СМС арқылы бір келіншекпен танысып, екеуміз кафеде отырмыз.
–Сізбен тансқаныма өте қуаныштымын! Жүрегім жыртылып кетейін деп отыр...–дедім мен.
–Менің жүрегім «давно» жыртылып кетті... –деді ол.
–Кешіріңіз, жасыңыз қаншада?
–Қырықта.
–Ммм. Қырықта қылық шығарып жүр екенсіз ғой?
–Өзіңіздің жасыңыз қаншада, ағай?
–Отыз тоғызда.
–Отыздың ішінде ойран салып жүр екенсіз ғой?
–Сізбен фейсбук арқылы танысқалы бері менде маза жоқ. Мен... Мен біреуге ғашық болсам, арқам қыши береді...
Солай дегенім сол еді, келіншек орнынан тұрып, көйлегімнің сыртынан арқамды қаси бастады. Ыңғайсызданып, өтірік ыржидым.
–Қойыңыз, жұрттан ұят болады. Отырыңыз, –деп орынына әрең отырғыздым.
–Мен де біреуге ғашық болсам, өкшем қыши береді, қыши береді...
Еңкейіп, өкшесін қасығым келіп кетті. Еңкейіп барып, әрең тоқтадым.
–Кешіріңіз, апай, ой, Айпарша ханым, музыка басталды, вальс билесек қайтеді?
–Билесек, билейік.
Мен оның жуан белінен ұстап, жабыса билеп жүрміз.
–Інішек, сәл дистанция сақтап билейікші, а то ыстықтап кеттім...
–Кешіріңіз, тұрмысқа шыққансыз ба?
–Ия. Күйеуім бар.
–Менің де әйелім бар.
–Оқасы жоқ. Кешір, інішек, осы билеп жатқанымызды күйеуім көрсе ғой! Менің қадірімді білер еді! «Мына саған кім қарайды?» деп жүреді ылғи...
–Ия.. Менің де арманым сол. Осы билеп жатқанымызды әйелім көрсе ғой... Менің де қадірімді білер еді. «Месқарын саған кім қарайды? Айлығың аз, басың таз...» дейді де жүреді...
–Қалай байқамадым? Мұнда қараңыз, менің күйеуім бөтен әйелмен билеп жүр! Қуаныштымын!
–Қане? Анау ма? Ооо, құшағында менің әйелім! Жарасып қалыпты!
Билеп жүрген жұп бізге жақындады. Әйелім мәз.
–Неғып жүрсің? –деп сұрады әйелім маған қарап.
–Жәй, билей салайыншы деп. Өзің ше?
–Қадірімді білсін деп кафеге келдім.
–Табыс тілеймін. Жағдайың қалай?
–Құдайға шүкір.
–Не жаңалық?
–Күйеуім бөтен әйелмен билеп жүр.
–Ее, ондай ондай болып тұрады.
Бір кезде менің құшағымдағы апайым күйеуімен сөйлесе бастады. Жұп болып билеп жүрміз.
–Сәлеметсіз бе? –деп амандасты әйелі күйеуімен.
–Сәлеметпісіз?
–Сізді бір жерден көрген сияқтымын?
–Түнде төсекте.
–Қалмаймыз ба, өсекке?
–«Менің қадірімді білсін» деп, әдейі кафеге келдім. Мына келіншекпен.
–Тамаша! Ауысып билесек қайтеді?
–Пожалыста!
Біз ауысып биледік. Әйелім өз құшағымда, оған деген қызғанышым кез–келгенді қырқып түсердей болып тұрса да, сыр бермедім. Жәй қана жымиып:
–Қымбаттым, мен сізді үйіңізге дейін шығарып салайын? –деп сұрадым.
Әйелім жымиды. Бір түрлі ғашық болып қалдым. Қалай қадіріне жетпегенмін а? Сұлу да, ақылды екен ғой, менің жарым? Біз көшеге қолтықтасып шықтық. Бір қарасам, мен кафеге шақырған әйел де күйеуімен қолтықтасып бара жатыр. Әңгімелері жарасып... О, махаббат, сен осындай ма едің?