Мұражайлар сөйлейді

Мұражайлар сөйлейді
жеке
блог

Мұражай аралауды бұрыннан жақсы көргенмен, Алматы мұражайларын саяхаттау "Екпінге" шолу жасағаннан бері басталды. Біздің қаламызда кітап, қуғын-сүргін тарихы, теміржол көлігінің мұражайы сияқты көптеген қызықты мұражайлар бар екен. Оларға кіргеннен, уақыт пен кеңістік жойылып, басқа заманға, басқа тереңдікке жүзіп кететін сияқтысың. Шулы қала өмірінен, зымыраған мегаполистен қашып осы бір өзгеріссіз мұражайларға келіп дем алу, меніңше, жақсы хоббиге айналмақ:)

Мысалы, Республикалық кітап мұражайында  алғашқы тас жазуларынан бастап, алғашқы баспа құралдарына дейін, атақты жазушылардың түпнұсқа кітаптары мен ең кішкентай кітаптарға дейін көріп шықтық. 

Ал Республикалық музыка аспаптар мұражайында бұрын естіп-білмеген аспаптар мен Абай, Жамбыл, Құрманғазы, Дина сынды көптеген атақтылардың домбыраларын көрдік. Маған домбыраның қайдан шыққаны, кім ойлап тапқаны әрдайым қызық болатын, оның жауабын аз болса да осы жақтан біліп қалдым. Тағы да барып, зерттеп келу керек екен)


Барлық мұражайлар бірақ бізді құшақтарын ашып қарсы ала берген жоқ:) Біразы суретке түсіруге болмайды немесе суретке түсірудің прайс-листі бар деген сияқты қарсы алу сөздерін айтты. Сондай қызықты мұражайдың ішіндегісін кішкене болса да оқырмандарға жеткізе алмау өкінішті әрине. 

Мысалы, Сәбит Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай-үйінде көптеген асылдар жатқанына күмән келтірмеймін. Алайда бізге тек 4 кадр тегін түсіруге рұқсат берілді:) 


Дінмұхамед Қонаев мұражайында да түсірушілердің арасында ғана қалатын қызықты сәттер болды. Бұл мұражайда Қонаев атамыздың жеке заттары, қарулары, сыйлықтары сынды құнды дүниелер жинастырылған екен. 

Байқағанымыздай, мұражайлардың тұрақты келушілері - арнайы мамандықтарына сай келетін студенттер, оқушылар, жазғы лагерьлердегі демалушы балалар. 

Алматы қаласы тарихының мұражайында сүйікті қаламыздың алғаш қалануы, Верный болған кезі, алғашқы ғимараттары, атақты тұрғындары сияқты қызықты ақпараттар жиналған екен. 

Мен үшін ең танымдық мұражай мемлекеттік геологиялық мұражай болды. Жер асты шахтасы сияқталып жасалған мұражайда Қазақстанның әрдайым айтып жүретін байлықтарын өз көзімізбен көрдік. Расында біз небір асылдардың, небір сирек тастардың үстінде жүр екенбіз. 

Ал Ахмет Байтұрсынұлының мұражайында біз тек ұлы ағартушының өмірбаянын ғана емес, Алматыда тұрған кезіндегі қолданған заттарын, сол жылдардағы оқиғаларды да білдік. Пайдалы ақпаратты бізге жеткізген мұражай-үйдің жетекшісі Райхан Сахыбекқызына алғыс:) Бұл әңгімеден кейін көптеген заттар жайлы ойланып, рухтанып қайттық. 

Ал Теміржол көлігінің орталық мұражайы тек теміржолшыларға емес біздерге де өте қызықты болды. Қазақстандағы алғашқы теміржолының салынуына атсалысқан қоғам қайраткерлері жайлы, алғашқы стансалардың келбеті, атақты теміржолшылар жайында баяндайды бұл мұражай. 

 Мұражайларға барыңыздар, танымдарыңызды кеңейтіңіздер, алдағы болатын шолуларымызды да жіберіп алмаңыздар:)