“МҮРДЕГЕ” ТОЛҒАН СТАДИОН

“МҮРДЕГЕ” ТОЛҒАН СТАДИОН
жеке
блог

2001 жылдың 25 сәуірі кешегідей есімде. Қазақстан футболшылары Алматыда Ирак құрамасын қабылдады. Бұл ойын менің жанкүйерлік ғұмырымда ешқашан есімнен шықпайтын матч болып қала беретін сияқты.

Азия футбол конфедерациясы іріктеу ойындарын белгілі бір жүйесіз, тәртіпсіз, қалай болса солай өткізе береді. Тіпті кейбір құрамалар өз стадиондарында бір ойын да өткізбестен жарыстан шығып қалады. Аутсайдерлерге деген сыйластығы тіпті төмен, оларды “мыналар да құрама екен-ау, өз жанкүйерлеріне көзайым болғысы келеді-ау” деп еш ойламайды. АФК-ның осындай ала-құлалығының кесірінен Қазақстан құрамасы 1997 жылдан 2001 жылға дейін Алматыда бір ойын да өткізбеді.

2002 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде құрамамыз Ирак, Непал, Макао секілді құрамалармен бір топқа түсті. Турнирдің бірінші айналымы Иракте өтсе, екінші айналымы Алматыда өтеді. Байғұс Непал мен Макао өз стадиондарында ойнай алмайды. АФК шешімі солай.

Алдын-ала болжағанымыздай, Ирак пен Қазақстан алғашқы екі турда Непал мен Макаоны бұйым құрлы көрмеді. Қазақстан 10 гол соқса, Ирак 17 гол соқты. Үшінші турда осы фавориттер өзара ойнады.

Бағдаттағы лық толы стадионда жігіттерімізге оңай соққан жоқ. 50 мың адамның шуылы төрешіні де қорқытып тастаған ба, әйтеуір алаң иелерінің ығына жығыла берді. Абырой болғанда біз бірінші есеп ашып алдық. Голдан соң төреші біздің футболшыларға не көрсетпеді, сары қағазды аямады, пенальти де белгіледі, бір ойыншымызды алаңнан қуды. Пенальтиді қақпашы Новиков тырп еткізбей ұстап алып еді, қайта тепкізді. Мұндай жағдайдан соң ұтылмай, 1:1 есебімен тең түсіп қайтқанымызға да қуандық. Дегенмен бұл тең ойынның құны жеңіспен пара-пар еді. Себебі, екінші айналым Алматыда өтеді ғой.

16 сәуірде Бағдаттағы ойындар аяқталып, не-бары бес күннен соң Алматыдағы  ойындар басталды. Әр ойынның арасы 2-ақ тәулік екені есіңе түссе АФК-ның мұншалықты ақымақтығына зығырданың қайнап кетеді. Неге Еуропалықтар секілді ұзын-сонар қылып өткізбейді екен, а?

Алматыдағы ойындарды сылбыр бастадық. 21 сәуірде Непалды қабылдадық. Қазақстан телеарналары 1997 жылғы қазан айынан бері бірінші рет Орталық стадионнан құраманың матчын тікелей эфирде таратты. (Бағдаттағы ойындарды жаңалықтарда үзіп-жұлып көрсеткені болмаса, толық нұсқасын таратқан жоқ). Сағыныш дегенді қойсайшы, ойын басталғанша тағатымыз та таусылып бітті.

Зарықтырған ойын көңілімізді көтере қоймады. Ойыншыларымыз ұлттық құрамалардың классикалық ойын үлгісін емес, баяғы “Қайраттың” сүреңсіз ойын-өрнегін еске салды. Мен футбол тамашаламаған бірнеше жыл ішінде қазақ футболының алға жылжып жарытпағанына көзім жетті. Баяғыда “Қайрат” дәл осылай ойнаушы еді. Жүгірістері баяу, пастары ебедейсіз, тактикалары шикі, шеберліктері төмен. Соған қарамастан мына ойында фаворитпіз ғой. Фаворит деген Қазақстанның ойыны мынадай болса, аутсайдер Непалды тіпті айтпай-ақ қояйын. Алаңдағы мәнсіз-мазмұнсыз ойынға Аманкелді Сейітханов пен Диас Омаров ағалардың мағыналы коментаторлықтары ғана көрік беріп тұрды...

Непал мен Макаода тіпті футбол жоқ екен. Мен оларға “байғұстар, өз алаңында ойнай алмайды” деп жаным ашып жүрсе... Мынадай ойынмен жанкүйерлерінің көзіне күйік болмай-ақ қойғаны да дұрыс шығар. Оларды да түсінуге болады. Оларда кәсіби футбол деген ұғым жоқ. Допты жақсы тебе алатындарды жинайды да, ойната береді. Непал мен Макао құрамында кімдер жоқ дейсіз, мұғалімдер, бухгалтерлер, салық қызметкерлері, шопырлар... Міне осындай құрамаға Алматыдағы екі ойында тоғыз гол ғана соқтық. Тоғыз гол аз дейсіз бе? Иә, дәл сол жолы аздық қылды. Бірінші орын тағдырын доп айырмашылығы шешті, түптің-түбінде. Бір жағынан “бар күштерін Иракпен ойынға сақтап жатқан болар, бір бармағы бүгулі шығар” деген сенім де болды. Осы сенімді көңілге тоқып алдық та, 25 сәуір күнгі ойынды асыға күттік.

*  *  *

Солайша, 2001 жылы 25 сәуірдегі Қазақстан-Ирак матчында біздерге тек жеңіс қажет еді. Ал, ирактықтарға тең ойын да жеткілікті болды. Осы жәйттің өзі оларға психологиялық басымдық беріп тұрды. Ойыннан алдын Алматының мөлдіреп тұрған ауа-райы кенет бұзылды да, жаңбыр жауып, алаң ылғалданып қалды. Мынадай ауыр алаңда доп тебу қиынның қиыны. Дегенмен, Кеңес заманында “Жаңбыр жауса “Қайрат” ұтады” деп ырымдап келген қазақстандық жанкүйерлер мына жаңбырды жақсылыққа балады.

Ойын басталғаннан жүрегіміз дүрсілдеп ала жөнелді. Төрт жыл бойы тікелей эфир көрмегенге ме, мынадай толқынысы мол, маңызы жоғары матчтарды сағынып қалыппыз. Стадион толы көрермендерді жатырқады ма, жігіттеріміз бізден бетер қобалжып, допты оншалық игере алмай, жоқ жерден қателесе берді. Ақыр соңында Ирактың бір футболшысы қақпашымен жеке шықты. Төбе шашымыз тік тұрды. Біз ғана емес, Ирак футболшысы да “соға алмай масқара болам ба?” деп абдырап қалды-ау деймін, қақпаға тебе салды. Новиков қайтара алмады. Кедір-бұдыры көп алаңмен секеңдеп жылжыған доп бағанаға тиді де, сыртқа шығып кетті.

Гол болмады. Жүрегіміз ұясынан шығып кете жаздап барып орнына түсті. Мына қауіпті жағдай жігіттерімізге берілген үлкен ескерту еді. Бірақ жігіттеріміздің ойыны оңала қоймады. Ирак футболшылары әлден-ақ уақытты созып, матчтың темпераментін басуға тырысып бақты. Допты ойынға қосарда тіпті асықпайды. Мұнан соң қайдан қызықты ойын болсын? Азия футболы ғой енді, қанша дегенмен...

Жігіттердің өз ойынын таппауы тағы да сан соқтыра жаздады. Төреші біздің қақпаға 100 пайыздық пенальтиді белгілемеді. Шамасы, Бағдаттағы әділетсіздіктері үшін аздап болса да қазақстандықтардың реніш-ашуын тарқатқысы келді ме екен... Не де болса бастапқы 15 минут ішінде бізді екі рет Құдай сақтап қалды.

Осыдан соң ғана жігіттер басымдықты қолға алуға әрекет жасай бастады. Бірақ бір-бірін түсіну жағы кемшін болды ма, пас алмасудағы қателіктерден арыла алмай-ақ қойды, оның үстіне қақпасының алдына ұйлығысқан қонақтар адымымызды аштырмады. Асқат Қадырқұлов пен Игорь Авдеевтың қимылдары ғана белсенді болды, қалған футболшылар ол екеуіне үн қоса алмады. Дмитрий Бяковтың да ара-тұра құлшынысы байқалып қалады, бірақ командалық ойынды серпілтуге оның ұмтылысы алдық етті. Олег Литвиненко шабуыл шебінде дені дұрыс пас күтіп шаршады да, ортаға ойыса қойды. Болмағасын жігіттер алыстан соққы бағыттауға көшті.

Стадиондағы 20 мың көрермен гол тілеуден шаршаған сәтте жігіттер тағы лап қойды, тағы да сол үйреншікті көрініс — айып алаңына асырылған допты қонақтар кері серпіп тастады. Қайтқан доп Асқат Қадырқұловқа келді. Асқат пас берудің де шебері екенін осы жерде танытты: айып алаңына таяу жердегі Литвиненкоға қолмен қойғандай қып тастады. Литвиненконың жанында ешқандай қарсыласы жоқ еді, сондықтан допты тоқтатты да, тегеуріні мықты оң аяғына ыңғайлап алды. Осы кезде ғана қорғаушы оған тап-тап берді. Литвиненкоға кедергі жасап үлгермеді. Шабуылшының толғай тепкен добы тоғыздыққа тура қадалды. "Литти-Ураган" деген лақап атты бекер иеленді деймісіз, соққы күшті әрі дәл орындалды. Өте тамаша гол. Стадион айғай-шуға толды.

Экран алдында отырған біз де орнымыздан секіріп барып отырдық. Міне, бұл бізге тиімді есеп! Осы есепті сақтасақ, келесі айналымға өтеміз. Осы голдан соң стадионның да еңсесі көтерілді, жігіттер де өзгеше ойнай бастады. Голдың артынша Авдеев қарсыластың айып алаңында қорғаушыдан тартып алды да, қақпаға ұмтылды. Қарсы алдында қақпашыдан өзге ешкім жоқ-ты. Бұл жерде Авдеевте шабуылды сәтті аяқтау үшін бірнеше нұсқа болды, бергі жақта бос қақпаға қарай бір өзі оңаша жүгіріп бара жатқан Литвиненкоға асыру немесе қақпашыға мүмкіндік қалдырмай өзі бағыттау. Авдеев екіншісін таңдады. Доп қақпашыға тиіп сыртқа домалады. Тамаша мүмкіндік мүлт кетті. Аманкелді Сейітхановтың “Аяқтың ұшымен емес, ішімен тебуі керек еді” дейтіні осы сәт.

Гол 30-минутта соғылды. 30-40 минуттар аралығында голдан жігер алған қазақстандықтар қарсыласты айып алаңдарынан шығармады. Осы аралықта  Гол соғатын 2-3 мүмкіндік болды. Соның тым құрығанда біреуін пайдаланғанда ғой...

40-минутта Ирак футболшылары араға 20 минут салып шабуылға шықты. Сол қапталдан жалғасқан шабуыл әуелде қауіпсіз көрінген. Өйткені айып алаңымызда қорғаушылар жеткілікті-тұғын. Екіншіден ирактықтар қапталдан онша шабуыл жасай алмайды. Қырсыққанда осы сәтте шеберлік танытты. Допты бері асырғанда айып алаңындағы бірнеше футболшымыз допқа ұмтылардай емеурін танытпады. Допты тоқтатпай қақпаға бұрған Ирак қорғаушысының соққысы алыс бұрыштан бір-ақ шықты — 1:1... Қақпашы Юрий Новиков допқа қарай атылмақ түгіл, қолын да созбады.

Мына күтпеген гол есеңгіретіп қойды. Осыдан 30 секунд бұрын ғана жігіттеріміз оларды қақпасының алдына тықсырып, басымдық танытып жатқан. Ал аяқ астынан доп біздің қақпаға қалай ғана еніп кеткенін түсінсек бұйырмасын. Стадиондағылар да, комментаторлар да аң-таң. Бәрінен өкініштісі — осы 1:1 нәтижесінің Иракқа тиімділігі. Енді басынан қайта бастау керек.

Қақпамызға кіріп кеткен тосын гол аспандаған көңілімізді де, жігіттеріміздің тау қопарар қарқынын да басып тастады. Ендігі үмітіміз жаттықтырушы Масудовта ғана. Үзілісте тиісті ақылын айтып, екінші таймда басқаша ойын көрерміз деп сендік...

Екінші таймда мүлде футбол болған жоқ. 1:1 есебін сақтап қалудан басқа амалы қалмаған қонақтар уақытты созудың барлық түрін жасап бақты. Біздің футболшыларымызбен жанасып кетсе болды, кескен теректей құлай салады да, жата кетеді. 45 минуттың үштен бірі паузамен өтті. Ирак дәрігерлері  алаңдағы футболшыларына ем-дом көрсетумен шаршады.

Екінші таймды қысқаша былай сипаттай салуға болады: қазақстандықтар шабуылға шығады да, ортадан аса бере айып алаңына бағыттайды, доп қарсыласқа жем болады да, ирактықтар аулаққа асырып жібереді. Оны біздің жігіттер қуып әкеледі де, тағы солай асыра салады. Жаттанды әдіс. Оны тайм бойына ирактықтар да жаттап алды. Айып алаңындағы Литвиненкоға доп жетпейді, жетсе де қонақтар жапа-тармағай бас салып, тартып алады. “Олегті жалғызсыратпай көмекке бармай ма?” басқа футболшыларды жазғырасың.

Осылайша ойын енді қызып келе жатқанда, ирактық бір футболшы жарақат алады да, созылып жатып алады. Ол “мүрдені” алаңнан алып әкеткенше немесе емдеп болғанша ойын тоқтап тұрады. 69-минутта Ирак қақпашысын емдеуге 7 минут уақыт жұмсалды. Одан кейінгі ірі пауза 82-минутта болды. Төреші ойынды себепсіз тоқтата салды да, қапталдағы серігімен ақылдасты, сосын және біреулермен сөйлесті. Бірдеңені анықтай алмай жүрген жанша баршаның назарын өзіне аудартып, ойынды жалғастыруға рұқсат бермей жүріп алды. Әлден уақыттан соң ғана бірдеңе түсінгендей болдық, Ирак қақпасының жанында серейіп тағы бір мүрде (қонақтардың футболшысы ғой) жатыр екен. Оны кім түртті, кім оған қарсы тәртіп бұзды, камералардан тыс қалған болуы керек, комментаторларлар да ештеңе ұқпай аң-таң болды. 7-8 минутқа созылған “тайм-аут” бір кезде аяқталды-ау әйтеуір, төреші Авдеевті алаңнан қуды... Сосын ғана әлгі мүрдеге жан бітті. Марқұм Аманкелді Сейітханов аға да сөзге шебер ғой, Ирак футболшыларының бұл қылығын “Сайқымазақтар театры” деп бір сөзбен сипаттай салды.

Осылай бір тоқтап, бір ойнап, қонақтардың еркелігін көтеріп жүргенде 90 минут бітіп қалыпты. Төреші болса негізгі уақытқа... алты минут қосты (менің есебім бойынша, 15 минуттан кем қоспау керек еді). Қосымша минут басталған бетте Алмас Құлшынбаев алаңнан қуылды да, біржола жерге қарадық.

Ойындағы ең соңғы қауіпті сәтті Самат Сымақов жасады, ұзақтан тепкен айып добын қақпашы әзер қайтарды... Сонан соң көп ұзамай төреші ысқырды да, ойын 1:1 есебімен аяқталды. Бұл тең нәтиже біздің құраманы жарыстан шығарып тастады.

*  *  *

Мына жеңіліспен пара-пар тең ойыннан соң жүрегім ауырғаны сонша, сол күні таң атқанша көз іле алмадым. “Неге ұтылдық? Неге ұта алмадық?” деген сұраққа жауап іздеумен талған шығармын. Сол күні ғана емес, жылдар өтсе де есіме оқтын-оқтын түсе беретін сол ойынның бүге-шігесі жайлы талай ойландым да. Араға төрт жыл салып, сағынышпен тамашалаған құраманың тікелей эфирдегі ойыны бұлай аяқталады деп еш күтпедім. Әрине, 1997-2001 жылдар аралығында мүлде футбол қарамадым емес, әлем және Еуропа чемпионаттарын тамашаладым, еурокубок ойындарын көрдім. Бірақ ол ойындарда кескілескен шайқас жүріп жататын, жеңсе де лайықты түрде жеңетін. Сондай матчтарды тамашалап жүрген басым мұндай да сүреңсіз, ажарсыз ойын болады, лайықсыз жеңіс болады деп, мынадай да жауапсыз салғырт төрешілер де бар болатынын тіпті ойламағанмын. Жалпы қазақстандық футболшыларға аса қатты ренжімедім, бірақ әлжуаз баладай не болса соған домалап құлай беріп, уақытты да, футболды да өлтірген, әлсіздігін ерлерше мойындай алмаған Ирак футболшыларына деген ашу мен ызам біртіндеп күйініш пен кекке айналып кеткен-ді. “Бұдан соң да бізбен ойнарсыңдар, сонда сендерге уақыт созғанның қандай болғанын көрсетерміз” деп кіжіндім.

Қалай болғанда да, сол күні Қазақстан жеңіске лайық еді. Әрине, Қазақстан — Ирак матчы жайлы таңға дейін ұрып жазуға болады, егер бұл кездесу “Ғасыр ойыны” деген сипат алатын болса. Бір жағынан 1997 жылдан соң араға төрт жыл салып, құраманың ойынын ерекше сағынышпен тамашалағанға ма, мен үшін ешбір “ғасыр матчынан” олқы соқпас еді.

Кейін Қазақстан 0:6 есебімен Түркиядан ұтылғанда да, 0:8 есебімен Франциядан ұтылғанда да жеңілістің күйігі мен азабы дәл Иракпен ойындағыдай болмады. Өйткені бұл матчта біз футбол емес, қонақтардың “қалай уақыт созуға болады?” деген тақырыптағы тренингін тамашалағандай халде болдық. “Олар неге өйтеді?” деген сұраққа ұзақ жылдардан соң жауап тапқандай болдым. Ол елдегі диктатуралық режим оларға “жеңбей қайтпайсыңдар!” деп осыны мәжбүрлі түрде істеткен де болуы мүмкін. Бірақ режимнен қорықса олай футбол ойнамай-ақ тыныш жүрмей ме деп те налисың кейде.

Иә, бұл Азия футболы. Азияда бұл үйреншікті жәйт екенін таза ұмытыппын. Ирактың сол матчта көрсеткен ойын-өрнегі Азия футболының сол шақтағы бар болмысын танытып тұрғандай еді.

Осы кездесу АФК туы астындағы соңғы ресми ойынымыз еді. Содан бері бұл екі құрама қайта кездескен жоқ. Мен де содан кейін Азия футболын мүлде қараған емеспін...

*  *  *

ҚАЗАҚСТАН — ИРАК — 1:1. 25 сәуір 2001 жыл. Алматы, Орталық стадион. 25 мың көрермен. Төреші: Рунглай Монгкол.

ҚАЗАҚСТАН: Новиков, Авдеев, Құлшынбаев, Елеусінов (к), Мырзабаев (Шевченко 78), Богатырёв (Уразбахтин 57), Горовенко (Сымақов 55), Бяков, Балтиев, Қадырқұлов, Литвиненко.

ИРАК: Амер Абдул-Вахаб Хусейн (Ахмад Джабор 69), Хайдар Маджид, Махир Радхи, Халид Саббар, Хабиб Джафар Акал, Хушам Мохаммед Фаяд, Хасан Атеа, Хайдар Наджим Абдулла (Амер Мхсен 62), Хайдар Обейд Джасим, Ахмед Кадим Асад (Джасим Килам 81), Абдул-Вахаб Абу Әл-Хаиль.

Ескертулер: Мырзабаев 12 – Халид Саббар 28, Хабиб Джафар Акал 59, Джасим Килам 76, Саад Джамиль 85, Хасан Атеа 88

Қызыл қағаз: Авдеев 84, Құлшынбаев 90+2 – Абдул-Вахаб Абу Аль-Хаиль 90+6

ГОЛДАР: Литвиненко 30 (1:0), Хайдар Маджид 40 (1:1)

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