Нағыз қаһарман

Жақында Қарағанды мемлекеттік университетінде ерекше кездесу өтті. Студенттерге қонаққа әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев келді. Мараттың лекциясын тыңдап отырып, біз шынымен де барымызды бағалай алмаймыз-ау деген ой келді. Өйткені Марат Жыланбаев адамзат тарихында тұңғыш рет әлемдегі ең ірі шөлдің бірі Сахараны солтүстіктен оңтүстікке жүгіріп өткен. Ол 150 жылдық тарихы бар «Вокруг света» журналы тамсана жазған тұңғыш қазақстандық. Ол әлемдік Гиннестер кітабына 7 рет енген бірінші қазақ. Өкінішке қарай, ел ішінде елеусіздеу жүр. БАҚ-нан кейде ол туралы материалдардың жарық көргені болмаса, көпшілік ол туралы біле бермейді. Қоғамдық қолдау байқала бермейтін сияқты. «Мен еш қолдаусыз, жалғыз жүріп, ойлаған мақсатыма жетуге үйренген адаммын. Мен үшін қиындық деген сөз жоқ» дейді Мараттың өзі. Лекциядан түйген ой, оның өмірі шынымен де қиындыққа толы. Бірақ, өз күшімен, еңбегімен бәрін жеңген жан.

Марат туралы деректер:

7 жасында ата-анасынан айырылады.

 Балалар үйінде тәрбиеленген.

 Бала күнінде жаттықтырушылар сенен желаяқ шықпайды деп, оның спортшы болатынына сенбеген.

 Желаяқ ретінде жаттыға бастаған бірінші жылының соңында-ақ бірнеше әлемдік рекорд жасаған.

 Еуропаның ең биік шыңы Эльбрусқа (5642 м) екінші болып жүгіріп шыққан.

Гиннестің рекордтар кітабына 7 рет тіркелген:

Бір жылдың ішінде (1990 жылғы 6 қазаннан бастап 1991 жылғы 5 қазанға дейін) 42 шақырым 195 метрден тұ­р­а­тын классикалық 226 марафонды жүгіріп шықты; 

1991 жылғы 2 наурыздан 24 наурызға дейін 23 күннің ішінде қатарынан 23 классикалық марафон жүгірді; 

1991 жылғы 1 маусымнан 15 маусымға дейін 15 күннің ішінде (күніне екі марафоннан) 30 классикалық марафон жү­гірді, нәтижесі орташа алғанда – 4 сағат 00 минут 54 секунд. Бұл әлемдік рекордты әлі күнге ешкім жаңарта ал­ған жоқ.

Қарақұм арқылы 1992 жылғы 2 сәуірден 22 сәуір­ге дейін 20 күннің ішінде 1200 шақырымға жүгіріп тағы бір рекорд жаңартты. Бұл әлемдегі марафоншылар арасындағы ең ұзақ қашықтық.

Сахара арқылы ең ұзақ жүгіріс (1993 жылғы 25 ақпан – 23 наурыз, 24 күннің ішінде 1700 шақырым); 

Австралиядағы шөл дала – Үлкен Виктория арқылы ең ұзақ жүгіріс (1993 жылғы 24 қараша – 15 желтоқсан, 22 күн­нің ішінде 1600 шақырым); 

Америкадағы шөл дала – Невада арқылы ең ұзақ жү­гіріс (1994 жылғы 1-19 сәуір, 17 күннің ішінде 1218 шақы­рым). 

Марат өз ойлап тапқан әдістер бойынша жаттыққан. Ол бойынша әдеттегідей аптасына 65-70 шақырым емес, күніне 70-80 шақырым жүгіру керек. Мұндай шақырымды жүгіруге әлемдегі кез-келген желаяқ бас тартушы еді. Марат  күніне 5 шақырымнан арттырып отырып, бұл көрсеткішке 1-ақ жылда жеткен.  

Спорттық бағарлаудан жасөспірімдер арасындағы СССР чемпионы.

Еңбек жолын суретші болып бастаған, Қазақстандағы жекеменшік көркемсурет студиясын ашқандардың бірі.

Мараттың орындалмаған армандарының бірі – әлемді айналып жүгіріп өту. Бірақ, қаржылай қиыншылық қолбайлау болады. Сапарға қажетті 1 млн. долларды жинай алмайды.

Ұзақ жылғы жарыстардағы дене мен жүйкеге түсетін ауырлық  салдарынан Марат соңғы жылдары қатты ауырады. Есте сақтау қабілетінен айырылады.

Оған АҚШ, Ресейден өте қолайлы ұсыныстар түседі. Мүмкін ол ұсыныстарды таңдағанда денсаулығы да  мықты, әлем таныған тұлға болар ма еді?!  Алайда ол отанында, Қазақстанда қалуды таңдады.

Ауру салдарынан Марат соңғы 17 жылда жүгірумен айналыспайды екен. Тек соңғы жылдары ғана денсаулығы аздап түзеліп, өзі үшін жүгіре бастапты. Кездесуде, оның сөздерінен әлі де әлемді жүгіріп өткісі келетіні сезіліп тұрды.  

Спорттан қол үзген соң Марат кәсіпкерлікпен айналысады.

Қазіргі кезде кәсіпкерлік нысандарын жалға беріп, өзі Астанадағы көпқабатты үйлердің шатыры астынан жүгіріп жаттығу жолдарын салу жобасымен айналысуда.

Астана қаласында тұрады. Қазақстанның құрметті азаматы.

Ерекше өткен кездесуден соң, әлемге танымал, әрбір ісі үлгі, бірақ біз білмейтін жандар көп екен-ау деген ойға келдім. Іштей, іздеп олардың өмірлері туралы бөлісіп жүрген дұрыс деп шештім.

Кездесуде білгенім: Қарағандылық студенттермен кездесуді kaspi bank ұйымдастырыпты. Марат банктің «Қаһармандар Kaspi-мен бірге» атты жаңа жарнамалық кампаниясының алғашқы кейіпкері екен. Шараға қатысқан kaspi bank-тің атқарушы директоры Маржан Елшібаеваның айтуынша бұл кампанияның мақсаты банк өнімдерін жарнамалау емес. Тек, Марат сияқты ерекше жетістік иелерін насихаттау. 
«Біз өзінің қажырлы еңбегінің арқасында керемет жетістіктерге жеткен нағыз адамдар туралы айтпақпыз. Біз Қазақстанда тұрып, Қазақстанда жұмыс істейміз. Өзімізге және балаларымызға үлгі бола алатын отан­дастарымыз жанымызда жүр. Осындай адамдарды барша қазақстандықтарға таныстырғымыз келеді. Олардың жүріп өткен жолы ерлік пен жетістікке жетелейді. Сол арқылы біз өзімізге және айналамызға жаңаша көзқараспен қарай аламыз. Жақсы жағына өзгеру бірінші кезекте өзімізден басталатынына сенімдіміз», деді ол. Жақында Мараттың қатысуымен банктің жарнамалық ролигін көрдім. Шынымен банк өнімі туралы бір ауыз сөз жоқ. Тек, Марат Жыланбаев адамдарды өзінің жетістік жолдары туралы баяндап, еңбекпен, талмай тер төгу арқылы жетістікке жетуге шақырады. Бизнестің Марат сияқты қаһармандарға қолдау білдіргені қолдайтын іс. Марат сияқты жандарды қоғамға көбірек насихаттау керек. Олар шынымен қаһармандар.  Мараттың қатысуымен роликті көру үшін басыңыз.

Cурет: e-event.kz



Бөлісу: