Мұхтар ШЕРІМ. ШӘМШІ ЖЫЛАҒАН ЕДІ...

Мұхтар ШЕРІМ. ШӘМШІ ЖЫЛАҒАН ЕДІ...
жеке
блог

 

Вальс королі Шәмші Қалдаяқовпен достас, таныс –біліс болғандардың өте көп екенін білемін, көзі кеткен соң, өтірік "таныс" болып, оқиғаларды ойдан шығарып жүргендердің де бар екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар?
Өз басым Шәмші аға туралы естелікті жазсам ба, жазбасам ба деп ойланып жүргенмін. Бір күні біздің үйде қонақта отырған Сая Қасымбек қарындасыма кластастарымның көзінше Шәмшінің жылағаны туралы әңгімелеп беріп едім, "Мұхтар аға, неге жазбайсыз? Тамаша естелік қой!" деп өтінді.
Ендеше, әріден бастайын. Шәмшімен 80-жылдары облыстық "Оңтүстік Қазақстан" газетіндегі "Қақпан" сын–сықақ бөлімінде қызмет істеп жүргенімде таныстым. Әсерлі, әдемі әзілдері, айызыңды қандыратын анекдоттарымен баурап алған еді. Кейде сары "Жигулиі" бұзылып қалған кезде драматург досы Бодықов екеуін Шәуілдірге ескі "жигулиіммен" апарып әкелетінмін. Бір күні қазіргі Темірлан шоссесіндегі көліктерге техникалық қызмет көрсететін станцияға кіре қалайын. Кеңес дәуірінде көліктерге қосалқы бөлшектер тек таныс–тамыр арқылы табылатын. Ішке кірсем, бір жас жігіт Шәмші ағаға зіркілдеп ұрсып тұр: "Сіз қызық адам екенсіз. Ақшаңыз жетпейтін болса, мәшинеңізді мұнда неге кіргіздіңіз? Давай төлеңіз! Біраз жерін ауыстырып бердім ғой!"– деп қоймайды. Мен Шәкеңе сәлемдесіп, әлгі жігітке: "Сен де қызықсың. Атақты Шәмші ағаны танымадың ба?Ақшасы жетпей қалыпты ғой!" деп салдым. Анау айылын жияр емес: "Болса қайтейін?"– деп тұр. Содан зырылдап отырып, өзім танитын станция бастығы Жорабаевтың кабинетіне кіріп бардым. Жағдайды айттым. Ол кісі ізетті , көпті көрген кісі емес пе, дереу хатшысы арқылы Шәмші ағаны шақыртып алды. Құшақтап көрісіп, төрге отырғызды. Шәй алдырды. Мұқтажын тыңдап болып: "Бір су жаңа мотор менен!" деп салды. Шәкеңнің сондағы қуанғаны-ай!
Тағы бірде Шәкең, жазушы ағам Тұтқабай Иманбеков, және Жазушылар одағының өкілі Серік деген жігіттің (фәміләсін ұмытыппын.) Ленинскідегі (қазіргі Қазығұрт) үйінде қонақта болдық. Түскі тамақ үстінде радиодан Шәкеңе болмашы бір атақтың берілгені туралы хабарлап жатты. Тұқаң:" Шәкеңе бұдан да жоғары атақты қимағаны ғой..." деп күрсіінді. Шәкеңе қарасам, көзінің жасын бет орамалымен сүртіп жатыр екен. Күйініштен не қуаныштан жылағанын ажырата алмай, ішім әлем–жәлем болып кетті...
Айтпақшы, Шәкең дүние салардан бір ай бұрын Шымкенттегі ауруханада емделіп жатты. Іздеп барып, "Забадамдағы" ата-анамның үйінде қонақтардың күтіп отырғанын айттым. Шәкең келісе кетті. Сол отырыста көңілді отырды. Ән шырқады. Әзілдерінің тиегін ағытты. Әкем Жұмаш марқұмды көріп, мұрнына тесіле қарады да: "Арақ ішкенсің бе?" деп сұрады. "Жоқ. Ішпейтін адаммын..." деді әкем әдейі. Негізі әкем арақты бір кісідей ішетін. "Өтірік айтпа, мұрның айтып тұр ғой шындықты!" деп бәрімізді бір күлдіргені бар. Оны айтасыз, үйде отырғанда, үш жасар балам Елжас Шәкеңнің костюмінің қалтасына ойнап отырып, бір пиялай айранды құя салған ғой! Ұялғаным–ай! Ренжитін шығар десем: "Мұхтар бала, қысылма, үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығарады емес пе? Бала ғой..." деп жымиғаны. Сөйткен Шәкең араға апталар салып, Алматыдағы ауруханада қайтыс болды. "Есігіңнің алдына тұра тұрсыншы..." деп өтініп, қалдырып кеткен сары "жигулиі" біздің үйде айлар бойы тұрды. Ыңғайсыздана бастадық. Анам: "Туысқандары қашан алып кетеді? Ұят болып жүрмесін..." деп қояды. Кешікпей бір туысы мен жоқта көлікті алып кетіпті... Ал мен күнде таңертең сары "жигулимен" іштей сөйлесетінмін, Шәкеңмен сырласқандай болатынмын...Өмір деген осылай, өтеді де кетеді...