Қандай түлен түрткенін қайдам, мешітке барып, уағыз тыңдап қайттым да, дереу бес мыңнан 150 мың теңгеме 30 қамшы сатып алдым. Әйелімді сабап тұру үшін. Менің отыз әйелім жоқ. Бірақ әйеліме бір қамшы әсер етпейді–ау, деген оймен отыз қамшыны төргі бөлменің жоғары жағына қаз–қатар іліп жатыр едім, біреу иығымнан түртеді. Қарасым, қара қайыстай қара қатыным екен.
–Қамшылар музейін ашайын деп жатырмысың? –деп сұрады ол.
–Имам айтты, хадисте жазылған екен. Әйелдерің тыңдамаса, бір жері сынбайтындай, жыламайтындай, қымбат заттарды сұрамайтындай етіп ұрып тұрыңдар деді.
–Неге отызын алдың? Отыз әйелің бар ма не?
–Жоға. Сен мықтысың ғой, жұртқа отыз қамшымен ұрсам да, мыңқ етпейді деп мақтанбаймын ба?
–Әшейін, жұқа қағазбен мұрнымнан ұрып тұрсаң болмайды ма?
–Болмайды! Жаңалықтарды көрмейсің бе? Әйелін қызғанғандар дереу әйелдерін пышақтап өлтіреді, немесе пышақ сұғып алып, басқа байға тигізіп жібереді! Күні кеше ғана Түркістанда бір оңбаған кішкентай баласының көзінше әйелін пышақтап өлтіріпті. Сол жақсы ма саған? Одан да қамшымен ұрайын!
Содан бір күні әйелімнің тілі сыртқа шығып кетті. Сала құлаш болып. Дереу қамшының бірін алдым да:
–Тоңқай! –дедім.
–Неменеге тоңқаяды екенмін?
–Арқаңнан таспа тілемін!
–Осылай қақиып тұра беремін...
Әйелімнің арқасынан сегіз өрім қамшымен салеп–салеп жіберіп едім, даңғұр–дұңғыр деген дыбыс шықты. Сөйтсем, әйелім желеткісінің ішінен арқаксына алюминді қаңылтыр байлап алыпты! Қашып кетті. Тілін шығарып, мазақтап. Қамшының қадірі қалмаған екен–ау? Баяғыда ата–бабаларым әйелдеріне зілді көзімен бір қарағаннан–ақ, жалпасынан түсіретін. Қазір көзіңді бақырайтып, бетіне бетіңді тигізіп қарасаң бар ғой, өзіңмен сүйісе кетеді. Содан, тағы бір күні әйелімнің тілі шықты. Сала құлаш. Қолыма төрт қамшыны қосақтай алдым.
–Тоңқай, қатын! –дедім мен.
–Өзің тоңқай!
–Тоңқай деймін!
Ұрып жатырмын, ұрып жатырмын. Әйелім мыңқ етпейді. Ыржалақтап тұр. Сөйтсем, қамшының сегіз өрімін түбінен қырқып, әшейін ұзын шүберек байлап қойыпты. Қайран, қадірі кеткен қамшыларым! Қайыстан өріп, өзім жасап алдым қамшыны. Әйеліме сөзім де, көзім де өтпейтінін сездім ішімнен. Әйел–доп. Ұрған сайын секіреді. Тағы бірде тілі аузынан шығып кетті. Салаңдап. Қамшыны алып:
–Тоңқай, қатын! –деп едім, қолымнан қамшымды жұлып алған ол:
–Тоңқайсаң, тоңқай байым! –деді. Қарап тұрмай ұрып жатыр, ұрып жатыр, ее, еркектер, қайтейін енді, әйелім мұртымды скальппен біртіндеп жұлып жатыр, жұлып жатыр...