Домбыра- қазақтың ұлттық аспаптарының бірі. Қос ішектен төгілген күмбір күй-қазақтың кім екенін танытатындай. Домбыра - атадан қалған мұра. Сол атам замандағы талай зардап пен соғыстың, қан мен тердің, қиындық пен қуаныштың куәгері. "Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра" деп дана халық бекер айтпаса керек. Жыршы-жырауларға демеу болып, халықтың қуанышын да, қайғысын да жырлауына септігін тигізді. Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, бертін келе Нұрғиса, Кенен, Ахмет сынды ата-апаларымыз сол домбыраның қасиетін түсінген, бүгінге жетуіне септігін тигізген жандардың алды болар. Бұл жандардың күйлері мен әуендері халқының құлағында ойнап, оларға әлі күнге эйфория сыйлап жүргені де рас. Демек, домбыра біздің ұлттық құндылығымызды сақтайтын кішкентай алғышарттардың бірі.
Бәлкім, сол үшін болар жақында ғана Елбасы "Домбыра күнін" белгіледі. Шілденің бірінші жұлдызына түскен бұл мейрам осы жылы алғаш рет тойланып өтті. 1 шілде күні дүние есігін ашқан нәрестенің отбасына домбыра сыйға тартылды. Бұның барлығы не үшін деген ой келген болар. Бұны менің ойымша жіктесек:
Біріншіден, Атадан қалған мұра! Домбыраның өзі бір төбе, домбыра арқылы бізге жеткен бабалардың күйлерін айтсаңшы! Ал оны біз жаңғыртпасақ, бізден кейінгі ұрпаққа жете ме?
Екіншіден, ұлттық құндылықты сақтау мен бойға сіңіру шарасы. Бірақ бір ғана домбыраның оған шамасы жетпейтіні хақ. Ұлттық құндылықты сақтауға әлі біраз тер төгілуі қажет. Ұлттық құндылық, менің ойымша, тәрбие негізі. Сол тәрбиенің ішінде қазақы тәрбиені бойға сіңірсек жақсы емес пе? Кезіндегі қазақ ұлы қандай еді? Елі үшін жанын берер рухты, жолбарысты алып ұрар қайратты, басын төмен салмайтын намысшыл еді. Қазақ қыздары биязы мінезімен, қылықтылығымен басқалардан ерек көрініп, бөлек шыңда тұратын еді. Қазір бізді басып, сол шыңнан құлатып жатқан батыстан келген "паразит". Домбырадан әр үйде күмбірлеп күй ойнаса, ұл да, қыз да домбыраның қасиетін түсініп, домбыра , домбырамен әуеленген күй арқылы ұлтының ұлылығын сәл де болса түсінер ма еді? Кім білсін?! Менің ойым осылай, ал сіз қалай ойлайсыз?