Мұстафа Шоқай қазақтан шыққан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі, әрі «Бірлік туы» газетінің негізін қалаушысы, алғашқы редакторы. Мұстафа Шоқайдың өз еліне тигізген пайдасы өте зор. Түркістан автономиясын құру жолында аянбай еңбек етті. Алайда, кеңес үкіметі оның еңбегін жоққа шығарып, басып жаныштаған болатын. Ол тек әділеттілікті ту етіп, өз халқына адал болды. Өзінің өміріне қауіп төніп тұрса да, өз бағытынан таймады. Сол кездегі Мұстафа Шоқайдың атап өтетін ауқымды еңбегі «Бірлік туы» газетінің дүниеге келуі. «Бірлік туы» газетінің мақсаты сол кездегі патша үкіметінің саясатын сынға алып, қазақ халқын осы қиын-қыстау кезеңнен алып шығып, тәуелсіз ел болуға жетелеу еді. Оған дәлел ретінде С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романындағы «Бірлік туы» газеті туралы қысқаша мәлімет келтірілген. Онда: «Түркістан Алашшыл оқығандардың Ташкентте «Бірлік туы» деген газет шығарып, «Алашты ұран қылып, советті сөгіп тұрды», - деп жазылған. Ендігі кезекте «Бірлік туы» газетінің бағытына тоқталып өтейік. Ең алдымен газет автономияны жақтады. Қоқан және Түркістан автономиясының құрылуына қолдауларын көрсеткен болатын. Саясаттағы озбырлыққа және большевизмнің ұр да жық деген көзқарасына қарсы тұрды. Сонымен қатар, Алаш идеясын қабылдады, негізгі мақсаттарының бірі осы жалпы қазақ съезіндегі шешімдерін орындау. Соңғы бағыты қараңғы қазақ халқының сауатын ашып, білімге жетелеп, оқу – білім мәселесіне баса назар аударды. Мұстафа Шоқай «Бірлік туы» газетіне әр түрлі мақалалар жариялап отырған. «Уақытша хүкіметті қуаттаймыз» деген мақаласында қазақ халқы және ұлт зиялылары бостандық, теңдік жолын қуаттайтын уақытша үкіметке қолдарынан келгенше жәрдем беретінін айтқан. Бұл жерде айта кететін бір жайт: бұл мақала Мұстафа Шоқайдың патша үкіметіне жағымпаздық ниетпен, өз қара басының қамы үшін емес, қазақ халқын осы қилы кезеңнен аман сақтап, алып шығамын деген мақсатпен жазған еді. Уақытша үкіметтің келуі қазақ халқын қатты қуантты. Себебі, бұл үкіметтің қазаққа қандай да бір пайдасы болатынын тереңінен ұғынған болатын. Сол тұста «Жаңа Үкімет» деген мақала жарияланды. Мұнан басқа да Қ. Болғанбайұлының «Ескі тәртіп һәм халық һәкімдігі», А. Мәмбетұлының «Корнилов үкіметі», Н. Құлжанұлының «Саясат жайында» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақалаларда уақытша үкіметтің қазаққа тигізер пайдасы және саяси бағыт – бағдары турасында әңгіме қозғалды.
Қорыта келе, «Бірлік туы» газеті, «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінің қазақ баспасөзінде алатын орны ерекше. Бұл басылымдардың барлығы әр түрлі стильде жазылғанымен , түпкі мақсаты бір болды. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етті. Менің ойымша газеттерде біраз мәселенің басы ашылмай қалған болуы мүмкін. Алайда, сол кездегі барлық оқиғалардан халықты хабардар етіп отырды. Қанша қауіп төніп тұрса да, бастарын қатерге тігіп, шындықты ашық жариялай білді.