Соңғы уақытта тасада қалған тәуелсіздік пен ерте құрылатын шырша жайлы әңгімелер көбейіп кетті. Соған орай Міржақып Дулатұлының "Қайда едің?" деген өлеңіндегідей заңды сұрақ туындайды.
Бірінші. Жылда 16, 17, 18 желтоқсан күндері Тәуелсіздік ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, осы күнге жетуді аңсап, шейіт болған бабаларымыздың рухына, Желтоқсан оқиғасының құрбандарының рухына құран бағышталады. Бірақ сол шараларда неге екені халықтың қарасы аз болады. Жастар тіпті жоқтың қасында. Неге?! Әлеуметтік желілерде байбалам салып, бүйтпеді, сөйтпеді дейтіндер сол күндері қайда болады?! Әдетте елдің "алдында" жүретін "мықтылар" сол күндері не істейді?! Неге дәл сол күні үнсіздік орнайды сондайлардың парақшасында?!
Екінші. Біз жаңа күннің шыққанына қуанамыз, жаңа аптаның келгеніне мәз боламыз, жаңа ай басталғанда айдан айға жеттік деп шаттыққа бөленеміз! Күнде таңертең тұрып бір бірімізге қайырлы таң тілейміз, дүйсенбі күні жаңа апта жаңалыққа толы болсын дейміз, ай басында жалақы алғанымызға қуанып, жаңа ай жақсы өтсін деп ниеттенеміз! Күннен күнге, аптадан аптаға, айдан айға жеткізгені үшін Аллаға шүкіршілік білдіреміз! Ал... Ал жылдың ауысуына келгенде... Құдай салмасын, айтарға сөз жоқ! Бәрі тырысып қалады неге екені. Өз өзімен дамып, бізде шаруасы шамалы Батысқа тиісе бастайды елдің бәрі. Сәл ойланыңдаршы, күн, апта, айдың ауысқанын қуанған жандар, жылдың ауысқанына неге қуанбауымыз керек?! Шырша, аяз ата бұл тек қосымша нәрселер ғой. Шыршаны қасиетті Қағбамен, ал Аяз атаны Құдіретті Алла Тағаламен салыстырып, сендер біріншілерін орынсыз асқақтатып, ал екіншілерін жоқ жерден төмендетіп жатырмыз деп ойламайсыңдар ма?!
Барлықтарыңнан мына сұрақтарға жауап күтемін:
Тәуелсізідік күнінің лайықты тойлануы үшін не істедің? Алаңға барып гүл шоғын қойдың ба? Бабаларға құран бағыштадың ба?! Сол күні қанша адамды құттықтадың?
Жаңа жылды тойлайсың ба? Тойламасаң, сол күнге орай берілген демалыста жұмыс істейтін шығарсың? Қанша адамның құттықтауын қабыл алып, қанша адамды құттықтайсың? Жылдың ауысуы сен үшін мейрам ба?!
Айтар сөз көп, уақыт тапшы! Барып Алланың разылығы үшін, елімнің қамы үшін жұмысымды істейін!
(с) Бекежан Айбекұлы