МузАрт LIVE туралы өз ойым... Сіз не дейсіз?

Қазақ өнерінің шыңы болған Муз Арт тобы шоу жасайтынын естігелі бері өз басым көрермен ретінде тағат таппадым. Бір жағынан қобалжып, тілекші болдым, екінші жағынан қазақ арнасында өз өніміміз болатынын түсініп қуандым. Көптен күткен күн де жетіп, ұлттық арнадан "Муз Арт LIVE" жобасы басталды... 

Иә, шоу басталды. Декорация, сахнаның безендірілуі, ұлттық арна ұстанымы бойынша тек ана тіліміздің қолданылуы, осының бәрі керемет! Кереметтігі соншалық, көзге жас үйіреді. Бірақ... Әттеген-ай. Әңгіме төрешілер туралы болғанда, аталған шоудың көршілес елдің "Хочу к Меладзе" шоуына қатты ұқсайтыны аңғарылды... "Жақсыдан үйренген" дұрыс-ақ, бірақ ел төбесіне көтеріп, алақанына салған Муз Арт ағаларын ешкімге ұқсатқым келмеп еді өз басым. Олар дара еді. Тек төрешілер ғана емес, шоудың форматын да Меладзенің шоуынан көріп тастағанбыз. Жаңа топтың жігіттерден құралуы және төрт жігіттің таңдалуы әлгі шоудың бағдарламасына ұқсап-ақ тұр. Меладзенің шоуынан кейін Баян Есентаеваның да осыған ұқсас бағдарлама жасағанын білеміз...Хош...

"Тура биде туған жоқ" деп, турасын айтады деп күткен Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов мырзалардың кейбір пікірлері орынды болғанымен, қисынсыз сөздері де кездесіп жатты. Мысалы, қатысушыға "керемет, тамаша" деп баға беріп алып, екінші кезеңге өткізбей тастау "үрдісін" байқадық. Қазақ сахнасының төрінде жүрсе де, біреуге баға беруде айтарға сөз таппай аңтарылып, кәсіби тұрғыдан сын айта алмаған кездері "әттеген-ай" деп бармағымызды тістедік. Қазақшылыққа салынған болар. Осы орайда Сәкен Майғазиев ағамыздың кәсіби біліктілігін ерекше атап өтпеске болмас. Кәсіби біліктілігімен қоса, биік мәдениеті экранның ар жағында отырған көрерменге жылы әсер сыйлағаны анық. Ал Мейрамбек Бесбаев туралы айтар болсам, тұтас шоу осы кісіге арналған ба деп қалдым. Соңғы сөзді Мейрамбек ағамыз айтатындай әсер қалдырды. Қатысушылар да ағамыздың айбарынан біраз ығысқан тәрізді.

Кенжебек Жанәбіловке келсек, бағдарлама бойы бұл кісіге ренжумен болдым, өйткені төреші құзіреті берілсе де, жасым кіші деді ме, әйтеуір қасындағы кеңесшілеріне жалтаңдап, кесімді сөз айта алмады. Пікірталас барысында Мейрамбек аға мен Сәкен аға өзара сөзге келіп қалып жатты. Жұмыс бабымен ондай-ондай болады дерсіз, бірақ ең сыйлы екі ел ағасының бір-бірінің сөзін тыңдамауы көрермен ретінде көңіліме қаяу түсірді. Шыны керек осы кезге дейін Мейрамбек пен Сәкеннің бір-бірімен сөз таластырғанын көрмеппін, көргім де келмеп еді... 

Қатысушылар туралы сөз қозғасақ, айтыңыздаршы, былтырғы "Қазақстан дауысының" қатысушылары қаптап қайдан жүр?! Олар былтыр-ақ өздерін "Қазақстан дауысында" дәлелдеп, халықтан бағасын, дауысын алып кетпеп пе еді? Меніңше, бұл тегін эфир уақытын өз пайдасына жарату, былайша айтқанда, халықты алдау деуге де болатындай... Олардан да басқа ел ішінде дарын көп, танылмаған таланттарға мүмкіндік беру керек еді. 

"Біткен іске сыншы көп", әлбетте. Айтуға оңай... Ұлттық жобаның артында үлкен ұжымның қажырлы еңбегі жатқанын мойындауымыз керек... Сіз не дейсіз?



Бөлісу: