Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Мақатаев
жеке
блог

9 ақпан, 2011

Мұқағалиімнің туған күні. Мектепте кеш ұйымдастырдым. Суреттерін бөлмеме іліп қойдым. Портретін салғыздым. Көзі жоқ болса да, өзі ортамызда отырғандай сезімде болдық.

 

24 мамыр, 2011

11-сыныптағы Оңғар Нұрболаттың осыдан бірнеше ай бұрын кіапты көп оқитыныма, поэзияяны, Мұқағалиді сүйетініме әрі риза болып, әрі сүйсініп: «Саған естелік ретінде кітап сыйлаймын. 25-мамырға дейін бір күні алып беремін. Уәдем-уәде! Уәдемді орындамасам жігіттігіме сын болар», - деген болатын. Міне, межелі күн де жетіпті. Мектептен шығып, дүкенге кіріп кетіп едім, артымнан жүрегін қолына алып бір ұл жүгіріп келе жатыр. Нұрболат екен. «Өзіңді әрең ідеп таптым ғой! Міне – кітап! Поэзияны сүйетін болғасын поэзиядан таңдадым. Бірінші бетіне қолтаңбамды қалдырдым. Қарарсың», - деп асығыс кетіп қалды. Бұл менің өмірімде алған сыйлықтарым ішіндегі ең бағалысы болмақ.

***

...мен Мұқағалиді қатты жақсы көремін. Мен қаласам маған әке де, ата да, дос та, сырлас та, мұңдас та, ақылшым да, былдырлаған жас сәби де бола алады. Тек мен қаласам болды. Жыласам – жұбатушым, құласам – қолдаушым, қорықсам – қорғаушым да бола алады. Шын жүрегіммен барлығынан бетер жақсы көремін оны. Шын досым, шын жанашырым болып кеткен Мұқағалиім менің! Болашақ жарым дәл сендей болса ғой.

 

28 маусым, 2011

Мұқағали өзі азғантай жиһаздарының орындарын ауыстырып қоя беруді жақсы көретін болған екен.  Менің анам да сондай. Бүгін Кәмшат екеуміз бір бөлмеге көшіп, Бекзат пен Бекарысқа бөлме бердік. Барлық жиһаздардың орындарын ауыстырып тастадық.

 

11 қараша, 2011

11.11.11. – Ғасырда бір келер күн.

Адамдардың барлығы дерлік түс көреді. Тәтті ұйқыға батып бара жатқанда құлағың естімей басқа әлемге сапар шегіп бара жатқаныңды байқамайсың. Сөйтіп түс әлеміне кіресің. Бұл түс көру құбылысы қанша уақыттан бері зерттеліп келе жатса да, толық ашылмаған. Ғалымдардың айтуы бойынша түсті көп ойланғаннан, көп армадағаннан көреді екенбіз. Нағыз арманшыл, қиялға берілгіш жандардың бірі – өзім. Сондықтан болар, тым жиі түс көремін. Тіпті он-он бес минутқа көзім ілініп кетсе де, түс көріп оянамын.

         Ақтау қаласында «Дарын» қосымша білім беру орталығы бар. Біліміңді шыңдаумен қатар жаңа достар табуға көмектесетін таптырмас орын. Сол жақтағы достарымды, небір түрлі қызықты оқиғаларды жиі еске алып, сағынып жүремін. Түсіме де жиі кіреді. Мұқағалиді де аз ойламаймын. Бірақ неге екенін қайдам, түсіме ешқашан кірмейді. Бақилық болған адам түске еніп, тіл қатса тек шындықты айтады дейді. Түсімде сүйіктімді көріп, сезімімді сездіріп, сырлассам ғой, шіркін! Көкейімде жүрген қаншама сұрақтарым жауабын тапса ғой. Жұрттың «Мұқағали мен Фариза арасында ғашықтық сезімі болыпты» деген қаңқу сөзін жоққа шығаратын дәлелім болса ғой. Әлде сол сендегі «керемтті» көрмей, сезбей жүрген тас жүрегің Фариза ма екен?! Фариза Оңғарсынованың сөзіне сенсек олай емес. Қарамай, жаныңды жаралаған махаббатың кім екен. Азия ақындарынан Дантені алғаш аударған сен екеніңді, сендегі шындықты халыққа танытып, ғылыми жұмыс жазар ма едім?! Түсімде айтарларыңды бұл – сырым десең, ешкімге айтпай-ақ та қояйын. Мен сырды жақсы сақтаймын. Тек түсіме енші!!!

 

13 қараша, 2011

Алғашқы қар жауды. Біздің үйдің дәл жанындағы ақ қайыңның жапырақтары әлі түспеген, ал бақшаның ішінде тұрған басқа ағаштар түгелдей шешінген (жапырағынан айырылған). Алғашында мәнісін өзім де түсінбедім. Әжемнен сұрап білсем суды көп ішкен ағаш ұзақ уақыт бойы қурамайды екен. Бақшадағы ағаштар тек жаз мезгілінде ғана суғарылады. Ал үйдің жанындағы қайыңды құбыр суы әлі суарып тұр...

         Ал енді осы ақ қайың маған кейде өзімнің Мұқағалиім секілді сезіледі.  Мұқағали «менде бір жүрек, сен көктем келсе қайта жасайсың, саған мың жүрек берген, екеуміз де жерден жаралғанбыз, анамыз бір, алмасып өмір сүрейік» деп ақ қайыңмен сырласатын ғажап өлеңі бар ғой. Сол үйімнің қасында тұрған қайыңға Мұқағали жаны енгендей. Мұндай ақымақ ойлар миыма жайдан-жай келмейді. Қайыңның әлі күнге жапырағын жайып тұрғаны, бұл – Мұқағалиімнің өлеңдері барлық жерде еркін қанат жайып жүргені. Мұқағали сияқты ақ қайың да өміршең. Мұқағали өлген жоқ. Оның өлеңдері өмір сүруде, өзі менің жүрегімде. Біз ақ қайыңды әлі суарамыз. Өсуіне жағдай жасаймыз. Мұқағали өлеңдерін жаттаймыз, жүректе сақтаймыз. Міне менің «ақымақ ойларымның» жауабы.

 

9 ақпан, 2012

Мұқағалиімнің туған күні. Көзімізді ашсақ та, жұмсақ та көретінімз тек тест болғасын, жылдағыдай атап өте алмадық. Қарбалас... сонда да өзіңе деген сезімімнің шексіз екенін әрдайым біліп жатасың ғой. «Сен!» деп соққан жүрегімнің лүпілін сезіп, қайда жүрсем де тілекшім боласың ғой. Менің жетістіктеріме сен де бір аунап тұратын шығарсың, онда сенің де үлесің бар, періштем!

 

8 ақпан, 2013

Ертең Мұқағалиімнің туған күні. Бейнеуде таныстарым мені ғана құттықтаумен шектелсе, Алматыда дүбірлетіп қала болып атап өтеді екен. Біздің журфактың «Мәслихат» ұйымы да менің сүйіктімнің 82 жылдығына «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген» атты әдеби-сазды кеш өткізгелі жатыр екен. Қазір өзіммен өзім шеттетіліп қала беретін болыппын, түкке араласпаймын. Бұрынғы пысықтығымды қай сайтан ұрлағанын қайдам. Бұл жолы Мұқағалидің кешіне ат салыспағаным жарамас деп шештім. «Қош, махаббат» пьесасынан үзінді алып, Алпамыс екеуміз Бағдат пен Банудың рөлін сомдадық.

 

9 ақпан, 2013

Мұқағали өмірі жайында «Ақын...Періште...Махаббат...» қойылымына театрға бардық. Екі ұл іші пысып кетті, маған қызықты болды.