Мың бір ауруға --Месир маджуны дауа

         Өздеріңіз білетіндей түрік тәттілері туристерге кеңінен танымал. Баклава, локум, түрік халуасы, сүтлач дейсіз бе, қойш әйтеуір небір тәттілерден көз талып, аяқ сүрінеді. Оған сарай сұлтандарының ойлап тапқан тәттілерін қосыңыз. Қанша ғасырлар өтсе де рецебі бұзылмастан бүгінге күнге дейін жалғасын тауып келеді.  

 

       Түркияның Маниса қаласы әйгілі «Месир маджуны» деген кәмпитімен мақтана алады.  Бұл тәтті тек Манисаның ғана емес, күллі Түркия тарихында ойып тұрып орын алады. Жыл сайын наурызда  белгілі бір күнде «Месир маджуны» фестивальіне орай халық алаңға жиналады. Кәдімгідей ине шанжар жер болмайды екен. Манисадағы Сұлтан мешітінің төбесінен лақтырылған  месир маджуны жердегі халыққа жаңбыр секілді құйылады. Мен мұны видео хабарлардан көрген едім. Жергілікті тұрғындардан бөлек жыл сайын бұл фестивальды өз көзімен көру үшін шетелден қаншама туристер келетін көрінеді.  Барып көруге қызығушылығым оянған еді, алайда жергілікті  тұрғындар мұндай адам көп уақытта  бармауымды ескертті. Сондықтан аты аңызға айналған тәттіні арнайы Манисадан алдырып дәмін татып көрдім.  


         

         Маниса – шехзаделер (ханздалар ) ордасы. Қырық  бір дәмдеуіштен жасалған бұл тәттіні жеген халық, жыл бойынша жылан, әр түрлі улы жәндіктер шақпай,  денсаулығы мықты, ауырмай жүреді деп, оның шипалылығына сенеді. Бұл тәттінің шығуы, тарихта ғажайып Сұлтан Сүлеймен (Mühteşem Süleyman – түрікшесі) деген атпен белгілі Канунлы Сұлтанның заманында пайда болған деседі. Бәрі де Явуз сұлтан Селимнің әйелі, Канунлы Сұлтанның анасы Айше Хафса Валиденің Манисада науқасқа шалдығып қалуымен басталады.

         

        

     Маниса ол замандарда Сару  Алсанжак аралында Осман империясына падишаһ дайындаған ханзадалар ордасы болған. II Мурад, Фатих Сұлтан Меһмет, Канунлы Сұлтан Сүлеймен және II Селим сияқты Османлы тақтарына отырған он алты сұлтанды тәрбиелеп, хандыққа дайындаған мекен. Ханзада болу оңай емес. Сарухан санжак жері кішігірім Османлы мемлекеті болған деседі. Ханзадалар арнайы ұстаздардан тәрбие, білім алып падишаһ дәрежесіне жететіндей осы жерде өсіп-өніп, қанаты қатайып шығатын болған. Тарихтағы ең дана, күшті  әйелдердің бірі, керек жағдайда кеңес беріп отыратын Сұлтан Сүлейменнің анасы Айше Хафса Валиде сұлтан бірде қатты науқастанып қалады. Тәуір болмақ түгілі күннен-күнге хәлі нашарлай берген екен. Бүкіл императорлық сабылып емші іздеп, науқасқа шипа іздейді. Сұлтан Сүлеймен Манисада орналасқан Сұлтан Джами (Sultan Cami– түр.) мешітінде заманындағы барлық емшілерге дертке шипа болатын дәрі ойлап табуына жарлық берген деседі. Меркез Эфенді деген халық емшісі, осы маджунды әр түрлі шөптердің қайнатпасынан ойлап тауып, сұлттанның анасына ұсынады. Сонда осы маджунды жеп, Хафса сұлтан науқасынан құлан-таза айығып кетіпті.  Осыдан кейін басқа да науқастар дертіне шипа алсын деп, әр жыл сайын  сол маңайдағы Сұлтан Джами мешітінің ең жоғарғы төбесінен, халыққа шашып, таратуын Канунлы Сұлтан Сүлеймен патша әмір етіпті.  476 бері бұл дәстүр өзгерместен бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.  Айше Хафса Валиде сұлтанның бейнесі «Месир маджуны» халықаралық фестивальінің негізгі символына айналған. Театрландырылған қойылым қойылып, халық тәттіні көбірек алу үшін киімдерінің көкірек тұсын ағытып, не қолшатырларын теріс төңкеріп ұмтылады екен. Бұл тәтті ремватизм, жөтел, өкпе, бауыр, бас ауру сияқты көп ауруларға шипа болады, еске сақтау қабілетін жақсаратып, күш-қуат береді екен. Тамаққа тәбетті оятып, қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ бронхит, астма ауруларына бірден-бір ем. Сонықтан бұл тәттіні дәрі сияқты күніне кем дегенде біреуден қабылдап отырған дұрыс дейді.

          

    Кейбір ғылыми деректерде біздің заманымыздан бес мың жыл бұрын месир маджунына ұқсайтын маджунның Оңтүстік Месопотамииде өмір сүрген Шумерлер заманында қолдана бастағанын дәйлелдейтін жазбалар бар деп жазады түрік баспасөздері. Сол уақыттың өзінде-ақ, дәмдеуіштерді қайнатып, маджур дайындап алтын қаптарда сақтап, науқас адамдарға наурыз айының басында таратылыпты.            

       Мен де аты аңызға айнаған мәшһүр тәттіден ауыз тиіп көрдім. Түсі бала кезде жейтін қораз кәмпитке ұқсайды. Аздап ащылау. Жартысын әрең тауысқан мен үшін біраз таңсық көрінсе, ал қадірін білетін бәзбір адамдар үшін дәмін бір көріп тату арман екен. Ең бастысы – сенім, ниетте болса керек.Месир Маджунына аты ұқсас "Османлы маджуны" деген атпен мынадай түрін де Түркияның кез-келген қаласынан кездестіруге болады.

      


P.S: Суреттер интернет беттерінен алынды. 



Бөлісу: