Мұны қазақ сайттарына деген құрметсіздік деп білемін

   Жақында ғана қазақ сайттары арасында «Интернет-Дода» сайысы өткен еді. Бірақ, оған көпшіліктің көңілі толмады. Тіпті, бас жүлдені жеңіп алған сайт жүлдеден бас тартты. Осы мәселе жөнінде және қазақ сайттарының бүгінгі жағдайы туралы «Массагет» сайтының редакторы Мейіргүл Оңғаровамен әңгімелескен едік.

–       Қазақ сайттары арасында жеңіске жеттіңіздер. Құтты болсын! 16 сайт бақ сынаған сайыста небәрі 2 жыл бұрын ашылған жас сайттың жеңіске жетуінің құпиясы неде?

– Негізі ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, 50 сайт бақ сынаған екен. Меніңше, қазақ ғаламторы енді аяққа тұрып, енді бас көтеріп жатыр. Ең алдымен бұны бәсекелестіктің мықты болмауымен түсіндірген дұрыс шығар.  Өйткені, қазақ ғаламторының үні енді-енді естіле бастады. Бізге 2 жыл толғанымен, байқауға қатысқан басқа сайттардың да жас шамасы орташа есеппен 1-2 жылды құрайды деп білемін. Сондықтан ішіндегі ең жасы Массагет деуге келмес. 

– «Интернет-Дода» жүлдесінен бас тарттыңыздар. Оның себебін ұйымдастырушылық қабілеттің төмендігі деп көрсеттіңіздер. Осы жайында кеңінен баяндап берсеңіз...

–       «Интернет-Дода» жүлдесі біз үшін маңызды да еді. Өйткені, қазақ сайттары арасында жұмыс жасап отырған ұжымды шабыттандыратын, алға жетелейтін байқау болуы керек емес пе. Дегенмен өкінішке орай, «Интернет-Дода» байқауы өз деңгейінде өтпеді. Ресми дерек бойынша, 6 250 000 теңге қаражат бөлінген. Бірақ байқаудың ұйымдастырылуы бұл қаржыға мүлдем сәйкес келмейді. Мені күйіндіретіні – бізге берілген дипломда мөр де, қол да жоқ. Бұны қазақ сайттарына деген құрметсіздік деп білемін. Ал номинация иегерлері болған сайттарға 3 мың теңгенің ар жақ, бер жағына бағаланатын ел арасында «Кірпіш нокиа» деп аталып жүрген телефон берілген. Сұмдық емес пе? Ол нокиалар кімге керек деп ойлайсыз? Бұл қазақ сайттарын ашық басынып, «Бұлардың қолынан не келер дейсің?» деп мұрын шүйіру емей, немене? Біз «айпад» алдық, жүлде алдық деп тыныш отыра беруімізге болатын еді. Бірақ оқырманы ең көп сайттардың бірі «Массагетті» айпадпен алдаймыз деп ойлады ма екен? Өзге қазақ сайттары анадай құрметсіздікке тап болып отырған шақта, қазақ мүддесін алға қойған сайт ретінде үнсіз қала алмадық. 

–       Мұрат Әбенов өзінің Twіtter әлеуметтік желісіне: «Массагет» – бұл жүлде болмаса да «Массагет», – деген болатын. Бұл сіздерге берілген баға. Бірақ, көп адамдар мұны «Массагетке» жасалған жақсы жарнама ретінде қабылдап отыр. Сіз осы жөнінде не айтасыз?

–       Мұрат Әбеновтен бұл жайт туралы пікір сұраған емеспіз. Ол кісі өзі интернетте өте белсенді, әрі әділдік үшін бір кісідей күресіп жүрген адам. Оның үстіне Қазақ Интернетінің жанашыры. Сондықтан өзі бұл жайт туралы хабардар болса керек, әлеуметтік желілерге біз туралы осындай жылы лебіз жазыпты.

–       Болған жағдайға байланысты ҚР Білім және Ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке хат жолдадыңыздар. Нәтиже шығарылды ма?

–       Иә, аяқсыз қалмауы үшін министрге хат жолдадық. Хатта мынадай сөздер бар: «Сізден осы байқауға жауапты тұлғаларға қатысты шара қолдануыңызды, сондай-ақ байқау қорытындысын жарамсыз деп тауып, оны құжатта көрсетілген деңгейде қазақтілді интернет ресурстарының жұмысын әділ бағалай алатын адамдарды қазылар құрамына тарта отырып, қайта өткізуіңізді сұраймыз». Ол хатты біраз телеарна, сайттар жарыса атап өтті. Әзірге жауабын күтудеміз.

–       Бүгінгі қазақ сайттарының арасындағы бәсекелестік немен өлшенеді?

–       «Массагет» порталындағы қызметкерлердің басты мақсаты – конвергентті журналист ретінде қалыптасу. Меніңше, бәсекелестік оперативтілікте, сапада. Қазір сапалы, тұрақты штаты бар бірнеше сайт пайда болды. Интернет қолданушыларын «Мына сайтқа кір, мына сайтқа кірме» деп күштей алмайсың. Қолданушы өзі ұнатқан сайтты қабылдап, соны қолданады. Сондықтан, сапалы дүниені көзіқарақты оқырман өзі-ақ таңдап алады деп ойлаймын.

–       Қалай ойлайсыз, қазақ интернет-журналистикасының болашағы бар ма?

–       Республикалық деңгейде таралатын  бірнеше газет жабылып, интернет сайтқа айналып жатыр. Газет шығаратын ірі-ірі холдингтер осы жолды ұстанып, жақын арада интернет сайтқа айналады деп болжаймын. Әлем елдері бұл жүйеге әлдеқашан өтіп қойған. Сондықтан интернет-журналистиканың болашағы зор деуге негіз бар.

–       Редактор ретінде пікіріңізді білсек. Қазақ сайттарына қарағанда орыс тілді сайттардың көп оқылатындығының себебі не?

–       Аудиториясында. Қазақша сөйлейтін, немесе тек қана қазақ тілін білетін аудитория ауылдарда, аудандарда отыр. Бірақ олар әлі интернетпен қамтамасыз етілмей жатыр. Сондықтан қазақ сайттары қазақтілді аудиторияның біраз бөлігін жоғалтып алуда. Ал интернеті бар қаланың қазақтары орыс тілін білетіндіктен, көбіне орыс сайттарын қолданады. Өйткені қазақ сайттары жеткілікті дәрежеде мәлімет бере алмайды деген стереотип бар. «Массагет.кз» сайтына жан-жақты мәлімет беріп, осы психологияны өзгертуге ұмтылыс жасап жатырмыз. 

–       Құпия болмаса, блог жүргізуде, интернет форумдар өткізуде қандай тәсілдерге жүгінесіз?

–       Алдыңда отырған адамның психологиясымен санасу керек. Айтып отырған не жазып отырған дүниеңді қабылдай ма, жоқ па? Осы сұрақ мен үшін бірінші кезекте тұрады.

–       Массагетте қай тақырыптар жиі оқылады. Яғни, жастардың талғамы неде болып отыр?

–       Шынымды айтсам, Массагеттегі оқырмандар көбіне миға салмақ салмайтын жеңіл дүниелерге құмар. Қызықты мәліметтер, танымдық жеңіл материалдар. Бұны жас ерекшелігімен түсіндіргім келеді. Біздің аудиториямыздың дені – жастар. Сондықтан бұл материалды қызығып қазақ тілінде, өз ана тілінде оқып отырғаны және ол салыстырмалы түрде жеңіл дүние болса да, таным көкжиегін кеңейтіп жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Бірақ біз осындай сұранысқа ие материалдармен қатар, салмақты дүниелерді тең жазып отыруға тырысамыз. Өйткені әр материалға оқырман ерте болсын, кеш болсын келіп, өзіне қажетті дүниені алады деп ойлаймын. 

–       Әңгімеңізге рахмет.

                                                                                                                                                                  Сұхбаттасқан Гүлжан Серік



Бөлісу: