Омархан қиылған қара көзді, томпақ бетті, дөңгелек мұрынды, аса сымбатты сұлу кісі екен. Ат жалын тартып мінген соң Әуез бұл баласын өзімен бірге ертіп жүріп ел танытқан. Омархан сондай зейінді, сөз тауып айтқыш, пысық болған. Кенже інісі Самарханды Әуез өзіне ерекше бауыр тартады. Омархан екеуін аға-іні сияқты етіп тәрбиелейді. Самархан Семей қаласында сауда істеп жүргенде інісі Омарханды өзімен ертіп жүріп, қаладағы ел-жұртқа үйір қылған.
Самархан Семейде ірі сауда істейтін Сәбікей деген өзбекпен таныс болған адам. Ол оның Мұқаш, Рахымжан атты балаларымен дос жар болып жүріп сол Сәбікейдің Мәдине деген қызын айттырып алады. Осы кезде Омархан Сәбікеймен бірігіп Алматы қаласына кіре тартуды ойластырады. Сөйтіп, 20-30 ат арбамен шілдеде Жетісуға келіп жатып, күзде Семейге алма әкеліп сататын болады. Осы сауданы істеп жүріп ол Алматыдағы ірі шаруашылығы бар Әбсемет деген қазақпен танысып, сол арқылы көп пайдаға батады. Екі-үш жылдан кейін Әбсеметтің Нұржамал деген қызын айттырып, елге алып қайтады. Нұржамал қара торы, келбетті келген сұлу әйел еді. Бұл кісі үш қыз туған. Орталарындағы ұлдан жалғыз Мұхтар болатын. «Абай жолындағы» Әбдірахман Алматыдағы әскери қызметте жүріп ауырғанда Әбсеметтің үйінде жататыны бар ғой. Міне, Мұхтар ол эпизодты құдандалық себепке негіз етіп алған.
Омарханды баулып өсірген ағасы Самарханның әйелі Мәдинеден Разақ пен Зура туады. Омархан ағасы қайтыс болғаннан кейін жеңгесі Мәдинені алып, екі баланы ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп өсіреді. Әкесінің інісі қайтыс болғаннан кейін Разақ Әуез қожаның үлкен үйіне ие болып қалады да, Омарханнан қалған Мұхтар, Біләл, Үмияны тәрбиелеу міндетін өз мойнына алады. Омархан көзі тірісінде өзінің пысық, еті тірі болғандығының арқасында ортадан жоғары шаруаға келіп жеткен еді. Бірақ 1912-ші ақ тышқан жылы Әуездің екі үйінің де малы қырылып, кедейленіп қалады. Осы кезде Омарханнан алған тәлім-тәрбиесі мол Разақ Семейге барып, баяғы Сәбікейдің балаларымен бірге ірі сауда жұмысына кіріседі. Сөйтіп, екі-үш жылдан кейін үлкен үйді қайтадан орта шаруа, одан жоғары шаруа деңгейіне жеткізеді. Разақ өстіп әлденген соң ел аралап, Мағауия, Ақылбаймен, одан кейінірек Ақылбайдың балалары Әлімқұл, Әубәкірмен құдалас, дос-жар болған. Оның адамгершілігін Абай да жақсы бағалай білген.
«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» кітабынан
Қосымша:
Семей – Шығыс Қазақстан облысының батыс өңіріндегі ірі қала. Ертіс өзенінің екі жағасына орналасқан. Негізі 1718 жылы қаланды. 1-Петр шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлық шығарған. Құрылысы 1714 жылдан 1720 жылға дейін созылған. 1718 жылы подполковник П.Ступиннің бақылауымен толық қарулану жүргізіліп, бекітілді. Алғашқы кезде Семейде сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұхаралықтар, ташкенттіктер, қоқандықтар келе бастады. 1728 жылы кеден мекемесі құрылды. Семей кедені Мәскеудегі Мемлекеттік Коммерц-Коллегия басқармасында орналасқан Сібір жарлығына бағынды. 1776 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторы бекіністің жаңа жобасын жасау үшін капитан И.Г.Андреевті жіберді. Бұл инженер жолдар, көпірлер салды. Бекіністердің жоспары мен картасын түсірді. 1854 жылы 1 қазанда Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Қалалық дума мен сот бекітіледі. 1873 жылдан Семейде телеграф, ал 1910 жылдан телефон және еліміздегі тұңғыш су өткізу болды. 1863 жылы қалада 2 оқу орны жұмыс істеді. Бір уездік училище, 2 шіркеуліу-приход училищесі, 14 қазақ және 9 татар мектептері болды. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында қалада ерлер мен әйелдердің классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. Әлімхан Ермеков ерлер гимназиясын алтын медальға бітіріп, содан соң Томскінің технологиялық институтын бітірді. Мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаев оқыды. 1854-1589 жылдары Ф.М.Достоевский Семейде тұрып, «Записки из мертвого дома», «Дядюшкин сон», «Село Степанчиково и его обитатели» шығармаларын жазған. Осында Достоевский П.П.Семенов Тянь-Шаньский мен Шоқан Уәлиханов, Г.Потаниндермен кездесті. Семейге Е.П.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобановский, А.Леонтьев, Н.Коншиндер жер аударылып келді. Олар Семейде ғылыми және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізді. 1920 жылдың қазан айында қалада құрамында 15 адамы бар «Ес-Аймақ» театрлық труппа құрылды. Олардың арасында Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Жүсіпбек Елебековтер болды. 1934 жылы қазақ сазды-драмалық театр құрылды. 6 шілдеде І.Жансүгіровтің «Кек» спектаклімен ашылды. 1941 жылы Семей облысында 238 және 8-атқыштар дивизиясы құрылды. 238-атқыштар дивизиясы 1942 жылдың 3 мамырында «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Әбсемет – Абайдың жиені. Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туған. Әуезовтің «Тұрысбек 1882 жылы туған» деп аталатын қолжазбасында Ыстамбекұлы Әбсемет туралы деректер бар. Әуезов Абайдың «Әбдірахман науқастанып жатқанда» өлеңінің «Әбсемет жиенің» деген өлең жолына түсінік береді: «Әбсемет Алматының адамы. Мағауия соның үйінде жатып, күтіміне, көмегіне қатты риза боп, Абайға хат жазған». Әбсеметті «Абай жолында» суреттегенде нақты деректерді негізге алуды мақсат еткен. Әбсемет – Мұхтардың нағашы атасы. Омархан Әбсеметтің қызы Нұржамалға үйленген. Валентине Әуезова «Алғашқы жылдар» естелігінде Әуезовтің «Қилы заман», «Қараш-Қараш» повестерін жазуға дерек іздеп, Алматыға нағашыларын іздеп барғанын айтады. Сөйтіп, деректерді жинастырудың нәтижесінде «Абай жолының» 4-кітабындағы «Қапада» деген тарауында Әбсемет пен оның оның үй ішін суреттеген.
Гүлнәр Разаққызының сұхбатынан: Мұхтар ағаның қолында 18 жыл тұрдым. Мәжит Диханбаев 1934 жылы 5 жасымда Семейден алып келіп, Мұхтар аға мен Валентина Николаевнаның қолына табыстайды. Мұхтар аға 1930 жылы тұтқындалып, 1932 жылы шыққаннан кейін баспанасы болмаған соң, Мирзоян Сейфуллин (бұрынғы Өзбек) көшесінің бойынан 3 бөлмелі үй береді. Үй өте тар, ас үйі алты-ақ шаршы метр, жатын бөлмесі 9 шаршы метр болатын. 1938 жылы Абай атындағы опера және балет театры қасындағы үйге, төрт бөлмелі пәтерге көшіп келдік. Жарық дүниеге әкелген өз әке-шешем – Разақ пен Әлила болғанымен, маған тәрбие беріп, өсіріп-жеткізген – Мұхтар аға мен Валентина жеңгем. Валентина жеңгем мені өз қызы Ләйладан бөлген емес. Мен 1928 жылы, ол 1929 жылы туылған еді. Екеумізге киімді де бірдей алатын. Кірді сондай ашып жуатын. Мұхтар ағам үйінің ұядай болып, біздің тап-таза боп жүргенімізге риза болатын. Өте бауырмал, балажан еді. Бізді ерінбей далаға шығарып, өзі сырттан бақылап отыратын. Қыста мұз айдынға да алып баратын. Ләйла екеумізге аяқпен тебетін машина әкеп берді. Машинаны далада тебеміз де, үйге кірерде екінші қабатқа көтеріп шыға алмай, подъезге қалдырып кетіп жүрдік. 4-5 күннен кейін машинамызды ұрлап кетті. Валентина Николаевна бізге ренжіп, ұрысты. Мұхтар аға: «Балаларымыз аман болсын, ондай ойыншық табылады», – деп бізді жұбатып қойды. Бірде Ләйла екеумізге «Красный Октябрь» деген пианино сатып әкелді. Бізге үйретсін деп бір орыс әйелін жалдады. Сосын екеумізді жетектеп музыка мектебіне апарды. Мені еркелетіп «Гугайка» дейтін. 7-класты бітіргеннен кейін фельдшерлік-акушерлік мектепке берді. Маған «дәрігер боласың, жай дәрігер емес, хирург боласың» деуші еді. Мен медицина университетін бітіргеннен кейін «ақшасы көп қой» деп инфекционист болғым келген. Бірақ облыстық денсаулық сақтау бөліміндегілер: «Бізге көз дәрігері керек», – деп, сол салаға мамандануға тура келді. Ақырында көзге ота жасайтын офтальмолог боп шыға келдім. Жолдасым Әмен Әзиев те қаламгер болғандықтан, ағамның 100 жылдығына үнсіз қала алмадық. 1997 жылы Мұхтар ағамның отбасынан Мұрат екеумізден басқа ешкім қалмады, Ләйла да, Ернар да қайтыс болып кетті. Жолдасым көмектесіп, «Мұхтар аға» және «Лик гения» деген естелік кітаптарды жарыққа шығардық. Орыс тіліндегі «Лик гения» деп қойыңдар деген Олжас Сүлейменов болатын. Мұхтар аға өзінің хатында Бақсайыстан тарайтынын, Омарханға дейінгі аралық 18 ата екенін Смағұл Сәдуақасовқа хатында жазып кетіпті. Сейітомар Саттаров кітабының тұсаукесерінде болдым. Мұхтар ағаны өсіріп жеткізген Разақ ағасы жайлы айтылмаған. Әуезхан атам мен Самархан – ағайынды кісілер. Самарханнан Разақ, Әуезханнан Омархан. Самархан атам ерте қайтыс болады да, әкем Разақ 4 жасында жетім қалады. Шешесі Мәдина да тым жас екен, ол кезде жесірді жатқа бермейді ғой. Мәдина екі баласымен Омарханның қарауына өтеді. Әкем Разақ 1885 жылғы. Ал Мұхтар ағам 1897 жылы туылған, әкемнен мүшел жас кіші. Омархан Мәдина шешемізден Біләл дейтін тағы бір ұл сүйеді. 1909 жылы Омархан атамыз қайтыс болып, қара шаңыраққа Разақ ие боп қалады. 1912 жылы Мұхтардың анасы Нұржамал дүние салғанда інісіне Разақ қамқор болады.
Мағауия (1870-1904) Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған кенже баласы. Жасында молдадан оқиды. Семейдегі Городское училищесінде екі-үш жыл оқып, науқасқа шалдығып, ауылға қайтады. Содан кейін әкесінің жанында жүріп, өздігінен білімін толықтырып, ақындыққа жақын болады. 1904 жылы 14 мамырда қайтыс болады. Ақшоқы мекеніндегі Құнанбай бейітіне жерленген. «Еңлік – Кебек», «Абылай», «Медғат – Қасым» поэмаларын жазған. Екі поэмасы да қолжазба күйінде қалған. Ал «Медғат – Қасым» поэмасының тақырыбы Африка өмірінен алынған. Сол елді мекендеген адам қауымын реалистік шындық тұрғысынан көрсетеді. «Еңлік – Кебекте» Кеңгірбай бидің бейнесін шебер көрсеткен. Екі жастың өлімінен себепкер биді кінәлайды.
Ақылбай (1861-1904) Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған ұлы. Құнанбайдың тоқалы Нұрғанымның бауырында өседі. Ғабитхан молдадан 4-5 жыл білім алады. Өсе келе әнші, домбырашы, скрипкашы болып шығады. Әуезов жинаған деректерде оның Абайға: «Егер болыс сайламасаң, Оразбай жағына шығам», – деп қиғылық салғаны да кездеседі. Ақылбай Абай шәкірттерінің ең дарындысы болады. Абай Долгополовқа Ақылбай жөнінде: «Жай ұғады, шабан қозғалады. Ұққаны мен алғанын қайтып жоғалтпайтын өнімі бар талант иесі. Тек онысын су түбіне кетіріп жүрген – жалқаулығы», – деген. Ақылбай «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррақ батыр» поэмаларын жазған. Әуезов 1923 жылы «Сана» журналының 2-3-сандарында «Зұлысті» жариялады. Ал «Дағыстанның» үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5-санында жарық көрген.Ақылбай 1904 жылы Семейде Абайдың қырқын берген күні қайтыс болады. Денесі Аралтөбедегі өз қыстауына қойылды. Абайдың кенже ұлы Мекайыл көрші Матай елінен қалыңдық айттырып, соны ұзатып әкелуге Әлмағамбет бас болып, құдалыққа аттанады. Ақылбайдың үйіне соғып: «Матайлар өнерпаз ел. Абай әндерін олар да жатқа біледі. Олар естімеген жаңа ән керек. Соны сізден қолқалай келдік. Абай атамның кенже ұлының үйлену тойына базарлық болсын», – деп өтініш білдіреді Сонда Ақылбай:
Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,
Жас дәуренді өткіздім бермей баға.
«Ақылжан» деп тұрушы ед талай қыздар,
Сұмдық шықты дейтұғын «Ақыл аға».
Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матайды алыс бірталай жер деген соң,
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң.
Өлең екі шумақтан тұрады. «Ақылбай әні» деген атпен қазақ даласына кеңінен тараған. Әлекең деп отырғаны – Абайдың әншісі Әлмағамбет Қапсалемұлы (1870-1932). «Ақылбай әні» ұмытылып кеткен соң, Әуезов Күләш Байсейітова мен Жүсіпбек Елебековті үйіне шақырып, оларға осы әнді үйреткен. Нотаға Б.Ерзакович түсірген. «Ақылбай әнін» Жәнібек Кәрменов, Жұмабек Қамбаров, Келденбай Өлмесеков орындаған.
Касира Исраилқызының сұхбатынан: Ақылбайдан Әлімқұл, Әубәкір, Исраил атты үш ұл тарайды. Әлімқұлдан Бағұфұр, Ернес, Баукен деген үш ұл болған. Үлкені Бағұфұр Разақтың інісінің қызын алған. Аштық кезінде біздің отбасымызды аман алып қалған да осы Бағұфұр ағам болатын. Балаларды киізге орап, арбаға салып тастаған. Аштық боп жатқан жерден алыстау жаққа көшкен. Сонда балаларға киізден бастарыңды шығармаңдар деп қатты ескерткен екен. Ұзақ жолда зеріккен балалар киізден сығалап қараса, жол бойы қисайып, өліп жатқан адамдар екен. Бағұфұрдан Айдар, Айдардан Данияр деген ұлдар тарайды. Данияр Ресейде оқып жүріп, орыстың қызына үйленді. Ернестен туған Айдос та Россия жақта жүр. Баукен болса 37 жасында қайтыс болған. Одан ұрпақ қалған жоқ. Әубәкірден тараған ұрпақ туралы мүлде білмейміз. Ақылбайдың үшінші ұлы – менің әкем Исраил. 1893 жылы туған. Жастайынан музыкаға жақын боп өседі. Менің шешем Кәріпжанқызы Тұрарды ағасы Әлімқұлдың шаңырағына апарып түсіреді. Сол кезде шешеміз он төрт жаста екен. 1953 жылы Ғабиден Мұстафин біздің елге келіп, жергілікті жазушы Кәмен Оразалиннің үйіне түседі. Сонда сол кісінің алдында әкем үш ішекті домбырамен, скрипкамен, мандалинамен 42 күй тартқан екен. Оның ішінде «Қос қыз», «Бұлаң жігіт», «Сарыарқа», «Кеңес», «Саймақтың сары өзені», «Дунайская волна», «Саратов» т.б. шығармалар да болған. Абайдың ұмытыла бастаған «Май түні» күйі сол жерде орындалып, жарыққа шыққан екен. Бұл күйді әкемнен Ғайса Сармурзин деген кісі үйреніп, тартып жүрді. Кейін сол ақсақалдан белгілі күйші Уәли Бекенов үйреніп, нотаға түсірді. Тұрар шешем алты құрсақ көтеріпті. Алғашқы қыздары Күләш пен Майра екі жасқа келгенде шетінеп кетіпті. Одан кейін дүниеге келген Саржан он жасқа келгенде қызылшадан көз жұмады. Одан кейін Нәзипа, Гүлзипа деген қыздары бар. Нәзипадан бала жоқ. Гүлзипадан Роза есімді бір қыз бар. Гүлзипадан кейінгі қыздары – мен 1944 жылы туғанмын. Балалық шағым Абай атамның бейітінің жанында өтті. Әкем сол бейіттің шырақшысы еді. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде үйімізге қонақ боп келген Мұхтар Әуезов: «Мына қызыңды Алматыға оқуға ала кетейін», – деп сұраған екен. Сонда әкем ұл орнына ұл боп отырған балам еді, малға кім қарайды деп жібермепті. Оқуға кеш барып, мектепті бітіргенде жасым жиырмаға шықты. Тек 1964 жылы ғана Алматыға оқуға келдім.
