Мұхтар ШЕРІМ. РЕЙТИНГ, РЕЙТИНГ!
блог
«Бір түрлі» телеарнасы «Бәйбіше мен тоқалдар» бағдарламасына шақырыпты. Күйеуімнің тоқалына жыным жетпіс жеті миллион болып жүрген, бара қалайын. Барғаннан жүргізуші әнші: «Апай, бағдарламаның ара–арасында күндесіңіздің шашын жұлып, қолына беріңіз!» –деп өтінді. «Ұят емес пе? Әдепсіздік болар?...» деп едім: «Басшылық айтып жатыр. Рейтинг, рейтинг! – деп қоймады. Содан тоқалдың тақылдап отырғаны жынымды келтіріп, қолынан микрофонды жұлып алдым. Ол да қарап тұрмай:
–Байыңды қызғанасың ба? Байыңның басынан бастап, кіндігіне дейін сенікі, қалған жағы менікі!–деп бет бақтырмайды. Көрермендерден ұялғаным–ай, мұны естіген балаларымның бетіне қалай қараймын? Әсіресе, фейсбук әлеуметтік желісіндегі желпініп отырған виртуалды достарым қалай ойлайды? Шыдамым шыт көйлектей шырт айырылды! Қаным басыма көтеріліп, кірпіктеріме дейін қан жүгіргендей... Бұл арнаның бүйткен рейтінгісі бар болсын! Екеумізді ұрыстырып қойеееп, шапалақ ұрып отыр ғой! Шыдамның да шегі бар емес пе? Тақылдап отырған тоқалдың жанына жетіп барып, шашын жұлып алдым! Көргенім кәдімгі бас, ал менің қолымда шаш... Шашты алдына лақтырып жіберіп едім, тоқал тапырақтап, басына қайта киіп алды. Басына не киіп келгенін енді түсінген шығарсыздар? Шыдай алмай, тағы да жетіп барып, кірпігін жұлдым! Ол да жасанды кірпік! Мұрнынан ұстай тарттым. Сөйтсем, мұрыны да жасанды мұрын екен! Өз мұрыны пұшық! Бөксесіне бір теуіп едім, өләәә, күлкіге қалды дейсің! Бөксесіне жасанды пластмас бөксе жапсырып алыпты, көйлегінің ішінен! Онысы түсіп қалып, тақтай бөксесі көзге ұрып тұрды... Менің байым мынаның қай жеріне қызығып жүр өзі? Көздері де түсіп қалды! Жасанды әйнектері... Қорқып кеттім! Қорыққанымнан студиядан тұра қаштым! Алдымнан өзін «Бір түрлі» телеарнасының директорымын» – деп таныстырып, сабыр сақтауымды өтінген жігіт ағасы шыға келіп еді, құйрығына бір тептім.
–Мұныңыз не? Әйел адам ер кісінің артынан тебе ме екен? –деді ол.
–Рейтинг, Рейтинг! –деп айқайладым мен. Әлі айқайлап жүрмін: «Рейтинг, рейтинг!»