"МУЗАРТ" тобымен қалай кездестім?

Қостанайға Музарт келеді деген хабарландыруларды ести сала билет алуға асықтым. 13-14 мамырға жоспарланған екі концерттің алғашқысына билет алып үлгердім әйтеуір. 20 күн бұрын алынған билеттің концертін ал кеп күт енді. Сонымен, көптен күткен күн де жетті- ау, ақыры.

Қостанай облыстық филармониясының сахнасын «Қазақ елі» әнімен ашқан Музарт тобын халық ерекше ықыласпен қарсы алды. Концертте халыққа кең танымал және соңғы жаздырған «Аққайың бүршік жарғанда», «Аққайың», «Рахмет, туған ел» әндерімен қоса барлығы 30-ға жуық әндер орындалды. Топ әншілері жеке орындауда да әндерін орындады. Әсіресе, Сәкен ағаның орындауындағы «Арайлым» және  Мейрамбек ағаның орындауындағы «Оранды өзіңді ойлап жан алауға, Сан қырды сағынышым аралауда» деп басталатын әндерін ерекше тебіренбей тыңдау мүмкін емес еді.

Ән арасында Сәкен аға: «Қостанай барлық қаладан озып тұр, екі концерт жоспарлап, халықтың сұрауымен қосымша тағы үш концерт қоятын болдық»  деп, көрермендердің қошеметіне, ұсынған гүл шоқтарына алғысын білдірді. Ал Мейрамбек аға: «Сәкен Қостанайға келерде менің қайын-жұртым әнші деп сіздерді мақтап еді. Олай болса әнді бірге айтайық» деп, «Есіңе ал», «Анаға сәлем», «Сағындым Алматымды» әндерінің қайырмасын залдағы көрермендерге айтқызды. Жиналған халық Сәкен ағаның үмітін ақтап, әнді әдемі айтып шықты.

Екі сағатқа созылған кештің соңында «Өз елім» әні орындалғанда Музартқа риза болған көрермен қауым орындарынан тұрып, әнді қосыла шырқады. Сөйтіп, бір ай күткен Музарттың концерті тез бітіп қалғандай болды. Ал олармен суретке түсіп, қолтаңба алу деген тіпті де мүмкін болмады. Филармониядан шыға беріп, кассадан басқа күнгі концерттерге билет сұрап едім, барлық билеттердің сатылып кеткенін айтты.

2-3 жылда бір келетін Музартпен суретке түсіп, қолтаңба алу мүмкіндігін жіберіп алмайын деп келесі күні тағы бардым. Бұл жолы концерт бітті-ау деген уақытта филармонияның сырт жағында мен сияқты тағы бірнеше адамдар тұр едік, әнші ағаларымыз машинаға мініп кетті де қалды. Жанымда тұрғандар да өз жөндеріне кетті, ал мен болсам алған бетімнен қайтпай Музарт тоқтаған қонақүйге тарттым)) Қонақүйдің жанына жеткеніммен «Мені администрация кіргізе ме, әлде мынау бір жынды қыз екен деп кіргізбей қоя ма?» деп ойым сан-сақта тұрғанымда инструментте ойнайтын бір топ Музарттық ағалар ды көріп қалдым. «Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауым керек» деп оларға қарсы тұра жүгіріппін. Бас гитарада тұратын Ерлан ағаны тоқтатып алып: «Аға, тоқтаңызшы, мен Музарт тобының жанкүйері едім. Олармен суретке түсіп, қолтаңба алуға келдім» деп айтып жатырмын. Ағалар да түсінді-ау деймін, қонақүйдің холлында күте тұруымды айтты. Қонақүйге кіріп, холлдағы дивандардың бірінде отыр едім, бір кезде Сәкен аға шығып, «Қалың қалай, қарындасым?» деп әдеттегі салмақты қалпымен қарсы алды. «Аға, кешегі концертті көрдім. Керемет болды. Сіздермен кездесу мүмкін болмаған соң, осында келдім. Мазаласам, айып етпеңіздер» деп кешірім сұрап, суретке түсіп, қолтаңба беруін өтіндім. Жанымызға Кенжебек аға мен гитарада ойнайтын Ерлан аға да келді. Мейрамбек ағаны көре алмадым. Барлығымен суретке түсіп, бір ауыз тілектері жазылған қолтаңбаларын алған соң, әнші ағаларыма шексіз алғысымды білдіріп, олардың берген ақ раушан гүлдерін құшақтап, керемет көңіл-күймен үйге қайттым.

Ал мынау суреттерім:

 

Міне, осылай Музарт тобы 13-14-15 мамыр күндері Қостанай сахнасында барлығы бес концерт қойып, өз тыңдармандарына біазға дейін айтып жүрер ерекше кеш сыйлады.



Бөлісу: