Мұңсыз қала...

Мұңсыз қала...
жеке
блог

Мама, әкем саған жетті ме? Ол өзіңдей "періште" бола алмайды, сонда да Алладан оның жұмақтық болуын сұрашы... Сен менің жанымда болмасаң да барлығын төбемнен бақыладың емес пе?! Есіңде ме, менің әкем жанымда болғанында мен сенімен осылай аз сөйлесетінмін... Өйткені әкем көрсе қапаланатын еді, ал енді ол да мені көріп тұр... Қайда тығылсам да, не ойласам да жасыра алмаймын... Енді одан сені қаттырақ жақсы көріп кеткенімді де мойындауым керек шығар...

Мама, қайтсем екен, жан баласына тіл қатпай тымырайып жүре бергім келеді... Жалғаннан жанымды ұғар дос таппай даурығамын... Сүйе алмайтын жүрегімді сүйрелеп жырым-жырым етіп, тілім-тілімін құрастыра алмай-ақ қойдым...Мына өмір қатал екен деп қоямын, өзімнің қатігездігім қаперімде болмай... Жұрттың аналары баласына не ақыл айтар деп, құлағымды құрбыларымның үйіне төсейтін болғамын... Өзің болсаң жатқа жәутеңдемес ем... Алақанымды жатқа жайғызбайтындар мол болса да, бөтеннің сөзі қайдан балдай бола қойсын... Бәрін айтқанда сол, сағындым екеуіңді...

Мама, әкем қалай? Сабырыңды тауысып біткен шығар,ә... Ол өзі сондай адам ғой, қабағынан қар жауып, түк жақпайды өзіне... Сонда да мен секілді анда-санда "сайқымазақтанып" жымитып тұршы... Оның да жанындағы ауыр күрсінісі біз шығармыз... Болмаса айдаладағы адам үшін дегбірі қаша қояр деймісің...

Бүгін оқытушымыз: "Кез-келген жазушыға ең әуелі тағдыр керек",-деді... Мен іштей екеуіңнің менен алыстағандарыңның себебі осы ма екен деп, қаламымды жаратыңқырамай қалдым... Бірақ бір күні өздерің жәйлі кітап жазып жатсам, күннен бетер нұрланатын шығарсыңдар жоғарыдан... Сендерді мәңгілік өлмеу үшін өлтірді ма екен Алла, кім білсін?! Жә, кім мәңгілік дейсің, жабырқай көрме! 

Мама, әкемді айтамын да, бағың бар ғой өзіңнің... Мен ондай адамды жарты әлемнен іздеп таба алмай-ақ қойдым... Сондықтан өлеңімнің "өлі" кейіпкерлерімен өзімді алдап келемін... Жалғызбын деп жабықпаймын, жұртқа шет елде ағасы бары, жоғарыда "көкесі" бары "абырой" шығар, мен үшін сенің "барың" мол бақыт... Мама, сен жаттың анасы секілді құша алмайсың, маңдайымнан да сипамайсың, қос бетімнен кезек-кезек емірене сүйіп те жатпайсың, бірақ мен сені қатты жақсы көремін... Білесің ғой мұны? Келесі жолы сәл сендердің мекендеріңе жақынырақ маңда кезігейікші... Болмаса мен тұратын өңір тым жұтаң, оның үстіне сендер жақтағыдай мұнда ұдайы күліп жүретін жандар да жоқ... Қолымнан өткен жолғыдай қоштасарда қатты қыса көрме, сенің өз мекеніңе аман жеткеніңе қарап тұрайын... Сен де сұлусың, сен тұратын мекен де тым "әйбат"... Қызық, сенің әлемің Алматыдан да тым сұлу болып шықты ғой... Мен енді ол қалаға жеткенімде өзіңе қалай мақтанар екенмін?! Жә, қойшы... Сенің жаныңның сұлулығына Алматы көбірек ұқсайды... Сондықтан сол қалада сенің құшағыңда жүргендей ғұмыр кешкім келеді... 

Мама, сен де күліп жүрші... Саған күлген керемет жарасады... Мұңсыз адамға көбірек ұқсап кетесің... 

Мұң жоқ дейсің бе?! Ол мұңы жоқ неғылған қала?! Сендер қай тілде сөйлейсіңдер?! Күйбең тіршіліктен күйікшіл болған мен сендердің "көңіл тілдеріңде" тілдесе алмайтын шығармын... Мама, мен сендердің әдемі қалаларыңа әзір емеспін... Біз осында кезіге тұрайықшы...