Мүмкін...
блог
Мен бүгін сотталамын. Маған өмірде жүріп темір торға емес, темір торда жүріп өмірге қарау жазылған-ау, сірә... Батыс көкжиегін алқызыл түске бояп, күн өз жұмысын аяқтағандай, жердегі бар жарығын жиып алып, жайлы жайына жайғасқан кез. Жердегі тыншыған түн тыныштығының күзетшісіндей болған әсем ай аспан айдынын қақ жара жүзе бастаған уақытта, санамдағы тарс еткен дыбыстан абдырап, орнымнан тұра беріп едім, екі жағымдағы еңгезердей екеу орындығыма қайта жаншыды. Сонда барып тарс еткен дыбыс соттың балғасынан шығып, өзім қанша қорықсам да, сонша асыға күткен оқиғаның басталғанын сездім. Дүние тыныштық көрпесіне оранған сәтте, мені соттау рәсімі ашық деп жарияланды. Сот залында мен, екі иығымдағы қарауыл, төрде отырған балғалы төреші.
Бір қызығы, мені қолымдағы кісенмен көруге күткен кісілерім де, әке-шешем де, тіпті атам да келмеді. Бәрі де осынша жерінді ме екен? Бәлкім, олар өздері қандай адам тәрбиелеп шығарғанын көргісі келмес, шынтуайтына келсем, өзім де осы түріммен оларға көрінгім келмейді-ақ. Мүмкін, бұл сотқа өзімнен басқа ешкім қатыса алмас болар. Өзің істегеніңе өзің ғана жауап бере алатын шығарсың. Ылайым солай болғай...
Екі жағымдағы екеуі қарауыл ма десем, айыптаушыларым да солар екен. Екі иығыма да тек күнәларымды теріп жазатын періште отырып алғандай, есте қалғаны, қалмағаны бар баршасын жіпке тізгенде, өзімді өмірдегі ең тұрпайы адам сезіндім. Қорғанғым-ақ келді. Бірақ, маған сөз тимейді. Олар айтқан сайын көз алдымдағы дүние киноның кадрларындай айнала берді. Біраз қырға соқасын салған егіншідей, біраз жерге ізімді салған сияқтымын қателіктеріммен. Өмірде мақтанарымнан гөрі, жүзімді төмен салдыратын сәттерім көп екеніне көзім жетті. Бірақ мұның бәрі жай ғана бер жағы екенін ішім сезеді. Мені қинайтын нәрсе әлі алда. Осы ойымды оқып қойғандай-ақ сол жағымда тұрғаны:
- Құрметті айыпталушы мырза! Сіздің осы уақытқа дейін ғашық болып, сүйемін деп үзіле жаздап сөз салған сұлуларыңызға берген серттеріңіз есіңізде ме?
Бұл менің дәл буыныма салынған пышақ еді. Ойым сайрап тұрса да, тілім байлаулы. Иә, есімде ғой бәрі. Өле-өлгенше ұмытпай, еске алған сайын бетім нарттай қызарып, жүрегімнің бір шетін сыздатып жатар жара - осы емес пе? Мен олардың барлығын сүйген едім. Ал, сүйе тұрып оларға бүгін сүйем, ертеңіме сенімді емеспін деп қалай айтуға болады? Бәріне де уәде бергенім рас, бірақ біреуін орындау қолымнан келмеді. Адамның бағындырған биігі, екінші биікті көрген соң өз биіктігін жоғалтып, жазыққа айналарына анық көзім жетті. Мені бәрі сертімде тұра алмағаным үшін кінәлайды. Алайда, уәдемді орындау үшін, ол қызды жылатпай-ақ қояр едім. Өзімді барынша қинап қасында жүріп, сезімдерім суып қалса да сүйемін деп өтірікші күн кешіп, оны аяғандықтан бәріне де көнермін-ау. Бірақ, аяушылықтан шын махаббат тумайтынын қайда қоярмын.
Осылай бәрі ойымда сайрап жатса да, бұл нәрсені мыналарға айтсам, әй, сірә, түсінбес. Сәлден кейін сот отырысы аяқталып қалғанын сездіргендей, төрде отырған балғалы мырза маған ең соңғы сөзімді сөйлеуге мүмкіндік берді. Ойлаған ойларымның бәрін айтып-ақ тастағым келді. Сезімді адам серттен жасай алмайтынын, сезімдерің суыса ол адамның қасында жүру тозаққа айналып, өтірік күліп, өтірік сөйлегеннің қаншалықты азап екенін айтып-ақ тастағым келді. Алайда, айтылар шақта екі-ақ ауыз сөз аузыма түскен:
- Кешіріңдерші мені!
Ойым қанша шешен болса да, ауызым айта алмады. Себебі санамдағы сезімді сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес.
Бала шағымда жалғыз қалғанды жақсы көруші едім. Жалғыз қалып, арманыңмен алыс қырларға аттанудан артық қандай рақат бар? Балалық шағымда мен екі дүниеде өмір сүрдім. Күндіз мұғалім алдында мектепте отырған оқушы болсам, түнде арманыммен айға қонған адаммын. Ал, қазір ше? Шексіз-шетсіз армандауға ойларым тосқауылдайды. Жалғыздықтан жасқанатындаймын. Жалғыз қалсам болғаны жан-жағымнан жұлмалдаған сұрқия сансыз ойларды көрем. Қашып-ақ кеткім келеді, екі қолымды басыма қойып. Менің ешнәрсе ойламай, тек армандап қана көз ілген ең соңғы түнім балалық бал шығымның ең соңғы түні болар бәлкім. Қайырлы түн менің балалық шағым. Сен мәңгілік ұйқыдасың!
Мен сол балалық шағымды қайырлы түн тілеп ұйқыға жатқызған күннен бастап сотталумен келем. Бұл болып жатқан алғашқы да, соңғы да емес. Бұл мәңгілік жалғасар адамның ар-ожанының соты! Екі иығымда тұрған екеуі - арым мен намысым, төрде отырған төреші – ақылым, сотталып жатқан – сезімім еді. Сезімім емес – өзім. Адам сезімсіз қалай өмір сүрмекші? Егерде сезім болмаса ар, ұят, намыс та болмас еді ғой. Бірақ соны біле тұра сезімдерді тұсауға тура келеді. Себебі, сот шешімі солай.
Әне менің ешбір жаннан тұрақ таппаған сезімдерім темір торды тұрақтауға беттеп барады. Мұнан кейін мен мүмкін қызға ғашық болып, қыздардың жүзіне мына қыз сұлу екен деп қарамаспын да. Еш қызға сезімімді білдіріп, ыстық алақанына алақанымды тигізбеспін. Мүмкін, бәрі мүмкін ғой!
Санамды сандалтқан сансыз ойлардан ұйқым арашалап алды.
Таң ата сағаттың безілдегенінен ояна салып, мектепке асықтым. Мектепке кіре берісте алдымнан сыныптас досым жүгіре шығып:
- Дастан, біздің сыныпқа көрші ауылдан ұшқан бір сұлу келіп қонды,
- демесі бар ма? Менің сезімім сотталған емес пе? Үндемедім. Өзімше маңғаз қалып көрсетіп, сыныпқа кіріп бардым да, өзіме таныс емес жанды көзіммен іздей бастадым. Соңғы партада жалғыз отыр екен, жанына жайғаса кеттім.
Арманын алысқа жүздірген арманшыл ару бүгінде өте қуанышты еді. Ол жаңа мектеп, жаңа сыныпта отыр. Жан-жағына жасқана қараған аласынан қара мол мөлдіреген қара көздерін бейне бір қоянның көжегінің көздеріндей ме дерсің. Сондай бейкүнә, сондай қорқақ... Жыланның арбауына түскендей, сол арудың көздеріне арбалып артынан ере беріппін. Оны үйіне дейін шығарып салып, домбыра тарта алмасам да күй шығарарлық шабыт алғандай болып, үйге бұрылдым.
Күн батып, жер дүние тыныштық көрпесіне оранған кешегі уақытта жалғыздығыммен тағы да жалғыз қалдым. Санамды сүзіп кешегі «сезімім» қамалған темір торды қарап көріп едім, қаңырап бос тұр.
Мүмкін, адам баласының сезімін ешкім де соттай алмас болар. Иә, мүмкін. Бәрі де мүмкін ғой.