Мұқағали поэзиясы қазаққа мәңгі қызмет жасайды

     Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – xалқымыздың руxани қазынасы. Асыл жырлары жылдар жылжыған сайын биіктеп барады. ХХІ ғасыр ұрпақтары да ақын өлеңдерін өзінің сырласындай, мұңдасындай көретіні сондықтан.
    Қазақ пен жоңғар арасындағы қиян-кескі соғысты арқау етіп жазған «Райымбек! Райымбек!» атты кесек дастаны ардагер ақын көзі жұмылған соң бес жылдан кейін жарияланып, қалың оқырман арасында үлкен аңыс қозғаған еді. Дастан жарияланысымен-ақ Қазақстанның беделді сыншысы Бақыт Сарбалаұлы «Халық тағдырын жырлаған» деген тамаша мақаласын жазып, оқырман жұртшылығын жалт қаратты. Мұқағали жазған бұл көлемді тарихи дастанда халықтың атақты қас батыры Райымбек Түкеұлы Қангелді немересінің жасаған дәуірімен танысуға тура келеді. Тарихи деректерде жазылуына қарағанда жоңғар хандығы XVII ғасырдың соңы мен ХVIII ғасырдың орта шеніне дейін қазақтың жер-суын басып алу мақсатымен талай рет жойқын шабуылын жасады. Сол шабуылдың ең айтулысы, қазақ халқының мәңгі естен кетпейтін 1723 жылғы « Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған қайғылы, зарлы оқиғаны ерекше сөз
етуге тура келеді. Бұл соғыста қазақтар катты жеңіліс тауып,  шаңырағы ортасына түсіп, торғайдай тозып, ата жұртын тастап, босқынға ұшырады. Сол тұстарда елім деп еңіреген Қабанбай, Қангелді,, Бөгенбай, Барак, Наурызбай, Қарасай, Райымбек, Өтеген, Аралбай, Жәнібек, Есенгелді, Бәйсейт, Қарақұл, Қаржау, Малай қатарлы халқымыздың жау жүрек батырлары елін, жерін қорғау жолында ерен ерліктер көрсетті. Бірақ қазақтың хан-сұлтандарының алтыбақан алауыздық, берекесіздік, дәрменсіздігінен халық ауыр жеңіліске ұшырады. Атамекенінен айырылған халық «Елім - айлап» зарлы да мұңлы әнін салып, көкірегіне қайғылы шер байланды.
     Ақиық ақын Мұқағали ел басына түскен ауыр күндерді, халық көзінен аққан қанды жасты, Ақтабан шұбырынды заманындағы үркін-қорқынды, жоқшылық, босқыншылық жайлаған зар заманды «Райымбек! Райымбек! » атты дастанның алғашқы беташарында бейнелеген.
     Ақынның бұл дастаны туралы сыншы Бақыт Сарбалаұлы «Райымбек! Райымбек!» оқығанда, міне, осы жолдар еріксіз зердемізде жаңғырып, М.Мақатаевтың жаңа дастанына да лайық баға екенін байқатқан. Бұл өзі — жанарыңа жас келтіретін, бірде ысытып, бірде мұздатып, жігеріңді қайрайтын, қолыңды қаруға немесе қаламға жүгіртіп, болашақта ерлік жасауға жетелейтін шығарма.
     Мұқағали Мақатаев екінің бірінің еншісіндегі тәтті, жеңіл, үйреншікті жайларды жазып отырған жоқ. Мыңның бірі ғана жырлар, жырлай алар жәйітті өлеңіне қорғасын өзек еткен. Ақын нысанасы – тарих. Тарих болғанда да қазақ халқының жер басып, түтін түтеткеннен бергі ғұмырындағы ең берекесі қашып, белі кеткен тұсы – бүкіл тағдыры, болашағы, жарық дүниеде тірі жүрер - жүрмесі таразының өмір және өлім атты қос басына қалтылдап түскен сәті» – деп пайымдаған екен.
     Райымбек тұтас қазаққа аты әйгілі батыр. Оның ұлы атасы Қангелді, арғы атасы Сырымбет қазақтың үш жүзіне бірдей танылған батыр - би болған кісілер. Райымбектің балалық, жастық шағы жоңғарлардың қазақ даласына қайта - қайта шабуыл жасаған аумалы - төкпелі тар заманға тура келді. Елді қайғы, жерді өрт жалмады. Ақын Мұқағали:
             Қара жұртта бықсыған шала қалған,
             Аналардан ес кеткен, балалардан.
             Тал да таппай қармауға жағалаудан,
             Ақыл қашқан адыра бабалардан.
             Қандай қарғыс атты екен қайран елді?..
             Қайда барып тығылар паналауға?.. -деп босқын болған елдің ауыр тағдырын дәл суреттейді.
     Қорыта айтқанда, Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» дастаны қазақтың қара өлеңі дәстүріне мұрагерлік еткен батырлық жыр үлгісінде жазылған кесек шығарма ретінде құнды.
 
 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1-курс магистранты
Байбосынова Мадина
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
философия және саясаттану факультетінің профессоры, доцент
Данат Жанатайұлы Жанатаев
 



Бөлісу: