Мұхтар ШЕРІМ. «ОБГОН» ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕДІ...

Мұхтар ШЕРІМ.  «ОБГОН» ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕДІ...
жеке
блог

Сағат сайын демей-ақ қояйын, күн сайын, апта сайын еліміздің «ажал трассаларында»  жан түршігерлік көлік апаттары болып жатады. «Пәлен жерде екі көлік соғысып, жеті адам жайрап қалыпты! Сұмдық! Обал болыпты!» деп жанашырлық танытып жатамыз да, артынша ұмытып кетеміз. «Құдай басқа салмасын! Өзімізден аулақ!» деп ішімізден дұға оқитынымыз да бар...

 Ойлап қарасақ, тәуелсіздік алғалы бері «ажал трассаларында» қаншама өмір қиылды? Қаншама ана жесір, бала жетім қалды? Қыршынынан қиылғандар қаншама? Тұла бойыңды үрей билеп, жолға шығуға қорқасың... Бірақ қу тіршілік табаныңды қышытып, жолға шығасың. Кешегі қайғылы оқиғалардан сабақ алмай, тез ұмытып, көлігіңнің жылдамдығын барынша арттырып, газды басасың келіп... Ажалға асығып бара жатқандай... Әйтеуір, асыққан адамдар!

  Қара жер тойынған емес, жасты да, жасамысты да, баланы да, шағаны да, шенунікті де, шендіні де, қарапайым шаруаны да талғамай, тағдырын талқан­дап, жол бойында жұтып жатыр, жұтып жатыр.

   Міне, күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауылына жақын маңда адам айтқысыз ірі жол апаты орын алды. Жол апатынан 14 адам ауруханаға жеткізілді. Жараланғандардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Алты адам бақилық болды. Енді апаттың салдары туралы айтайық. Ташкент тас жолы бойында келе жатқан «Форд» шағын автобусы алдында келе жатқан «Камаз» көлігін басып озбақ болғанда, (куәгерлердің айтуы) қарсы бетте келе жатқан «Тайота» көлігімен соғысқан. Ашығын айтайын, санамызға сіңіп кеткен орыс сөзі– «обгон» түбімізге жететін сияқты. Жол-көлік апаттарының бәрі дерлік «обгоннан» басталады. Асығыс тірлік ажал құштырады. Бәрінің де басып озғысы келеді. Зуылдап өте шығатындай сезінеді. Мұндай жағдайда сабырлық, алдындағы көлікті күте тұру, «асықпайын, көп болса, он минут кешігіп барамын...» деген ойлар ұмыт қалады. Қызбалық, делебе қоздыру ақыры қайғымен аяқталады. Өзі ғана емес, өзгелерді де, қарсы бетте өз жолымен келе жатқан көлік ішіндегі пенделерді де ажал тырнағына табыстай кететінін қайтерсіз? Әсіресе, жолаушылар тасымалдайтын «Газельдер» мен шағын автобустардың жүргізушілері осы «обгонға» құмар. Олардың санасында тек басып озу. Бітті. Арға жағы, адамдар тағдыры маңызды емес.

  Мына бір деректер ойландырмай қоймайды. Соңғы он жыл ішінде жол-көлік апаттары салдарынан 34 мың адам қаза тауып, 162 мыңы жазылмас жарақат алған. 34 мың тіршілік пендесі, 34 мың тағдыр, 34 мың... Қаза болған адамдардың саны Арал, Шахтинск сияқты қалаларда тұратын халықтың санымен бірдей екен. Елестетудің өзі қорқынышты, он жылда бір қала жермен –жексен болды... Тіршілік иесі жоқ меңіреу қалаға айналғандай... Осы «обгонның» кесірінен былтырдың өзінде Шымкент қаласының шетінде шағын автобус «Мерседес –спринтер» көлігімен соқтығысып, 13 жолаушы қаза болып кетті... «Басып озбақ болған «Мерседестің» жүргізушісі...

   Жол апаттары бойынша Алматы облысы бірінші орында тұр. Жыл басынан бері 1412 адам бақилық болса, соның 127-сі кәмелетке толмағандар. Екінші орынды «еншілеп» алған Оңтүстік Қазақстан облысы. Өкініштісі, көлік апаттары салдарынан белгілі тұлғаларымыздан, атақты арыстарымыздан, жұлдыздарымыздан айырылып жатырмыз. 2000 жылы халық құлай сүген әнші қызы Мәдина Ералиевадан, осы жылы Сидней олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттархановтан, 2005 жылы қарашада айтулы айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтан, 2009 жылы тележүргізуші, әнші Руслан Бөлебай мен «BR» тобының мүшесі, музыкант Бауыржан Бегімбетовтен, 2010 жылы наурыздың 4-і күні «Дос-Мұқасан» тобының әншісі Бақытжан Жұмаділовтен, 2011 жылы «Анаға хат», «Сағындым сені» атты әндерімен халыққа танымал болған әнші Ажар Түзелбекқызынан қапияда көз жазып қалсақ, 2007 жылы көрнекті сыншы Сайлаубек Жұмабеков жол апатынан қайтыс болып, өзімен бірге баласы Санжарды ала кеткен еді... 

   «Обгон» деген сөзді естісем, тұла бойым түршігеді. Біз тез ұмытып кетеміз, қорытынды жасауды қаламаймыз. Әлі талай «обгондар» жасалады... Адамдар солай, өмір солай... Қайда асығамыз, ағайын?