Әбдірахман (Әбіш) Өскенбаев (1868-1895) – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған баласы. Семей қаласындағы уездік мектепте оқып, Төмен қаласындағы Александров училищесін (1889), Санкт-Петербургтегі Михайлов артиллерия училищесін (1892) бітірген. Неміс тілін жетік білген.
Айттыру – жігіт жағының құда түспек ниеттерін білдіріп, қыздың ата-анасына, жақын туыстарына сөз салуы. Жігіт әкесі өзіне терезесі тең деп санаған үйдің қызының басының бостығын білсе, арнайы адам жібереді немесе өзі барады. Қызын көруге келген адамға қыздың шешесі: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді, қызымның басы бос» деген ниетін естіген соң ғана айттыру қамы жасалынады. Қызды айттыруға туыстарымен ақылдасқан күйеу жігіт жағы қалыңдық ауылына жөн-жосықты жақсы білетін, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға епті жаушы адам аттандырады. Ол жағымды хабар әкелсе, жігіт жағының туыстары кеңес құрып, құдалық туралы келісуге және қалыңмалдың мөлшерін білуге нақты кімді жіберу қажеттігін анықтап алады. Әдетте, оған күйеу жігіттің әкесінің өзі белгіленеді немесе өзінің атынан сенімді ақсақалды нөкерлерімен жібереді. Олар қалыңдық тұратын ауылға келген соң басқа бір үйге тоқтайды. Ертесіне келген кісілердің біреуі өздерінің келу мақсатын жеткізу үшін қалыңдықтың әкесінің үйіне барады. Егер қыз әкесі өзінің қызын беруге келіссе, онда ол оған өзінің сапарлас жолдастарын осында шақыруын айтады. Қалыңдықтың әкесі қонақтарын төрге отырғызып, әңгімелесе отырып өз қызы үшін жігіт жағынан алғысы келетін малдың санын айтады. Қалыңмалға жылқы, түйе мен ірі қара тағайындалады. 1868 жылы қабылданған «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бағынышты далалық облыстарды басқару жөніндегі Уақытша Ереже» бойынша, қазақ қыздарына өз қалауы болмаса, бұрыннан айттырылып қойған күйеу жігіттеріне шықпауға ерік берілген және 16 жасқа толмаған қызды ұзатуға тыйым салынған.
Әмен Махатұлы Әзиев (6.6.1927, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы – 6.6.2003, Алматы) – ғалым, жазушы, филология ғылымының кандидаты (1969). Қарқаралы педагогикалық училищесін (1943), ҚазҰУ-ды (1950) бітірген. 1943-1949 жылдары Қарқаралы ауданына қарасты соғыс комиссариатында қызмет істеген. 1949 жылы университетте оқи жүріп, «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, 1950-1952 жылдары Тіл және әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері, 1952-1961 жылдары "Советтік Қарағанды" газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, кейін жауапты хатшысы, ал 1961 жылы Қарағанды телестудиясының директоры, 1966-1973 жылдары Қарағанды педагогикалық институтында аға оқытушы, 1973-1982 жылдары Қарағанды политехникалық институтында доцент болып жұмыс істеген. Оның «Достық күші» деген тұңғыш әңгімесі 1957 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. 1968 жылы «Есіл ару» атты пьесасы Қарағандының облыстық драма театры сахнасында қойылды. «Өтелген өкініш», «Шапақ», «Оянған ар» повестері, «Жез таулар», «Шұғыл тапсырма», «Ұлы дала ұлағаттары» жинақтары, «Мыс ошағы», «Қазақ повесі» (Жанрдың совет дәуіріндегі туу және қалыптасу кезеңдері) кітаптары, «Медный пояс», «Жер жарасы» романдары бар.