Ассаламу алейкум құрметті массагет оқырмандары!
Шілде айының 13-нен 14-не қараған түні, бүгін – қасиетті Ләйлатул Қадір түні
*Қадір түні қандай түн?
Аллаһ Тағала мұсылман үметіне бұрынғы үмбеттерге қарағанда көп жеңілдіктер берген. Мысалы, бұрынғы үмбеттерде арнайы құлшылыққа арналған орындарда ғана ғибадат жасалса, мұсылмандарға барлық таза жерде құлшылық жасауға рұқсат етілді. Бұрынғы үмбеттерге соғыстан тапқан олжа харам саналып, ал пайғамбарымызға соғыстан түскен олжа адал етілді. Қасиетті Қадір түні де мұсылмандарға ғана тән. Бұл түннің ерекшелігі ретінде осы уақытта орындалған құлшылықтың жай уақыттардағы мың айлық ғибадатқа тең келетіндігін айтуға болады. Мың ай 83 жыл уақытпен шамалас. Ал енді ойлап көрейік, 83 жас – бір адамның өмір сүрген уақыты. Сол адам ес білгелі Аллаға ғибадат жасап, өз өмірін Аллаға арнады. Осы адамның бүкіл өмірінде жасаған сауап амалдарын сіз 7-8 сағат ішінде еншілеуге мүмкіндігіңіз өте мол.
*Қадір түні деп аталу себебі:
Бұл түн аса қадірлі түн, өйткені араб тіліндегі «لَيْلَةِ الْقَدْرِ — Ләйләт-ул-Қадыр» сөзі: «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі қадыр түніне дейінгі болатын (адамдардың рызық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелерге аян болады.
*Қадір түнінің маңызы:
Хадисте: «Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады; тағы бір хадисте: « Ол түнгі түскен көп періштелерге жербің беті тарлық етеді» делінген.
Кааб әл-Әхбар (р.а.): « Қадір түні аспаннан түскен періштелердің санын ешкім де білмейді, ол тек Аллаға ғана аян. Жәбірейіл (ғ.с.) сол қаптаған періштелердің ортасында болады. Жәбірейілдің(ғ.с.) назарына ілікпеген мұсылман қалмайды. Денеңіз бір нәрсені сезіп, жүрегіңіз езіліп, көзіңізден жас ақса, маңайыңызда Жәбірейіл (ғ.с.) тұр деп сезініп, дұға тілегіңізді көп айтыңыз» - деген.
Жәбірейіл (ғ.с.) періштелерді үмбетті аралауға жібергенде олар жұрттың іс-әрекеттерін бақылап, зікір-пікірлерін тыңдап, намаз оқығандардың сәлеміне жауап береді, олармен сәлемдеседі, таң намазына дейін дұға жасағандардың қасында «әмин» (қазақша «қабыл ет») деп тұрады. Ол осы түннің қадірін біліп, бұл түнді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген миллиардтаған мұсылмандардың шын ықыластарын, ниеттерін байқап, тілек дұғаларының қабыл болуына септіктерін тигізіп, қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылықтарымызға куә болады.
Сондай-ақ өзіңіз ниет етіп жүрген нәрселерді сұраңыз, себебі пайғамбарымыз Мұхаммед(с.а.с) (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадисінде: " Алладан сұраңдар, өйткені ол пендесінің қолын қайтаруға ұялады" -деген.
P.S. Байқауға қатысушылар! Байқаудың әділ өтуін, мақсаттарыңыздың орындалуын, ойыңызды жүзеге асыруда жәрдем беруін сұраңыз. Дұға - тілектеріңіз қабыл болсын ,мұсылман бауырым!