Мұндай ағаның барынан...
блог
Ол бір үйдің жалғыз қызы. Жалғыз ағасы бар. "Аға" дегенде өзіңе қамқоршыдай елестейді. Алайда өмір шындығынан көңіліңің қалады. Жасы отызға келіп қалған нәзік қыздың мұндай ойда жүргенін білмеппін, олай болады деп ойламаппын да. Шерін тарқатты демей-ақ қояйын, сырымен бөліскенде таң қалдым. Жоқ, егер ағаң бола тұра қолдау көрсетпесе, қамқоршы болмаса бүгінде "заман солай", "өзін өзі асыраса, соған да шүкір" деп жүре беретін күй кешті көпшілік. Басқаны қайдам, ондайға өзім үйрене алмайды екем. Жазып отырғаным да сондықтан. Бірақ, "пәтер алу үшін сенің тұрмыс құрып, кеткеніңді күтіп жүрміз, тездетіп жартыңды тап" деу, туғаныңды қуғаның емес па?
Ағасын ылғи айтып жүретін. Фотодан сүйкімді, салмақты көрінді маған. Үйленді деп мәз болып, қуаныштарын айтып жүретін. Астанада жұмыс істейді. Нәзік қыз анасымен Алматыда. Жұмысы бар. Өз қолы өзіне жеткен. Күректеп таппаса да, артық шүберек алып, құрбыларымен кездескеніне жетеді. Неге дерің бар ма, әлі тұрмыс құрмады. Салмақты, артық жүрісі жоқ тәрбиелі қыз. Адамның көңіліне қарап тұрады. Таныстарының арасында дау шықса, сол дауды шешу үшін өзін кінәлі сезініп, қолынан келгеннің бәрін жасайды...
Алматыда анасымен тұрып жатқан пәтерді немере ағасы алып берген екен. Міне, мәселе осында. Кезінде сол үйде туған ағасымен бірге тұрған. Енді ағасы елордада пәтер жалдап тұрып жатыр. Жақында көлік алыпты. Пәтер сатып алғанға ақшасы жоқ. Ұлын өсіріп жатыр, 3 жаста. "Мен барымды отбасыма жұмсаймын. Солар үшін бәрін жасаймын. Егер пәтер алсам, кеңін бірақ алам, ол үшін Алматыдағыны сатып, Астанаға анамды көшіріп алам", депті. Баланы бағатын адам керек қой. Анасын жанына әкелу оңай да, қарындастан құтылу керек сонда. Және мұндай маңызды әңгімені, әрине, жеңгесі жеткізді.
Анаңа неге айтпайсың деп асыққаным сол еді, ол кісі де "заман солайдың" қатарында екен, немересін өлердей жақсы көреді. Соған қарамастан нәзік қыз, ағасының сөзін сөйлеп, қиналып жүр, дейді. Қайта нағашы ағасы ұнады, "Алматыдағы пәтер қарындасымдікі, соған алып бердім, сатушы болмаңдар" депті.
Кездескеннен кейін бір жерге барып, отырайық десем, он бірге дейін үлгермесең, таксимен келесің деген ағам (туған ағасы). Ақшам бар, бірақ аула қараңғы, қорқам, оның үстіне Астананы онша білмеймін деп қиналды. Қайтем, жиналдық қайтайын деп. Ағасы да телефон соқты, мен сен жақта жүрмін, болсаң, алып кетейін деп. Келді. Мен такси ұстап кетейін деп едім, жібермеді, отырдым. Су жаңа шетелдік көлік. Томпиған фотодағыдай сүйкімді, салмақты келбет. Талғамы жақсы екені киінгенінен көрініп тұр ағасының. Сырт көзге "интеллигентный" болып көрінеді. Мен бұрын ойлайтынмын, әкесі өмірден озса да Астанада ағасы бар, жақсы жерде істейді, көмектесіп тұрады деп. Бекер ойлаппын. Ондай түгі де жоқ. Мен бұл жерде туғаныңның мойнына мініп алып, асырауға міндеттісің дегім келіп тұрған жоқ. Заманға сілтеп, қаншалықты қаныпезер болып бара жатқанымызды айтам.
Себебі, қиналып жүрген адам су жаңа машина ала ма, жақсы киіне ма, мұнай компаниясында істей ма?
Сөзім жоқ...
Ең болмаса айтып жеңілдедім. Мені қойшы, нәзік қызды айтсашы, өзін кінәлі сезініп жүрген. Өмір бойы тұрып келген үйінен кетуі керек. Әрине, көзін жеткізуге тырыстым. Себебі менің түсінігімде еркек - "еркек". Көпшілікке топырақ шашпайм, сонда да, күйіп кетем осындайда...