Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра

   Бүгінгі той қоштасу өзге әнмен, бүгінгі той сырласу қазағыммен. Домбыра деп жиналған жастардың ойы осындай. Олар өз еріктерімен ағыла келгендер, бұл жиынға.  Өйткені, мұндағы өнер ешқандай ақыны да, нұсқауды да қажет етпейді.

   Домбыра Party — жалпыхалықтық саз құралы ретінде домбыраны, ұлттық музыканы, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қайтадан сәнге айналдыру. Жалпы қазақшылықты насихаттау мақсатында туындаған флеш-моб форматындағы қозғалыс. Ресми басталған күні – 2012 жылдың 16 тамызы. Атап айтқанда "КерекИнфо" сайтының қолданушылары Аршат Оразов, Алдан Жылгелді, Нұрғиса Асылбеков, Маралбек Сағынғанов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай және Нұрберген Мақым атты сегіз жігіттің бастауымен дүниеге келген бірегей жоба.

   Шыққан тарихы да қызық. Алғашқыда Олимпиада ойындарының жемісін тойлаудан басталып, кейін үлкен флеш-моб көлеміне айналған. Кезекті алтынды қанжығаға байлағанда, Алмас Алтай домбыраны қолға алып күмбірлете күй тартқан. Келе жиналған қауымға ашық алаңқайда домбыра шертіскен ұнап қалып, олар басталған істі үрдіске айналдырған. 

   «Бұл істің мақсаты ұлттық аспапты, ұлттық музыканы насихаттау. Party-дің арқасында домбыраны кез-келген адам ойнай алатынын дәлелдеп, кез-келген адамның үйренуге деген талпынысын ояту», - дейді негізгі идея авторларының бірі Маралбек Сағынғанов.

   Елордадан бастау алған әдемі жиын өз кезегін шартарапқа иіріп әкеткен. Осылайша жалғасын тапқан бас қосу бүкіл қазақ даласын тербеді. Ешқандай қоспасыз, таза, қоңыр дауыс даланың дел-сал самалындай. Баяу соғып, жаныңды рахатқа бөлейді.

   Домбыра Party-дің ешқандай саяси астары жоқ. Мұны дәлелдейтін бірнеше себептер бар. Оның бастысы, ол ешқандай ұранды, ресми рәміздерді қажет етпейді, тек міндеттелген шарттары әр кештің өз жүргізушісі болу керек, онымен қоса ФБ (фейсбук) қауымдастығындағылар жүрген жерінде Домбыра Party туралы айтып жүруге тиіс.

   Бір қызығы, Домбыра Пати елеміздің барлық аймақтарында бірдей уақытта басталады, оның сыры да белгілі. Бір уақытта барша қазақ даласын домбыраның үнімен тербеу.

   Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша өлең оқуға жол жоқ, бірақ айтысуға болады. Тек саясат, дін мәселесін қозғаусыз. Яғни, қыз бен ұлдың ерке сөз таластыруы.

 

Еркін Шүкіман, дәстүрлі әнші:

-Кейінгі кездері жастардың өнерге деген ерекше ықыласын, құрметін байқамай жатқан жоқпыз. Солардың бірі әрі ірісі болып Қазақстан көлемінде үлкен қолдауға ие болып отырғаны Домбыра Пати жобасы. Осы жобаны ұйымдастырып жүрген ұл-қыздарға рахмет айтамыз. Домбыраға жастардың ықылас қоюы, осы жобаның пайда болып, бірден қолдауға ие болуы – рухтың оянуы деп есептеймін.

Бақыт жайлы толғам көп,

менің бағым – домбыра.

Майсаңдап күй шертпесе

неге керек қол мына! -демейді ме, Жұмекен Нәжімеденов. Қазақтың қазақтығын танытқан ұлы аспапты жоғары деңгейге көтеретін кез келген сияқты. Қарап отырсаңыз жастардың бұл жаңалығы ұлттық дәстүрді кеңге жаюға жақсы іс. Тіпті, көшеде гитараны тартып отыратын ұл-қыздардың деңгейіне домбыраны түсіру.

   Қазірде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Жаңаөзен, Орал, Атырау, Ақтау қалалары Домбыра Патиді үзбей өткізіп жүр. Бірдей уақытта. Шараның жемісі деп осыны айт. Мұнымен қоса, Баян-Өлгей, Ыстамбұл, Лондон сияқты шет мемелекеттерге де етегін жайды. Ондағы қазақ бауырларымыз, домбыраның құдіретін танытып жүр. Болашақта жұмыла көтерілсек халықаралық деңгейге де алып шығармыз игі істі. Өйткені, өнер шекара таңдамайды. Жастардың жасаған жақсылықтарының жайылғанына қуанамыз, әлбетте.

                                                                                                                                         Гүлжан Серік



Бөлісу: