Мұхтар ШЕРІМ.ӨЗІМДІ ІЗДЕП ЖҮРМІН...
блог
Бірде аудандық ішкі істер бөліміне арызданып келдім. Қабағым қатып, сары уайымға батып, оны-мұныны шатып, сөз бастадым:
–Жоғалып кеттім, –дедім салған жерден.
Кезекші полиция қызметкері «Кеңкелес пе мынау?» дегендей дегбірсіздене қарады.
–Кім жоғалып кетті?
–Мен.
–Ия?
–Түсінесіз бе, кеше таңертең үйден шыққанмын. Содан үйіме қайтып оралмадым. Туыстарымның іздемеген жері қалмады. Өзім де таң қаламын, жоғалып кеттім мен...
Полицейдің аузы ашылды.
–Сонда қалай? Сіз жоғалып кеттіңіз бе? –деп сұрады ол.
–Ия, адамдар үйлерінен шығып кетеді де, жоғалып жатады ғой. Тура сол сияқты... Мені іздеулеріңізді сұраймын!
–Кешіріңіз, түр– түсіңіз қандай еді? –деп сұрады анау.
–Аққұба өңді, мұрнының тесігі екеу, аузы біреу, беті жұқа, құлағы қалқайған, кіндігі тура ішінің ортасында...
–Менің кіндігім арқамда емес. Так, үстінде қандай киімдері бар еді?
–Көйлегі тозған, шалбарының ауы жыртық, туфлиінің өкшелері түсіп қалған. Кедей бейшара еді өзі... Ғылыммен айналысатын. Профессор...
Полиция қызметкері менің бетіме ұзақ қарады.
–Кешіріңіз, шынымен мына сіздің бір ноқатыңыз кем бе еді? Есіңіз ауысқан ба? Тұрсыз ғой міне! Бос әңгімені қойып, бұл жерден тайып тұрыңыз!
Күрсіндім.
–Білесіз бе, қымбатты менің жарқыным, – дедім мен оған бұрылып, есікке қарай беттеп бара жатып, –мен өзімді өмірден жоғалтып алдым. Қоғамнан жоғалтып алдым. Мені ешкім елемейді. Ал, мен қаншама жаңалықтар аштым! Елде профессорлықты, академик атақтарын сатып ала береді! Мына сіздер де жоғалып кеткенсіздер! Шынайы жұмыс жоқ сіздерде! Ақша берсе, қылмыскерді куәгер ете саласыздар... Соны айтқалы келіп едім... Мен... Мен жоғалып барамын... Мен өзімді іздеп жүрмін!