Мұсылман ғалымдары жайлы не білеміз?
блог
Адамзаттың дамуы барысында ашылған қандай да бір жаңалықтардың қасында біз осы уақытқа дейін тек Батыс ғалымдарының есімдерін естіп келдік. Ал Батыс ғалымдарынан бұрын көптеген ғылыми жаңалықты ашқан мұсылман ғалымдары жайлы не білеміз? Коперниктің зерттеулері жайлы білмейтін адамдар кемде-кем. Ол күн жүйесі құрылысының жобасын алғаш рет дұрыс түсініп,ғасырлар бойы адамдардың санасына ұялап қалған «Жер қозғалмайды» деген жобаны теріске шығарған. Жерді өзге планеталардың қатарына косып, Жер Күннен үшінші орында болады әрі Жер өз осін айнала отырып, барлық планеталармен бірге кеңістікте Күнді айнала қозғалады деп көрсеткен ғалым. Италияның солтүстігіндегі Падуа университетінде сақталған Коперниктің “De revolutionibus” атты кітабы аспан денелерінің айналуы туралы дерек келтіретін кітап. Бұл кітапта Коперник ежелгі грек дәуірінен бері алғаш рет жермен қоса барлық планеталардың күнді айналу болжамын көтерген. Көптеген тарихшылар бұл жаңалықты Еуропалық ғылыми революцияның бастауы болды деп қабылдады. Алайда, көбісі Коперниктің бұл білімдерді қайдан алғаны туралы біле бермейді. Коперник дерек алған ғалымдардың бірі- Дамаскте өмір сүрген астроном әл- Баттани. Коперник планеталардың, күннің, айдың, жұлдыздардың орналасуы туралы әл-Баттанидың еңбектерін кеңінен пайдаланды. Мұнан бөлек, 13 ғасырда өмір сүрген Ислам астрономы әт-Туси ойлап тапқан математикалық идеяны Коперник өз зерттеулерінде пайдаланған. Әт-Тусидің “Астрономия ғылымы туралы баян” кітабы мен Коперниктің кітабының көшірмесі салыстырылғанда, Коперниктің кітабында салынған диаграмма әт-Тусидің кітабындағыға өте ұқсас болған. Тіпті, шеңбердің нүктелеріндегі әріптерде ұқсас. Әт-Туси еңбегінде арабша әлиф жазылса, Коперникте А деп жазылған. Бә әріпі В, джим әріпі G, дәл әріпі D секілді. Профессор Джордж Салиба бұл туралы: “-Меніңше Коперниктің дәлелі жоқ. Оның қолында өз теориясының дұрыстығын дәлелдейтін дерегі жоқ.Ол дайын сызбалардың негізінде жұмыс істеді ”-деген. Бұдан шығатын қорытынды мұсылман ғалымдарының ерте кезден-ақ аспан әлемін зерттеп, Батыс ғалымдарынан бұрын сұраққа шешім тапқаны. Құбыланы анықтау, намаз уақыттарын белгілеу, күн мен айдың тұтылуы, мирасты әділ бөлу секілді күнделікті өмірде аса керекті жайттар есеп- қисапты қажет ететіндіктен, мұсылмандар математика ғылымына көңіл аударып, жаңа теориялар құра бастады. ІХ ғасырда мұсылман ғалым Хорезми арифметика мен алгебра ғылымының негізін қалады. Ғалымның “Әл-Жәбр уәл-Мұқабала” атты еңбегі ХІІ ғасырдан кейін өмір сүрген күллі батыстық математиктерге жол ашты. Жалпы қай ғылымды алып қарасақ та мұсылман ғалымдарының үлкен үлесін байқаймыз. Олардың ғылымға, білімге деген көзқарастарының, талпыныстарының нәтижесі қазірге таңға дейін өз жемісін беріп келеді.
Жетекші: Абдуллаев Нуржан Кыдыралиев