Мұқағали атамыздың туған күні

Мұқағали атамыздың туған күні
жеке
блог

Мұқағали Мақатаев (9- ақпан 1931, Алматы обл. Райымбек ауданы, Қарасаз - 27-наурыз 1976, Алматы)– қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын

Бүгін Мұқағали атамыздың туған күні! Осыған орай университетімізде іс-шара өткен еді.  Журфактағы баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 1-курс студенттерінің көпшілігі ақынның бір-бір өлеңін ортаға шығып оқыды. Әрбірінің дикциясы ерекше десем артық айтқаным емес! Дауысы қойылған тіпті әрбір әріптері анық әрі таза шығады! Әрине, бұл менің алтынға тең келер ғұрыппаластарым ғой! Барлығы мінсіз өтті дейін десем мен өзім үлкен қателікке жол бердім...

  "Сен жыладың, жігітім,
  Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
  Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым,-деп басталатын өлең жолдарын Мұқағали атамдыкі деп санап келдім.  Сол іс-шарада мен өлеңнің авторын да, атын да айтпай бірден оқып кеттім.  Ал бітірген кезде ұстаздар бұл Шахановтың өлеңі десті. Не дерімді білмей абдырап қалдым. Қатты ұялып қып-қызыл болып кеттім деп тездетіп отырған орныма жайғастым. Сол күннен бері мені мына ойлар мазалайды: неге мен ол өлеңді Мақатаевтікі деп санаймын? Осы сұрақ жанымды жегідей жеп келеді.  Сөйтіп кітапханаға барып екі ақынның өлеңдерін іздеп көрсем өлең расымен де Шахановтыкі екен.

Аты "Жігерлендіру".

Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
Сен жыладың,
Сезімің жасып ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасына алып.
Қырмызы күнім өтті деп.
Сенгенім сатып кетті деп.
Сен жыладың:
Аңғармай қалдым орды деп,
Қадамым сәтсіз болды деп,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Сен жыладың,:
Мен бірақ селт етпедім,
Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
Білем сені - өр көңіл, жомарт едің,
Енді бүгін... қалай бұл кер кеткенің?
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма,
Қарау керек, бауырым, саған алға.
Басындағы бөрік пе,
Орамал ма?
Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,
Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес,
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ерлік пенен ездіктің жолы қатар
Екеуінің арасы бір-ақ адым.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын.
Көтер, кәне, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, кәне, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған?
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақкөйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған:
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп...
Тоқырау білмес айбыны
Адалдық деген - әлемнің ұлы байлығы.
Бетіне жиған ұятты
Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.
Тірлікте осы баланы
Өкпелететіндер бар да,
Жұбататындар бар.
Жек көретіндер бар да,
Ұнататындар бар.
Арын сатып қорлайтындар бар да,
Жанын сап қорғайтындар бар.
Қиналып бекер алаңдадың-ау,
Ойынды шығар өріске.
Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес, ендеше!    

Бұл өлең https://www.zharar.com/kz/olen/1779-muhtar.html сайтынан алынды.

 Құрметті достарым, оқырмандарым! Бұдан шығатын қортынды: ғаламтордағы ақпараттың барлығына сене бермеңіздер,  мен секілді ұятқа қалып қалмаймын десеңіздер)