Мың сан пікір (қазақ киносының мәселелері тұрғысында)

Қазақ киносы ұлттық идеологияны қалыптастыратын бірден-бір пәрменді құрал һәм мемлекеттігімізді баянды етудегі аса маңызды қажеттілік. Сол «қажеттілікті» қажетімізге жаратып жүрміз бе? Бүгінгі күні «тізесі шықса да» талас-тартыстың ортасындағы өзекті мәселелердің бірегейі – кино, қазақ киносы.

Қарап отырсаңыз, алғашқы қазақ кинотуындылары орыстардың қатысуынсыз түсірілмеген. Авторлары қазақ болды десек, басты режиссері – мәскеулік. Демек, қай жерде өзгеше жаңалық пайда болса не дамыса ел соның соңыннан ереді. Себебі, сол кезде өзіміздің «режиссерлік мектебіміз» қалыптаспады да.

    Жұмабай Шаштайұлы редакторлық еткен еларалық еркін «Zaman Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 8 қараша айында (№42) шығарылған санында 4-бетте «Өнер-Фәлсафа.Парасат» айдарымен «Суреткер проблемасы – өмірдің қайшылықты тұстарын іздеп табу» деген мақала жарияланған. Қазақстан Жастар Одағының лауреаты, «Қиян», «Сергелдең», «Мотоциклдегі екеу» фильмдерінің кинорежиссері Серік Апрымовтың: «Біз жас мамандар үкіметтің кино жөніндегі саясатына қарсымыз. Тәуелсіздік алған  Қазақстанды, қазақты таныту үшін тарихи фильмдер түсірілсін дейді үкімет саясаты. Бірде-бір мемлекет бүгінде тарихи фильм түсірмейді. Өткені, сұраныс жоқ, көрермен жоқ. Үкімет бір «Абайдың» өзіне 4 млн доллар, «Жамбылға» 2 млн доллар, енді «Абылайға» 7-8 млн доллар қаржы бөлмекші. «Абай» секілді фильмге жұмсалған қаржының жүзден бірі қайтпады. Оның орнына біз 40 фильм түсірер едік. Бұл бөлінген ақшалар халықтың еңбегі. Жұрт базарда күнін әрең көріп жүргенде, кино түсірудің қажеті не?

  Мен шет елдік әріптестерімді сыйлаймын. Өйткені, олар қаншалықты пайдасыз болғанымен түсінігі бар. «Сенің жұмысың жақсы болсын, сенің киноңмен менің атым шығады, сондықтан ойымыз, мақсатымыз бір» деп қаражат жағынан көмектеседі. Ал өз еліміздің демеушілері ақшасын бермей жатып, қайтарымын ойлайды.

  Мен тарихи фильм түсіргім келмейді. Қазақстаннның гүлденіп, жайнағаны жайлы да ешқашан фильм түсірмеймін. Қазақстан гүлденіп, жайнап-ақ кетсін, суреткер проблема таба білуі керек. «Қайыршы мемлекетсіңдер, проблеманы іздеп әуре болмайсыңдар» дейді шет елдік әріптестерім»,-деген  ащы ойын ортаға салған. Бұдан «мынау режиссер не деп тұр? Өзіміздің тарихи фильмдерді түсіру ақсап тұрғанда, не білгені бар» деп ойлап қаласың.  Жалпы, Серік Апрымов фильмдерінің негізгі желісі: мейірбандық, адалдық, қайырымдылық секілді асыл қасиеттер, ұмыт боп бара жатқан халықтық дәстүр. Бұл 1996 жылғы пікір.

Республикалық қоғамдық-саяси апталық  «Жас қазақ үні» газетінің №21(446) (29.05.2010-04.06.2010 бас редакторы: Өмірзақ Ақжігіт) санында Фазылбек Абсаттардың «Қазіргі қазақ киносы ұлттық тұтастығымызға қауіпті» деген жеке, сыни көзқарасы көрсетілген. Мақаласында ол: «Қазақ киносын сөзсіз түрде кеңестік және тәуелсіздік кезеңіндегі деп екіге бөлуге болады. Өкініштісі қазақ киносы екі кезеңде де қазақ ұлтының мүддесіне жұмыс істеген жоқ. Алғашқысы коммунизмді дәріптесе, қазіргісі халықты азғындатып жою саясатын насихаттауда. Дегенмен екі кезеңді салыстырып қарап болсақ, кеңестік кезеңдегі қазақ киносы астарлап болса да, қазақтың ұлт болып сақталуына әлде қайда көп үлес қосты.

   Бұрындары елдің болашағын жастарына қарап білетін болсақ, қазір киносына қарап байыптайтын  болдық. Өзгенің киносын түсіндірмей, басын көрсетпей, ортасындағы көріністерді көрсетсе бірден тауып аламыз. Себебі, оның тілі, келбеті, ұлттық идеологиясы көрсетілген. «Келін», «Қарой», «Махамбет тәлкегі», «Ойпырмай», «Қайрат чемпион. Девственник №1», «Әке қорлығы», «Тюльпан» кинолары қазақтың салтында жоқ дәстүрлерді насихаттап, азғындықты, арсыздықты көрсету арқылы халықтың санасын бұзуда»,-деп біздің болашағымызға алаңдайтындығын көрсете білген. Алаңдайтындай жөні бар. Қазір жекеменшік киностудиялар көбейді деп мақтанамыз. Бірақ сол студиялар пайдалы, тәрбиелік мәні бар дүниелер түсіруден алшақ кеткен сияқты. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Әр кездің «ақ-қарасы» демекші, жақсысы мен жаманы болады. Бүгіндері қазақ киносының қоры жағымды жаңалықтармен толықты десек, бір шетінен «әттеген-айлары» көрініп тұрады.

    Әркім әртүрлі пікір айтты екен деп, соңынан қамшы алып жүгіруге әсте болмас. Дегенмен де, мен қазақ киносының ертеңінде, осы кезде айтылған, талқыланған сұрақтардың жауабы ретінде, бір ауыз толтырып айтарлық өзгешелік болатынына сеніммен қараймын. 



Бөлісу: