Мұқат жайында…

Мұқат жайында…
жеке
блог

 

  Кез келген әдебиетте, тарихта бір күннің немесе бір жылдың төңірегінде жасала қоймасы хақ. Ол сан ғасырлар қойнауынан, тарихтың сырға толы парақтарынан құралады. Мәдениеті бай елдің тарихы тереңде, айтары көп. Осы бір мұраны ұрпақтарға жалғасытыру үшін белгілі әдебиет көздері  керек.  Міне, бүгінде біздер ХХ ғасыр цензурасынан тайсалмай, халық сауатын ашып, болашақтың жарқын жолын нұсқаған ұлт-зиялыларының қажырлы еңбегінің арқасында, халқымыздың ХХ ғасырдағы және оған дейінгі өмір тынысымен танысып жатқан жайымыз бар. Ел болшағы үшін күш жұмсаған зиялылар әр кез ел есінде.

  Сол көрнекті тұлғалардың бірі- Мұхаметжан Сералин. Бұл кісі көбімізге «Айқап»-тың редакторы, журналист, жазушы ретінде ғана таныс. Ал оның жеке тұлға ретіндегі өмір жолы, саясаткерлік ұстанымы, шығармашылыққа әкелген жаңалықтары қандай болған? Бұл жәйттар жазыла бермегендіктен көбімізге беймәлім күйінде қалған секілді. Бүгін  Бейсенбай Кенжебаевтың мұрағатынан алынған, Мұхаметжан Сералин жайында жазған төл туындысынан алған ақпараттар легімен бөліссем деймін.

   Бұл жазбаны көргенде, ең алдымен көзіңізге тақырып түсіп, түпкі мәнін түсінбей қалуыңыз әбден мүмкін. Себебі бұған дейін, Мұхаметжан Сералин айтылған жерде Мұқатты естімеген боларсыз? Қаламгердің көпке беймәлім тұсы осы болса керек.  Ертеректе Мұхаметжанды ел, руы қожа болған соң еркелете « Баққожа» немесе «Мұқат» деп атаған екен. Ел ағасына айналған шақта әрине бұл есімі қолданылмаған сыңайлы. Дейтұрғанмен, газет-журналдарға жариялаған бірсыпыра мақаласында- «Мұқат» деп қол қойып өткен.

   Мұхаметжан Сералинді  жаңашылдық жеткізушісі дерсің. Алдымен қазақ баспасөзіне алғашқылардың бірі болып, журналды әкелсе, қазақ әдебиетіне тұңғыш рет реалистік шығарманы әкелді. «Гүлшәкима»- туындысы, осы пікірдің бұлтартпас айғағы. Бұл туындыны, өзі қонақтап жүрген ауылдың бірінде, танысқан Баймағамбет есімді жігіттің өміріндегі уақиға желісінде жазған. Кейіпкер өте талантты болғанымен, ғашықтық азабынан қыршан кетеді. Шығарма ерекшелігі, тек махаббат хикаясын емес, сол кездің тұрмыс салтын, әйел теңдігін бүкпесіз   жеткізгендігінде болып тұр. Мәселен мына бір өлең жолдары:

« Мал берген мен біреулің жесірімін,

Қос жұртты әзіл сөзге қылам ба мерт,

Той қылып, құда болып, құйрық жесіп,

Мал сізге, қыз бізге деп айтылған серт».

Халқымыздың қаншама жасқа бұғалық салған дәстүрі осы туындыда көрініс тапқан. Заман көрінісін бейнелеген, табысты туынды дер едім.

    Келесі кезек саясаткерлік бейнесі бой көрсеткен бір дерекке тоқталсам. Қаламгер жастайынан оқу, білімге құштар болды. Дегенмен, өмір жолындағы соқпақтар көп еді. Әкеден ерте айырылып, кейін оқу жасына келгенде қаржыменен көреалмаушылық зардабынан жоғарғы білімді толыққанда ала алмады. Десекте тағдыр сынына шалынбай, алға ұмтылды. Табиғаттан дарыған таланты оны білімнің асқақ шыңына жетеледі. Оқудан қайтып келіп, Аралда мұғалімдік қызмет атқарды. Осы кездерде халықпен етене араласып, әрбірінің жай күйін ұғынуға тырысты. Бос уақытын кітапханаларда газет-журнал оқумен өткізді.Орысша сауат ашты. Солайша жазуға машықтанып, журналистика саласына бет бұрды. Айта өтерлігі, бұған дейін Мұхаметжанды әдебиет пен әлеумет саласында көрдік. Ал осы бір өзі жинақтаған білім арқасында ол-саясатқа ден қойды. Мұның ең үлкен дәлелі- «Келешек заманымыздың қамы» деген мақаласы. Мақалада «ел алдында екі жол барын, бірі-отырықшылыққа, екіншісі- көшпелілікке жетелейді», деп басып айтады. Мұны ұрпақ болашағына тиімді ету үшін, дұрысын таңдау қажеттігін жеткізеді. Ұрпақ болашағымен сабақтасқан бұл мәселені шешуге съезд шақыруды талап етті. Саяси көзқарасының тереңдігін осы жерде аңғарамыз. Себебі белгілі саяси білімі, не көзқарасы болмаса ол кезеңдерде съезд ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

    Сонымен деректерге сүйене келе айтарымыз, Мұқат яғни Мұхаметжан Сералин қазақ халқының журналистикасының атасы, қоғам қайраткері ғана емес, саяси білікті, баспасөзге жаңашыл бағыт сыйлаушы, өмірін журналмен байланыстырған тұлға деп білеміз. 

 

 

 

Мади Анеля

ҚазҰУ  журналистика факультетінің

1-курс студенті