Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Мақатаев
жеке
блог

Алматының аспаны Тал түсте,

Бозғыл деңгейде,

Шуағын жерге төккен Күн.

Жылымық қыста кей-кейде,

Иісі келер көктемнің.

Ұмыттырар ақпанды,

Боз аспан, онан боз дала.

Осынау ғажап шақтарды,

Қозғама, тәңір, қозғама!

Оралады өткен күз, Қыс келеді.

Төсі қар.

Ұзатылған көктем-қыз

Қайта оралса, несі бар?!

Ішке сыйған баламыз,

Сыртымызға сыяды.

Кең ғой біздің даламыз!

Зиялы да ұялы.

Қайдан келсін бірақ та,

Мезгіл жетпей қыз-көктем.

Қарашы анау қыратқа,

Арқасына мұз шөккен.

Алматының аспаны,

Бізді әзірге тұр алдап.

Қайың, терек бастары,

Барады әне, қыраулап...