Мұңым

Құямын деп жүректен жыр шоқтығын,

Өтті ғой мазам оймен құр көп күнім.

Бір сағыныш кеудемді тырмалаған,

Ілгізбейді кірпікті, бір жоқ тыным.

Не істеймін,

Не істей алам міне тағы,

Жүрегім қалам қағаз сұратады.

Көңілімді қалқытып көк аспанда,

Көзден көлді ағызып жылатады.

Еңсеріп ақбастауды құшаққа алам,

Өз тағдырым байқасам сызат маған,

Мен өзі күннен-күнге не боп барам,

Мені бұлай көп мұңға ұзатпаған.

Ұзамай-ақ жанымнан ақырғы үміт,

Ащы мұңым кетеді ақылды ұрып...

Мына өмір, кім білсін, мендей жанды

Жіберген бе жылаңқы бір жан қылып?!

Әр таңымды жүрегім сұрақ қылып,

Жібермейді неге екен қуатты қып?

Жанның нәзік гүлімен қиналсам да,

Өмірімді сүйемін жылап тұрып!



Бөлісу: