою керек.

Абай атам былай депті:" – Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват!" Дұрыс-ақ, адамды заман өзгертеді, ортасы құбылтады. Ал біз заман түзелсін десек, өзімізді жөнге салайық. Заманға еліктесек, онда бізде не қалады?! Мәдениетіміз, құндылықтарымыз қайда қалады? Сірә, олай бола қоймас! Қазір де қазақ қалпы өзгергенімен де салты өзгермеді. Бұған да шүкір. Ұлтжанда ағаларымыз бен апаларымыз, тәрбиелі қоғам барында өшті деуге келмейді.  Сөзді тарқата келе, тілдің асыл екендігі, оны келешекке табыстау керек екендігі бәрімізге аян! Тіліміздің мазақ болуына жол бермей, табан асты етпей, жоғары көтеріп жүрейік. Өз елімізде, өз тілімізбен сөйлеуге қысынбай, қайта қазақ екенімізді мақтан етейік. Ал олай болса, тілмен де, жүрекпен де тілімізді асқақтатайық!

P.S. Естуім бойынша, Америка Құрама Штатында ағылшын тілім меңгеремін дейтіндерге тегін курстар бар екен. Ал біздің мемлекетіміздегі қазақша үйрететін мекемелер ақшамен екен. Қалай болғаны дұрыс деп ойлайсыздар?! Егер бізде де тегін болған жағдайда үйренемін деушілер қатары көбейер ма еді?!